Тұлға

Қажымас қайрат иесі еді…

   Осыдан бір ғасыр бұрын 1970-1984 жылдар аралығында ҚазақСРО Министрлер Кеңесін басқарған көрнекті мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Байкен ӘШІМОВ өмірге келген еді.

Кейіпкеріміз тоқсан жасына орай жарыққа шығарған «Ел сенімі – ең қымбаттың» атты естелік-кітабында «Мен 1917 жылдың тамыз айында мал баққан жартылай көшпелі қазақ ауылында орташа ғана ауқаты бар Жақып баласы Әшім деген кісінің отбасында дүниеге келіппін. Тамыз айы қазақ ауылының хан жайлауда малын күйлендіріп, маңайдағы ағайын-туғанмен аралас-құралас болып, сауық-сайранды күн кешетін бір алаңсыз кезеңі болса керек. Мен алты айға толар-толмаста ат құлағында ойнап жүрген жігіт – менің әкем кенеттен қайтыс болыпты. Жыл толып, ас берілгеннен кейін, жөргегінде баласы бар жас әйелді ауыл адамдары әмеңгерлік жолмен әкемнің туған інісі Қабдолла деген жігітке қосса керек. Мен ес білгенде біздің үйдің иесі сол Қабдолла ағай еді», – деп еске алады.

1928-1930 жылдардағы жаппай ұжымдастыру – қазақ даласын шарпыған аштыққа негіз болмай қоймады. Бұл – тарихтан да белгілі жайт. Бастауыш сынып білімі бар Байкен Әшімов аштықтан қашып, он бес жасқа толған шағында ата-анасының батасын алып, Шабақбай елді мекенінен 150 шақырымда орналасқан Көкшетау қаласына жаяу аттанады. Мұндағы мақсаты – Көкшетау балалар үйінің директоры, туысқан ағасы Есбай Сүлейменовтің көмегін алу еді. Дегенмен, ағасы оған Петропавл қаласындағы жерлесі Әбуләйс Жұмабаевқа баруға кеңес береді. Сөйтіп, жерлесі оны Петропавлдағы фабрикалық-зауыт училищесіне орналастырады. Аталған оқу орны шәкірттерін жатақханамен, карточка бойынша күнінен 800 грамм нанмен, тәулігіне бір мәрте ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Сол жылдарда бұл – айтарлықтай жақсы жағдай еді. Кейіпкеріміз мұнда күніне екі сағат тәлім алып, төрт сағат паровоз депосында еңбек етеді. Үш жылдан кейін слесарь мамандығын алып шыққан соң, оқуға деген құштарлығы оны Солтүстік-Қазақстан облысындағы Ленин атындағы ауыл шаруашылық техникумына алып келді. Ал, 1938 жылы аудандық комсомол комитетіне білім бөлімінің нұсқаушысы ретінде шақырылады. Техникумды агроном-диқаншы мамандығы бойынша сырттай оқып бітіреді. Сол 1938 жылы Киев айрықша әскери округіне отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, Батыс Украйна мен Батыс Беларусияның КСРО құрамына енуі кезінде азаттық жорығына қатысады. 1941 жылы 18 маусымда Көкшетау облысының Айыртау ауданына қарасты Перелом колхозында тұрып жатқан ата-анасының шаңырағына аман-есен қайтып оралды. Алайда, арада төрт күн өтісімен, Ұлы Отан соғысы басталған еді. 1941-1942 жылдары әкеміз аталған аудандағы Казгородской орта мектебінде ұстаздық етіп, 1942 жылы қайтадан әскер қатарына шақырылады. Ұрысқа аттанар алдында Харьковтағы әскери-саяси училищеде білім алады. Сөйтіп, 1942 жылы қарашада Солтүстік-Батыс майданына табан тіреп, саяси бөлім жөніндегі рота командирінің орынбасары лауазымына ие болады. Оқ бораған ұрыс даласында кейіпкеріміз ауыр жарақат алып, Новосибрскідегі госпитальде он ай емделеді. 1945 жылы Кеңес әскері қатарынан босатылып, мүгедектігіне байланысты жауынгерлік есептен алынады. «Казахстанская правда» газетіне берген бір сұхбатында ардагер «Қазақ солдаты атына кір келтірмедім деп ойлаймын. Жанымды да, қанымды да аяған емеспін», деді ол. Қаһарман ұлдың ерлігі ескеріліп, «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте 1 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», Варшава қаласын азат етуге қатысқаны үшін Польша мемлекетіндегі жауынгерлік айбынның ең жоғары белгісі «Вертути Милитари» сынды ордендермен, «Әскери еңбегі үшін» медалімен, Жоғары Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Соғыстан кейінгі жүдеп-жадаған елді аяққа тұрғызу уағында әкеміз 16 жыл көлемінде (1945-1961 жылдар) Көкшетау облысында түрлі қызметтер атқарды. Атап айтсақ, жауапты хатшы, Айыртау аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Зеренді ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары, бірінші орынбасары, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан компартиясы Көкшетау облысы партия комитетінің екінші хатшысы болды. Тың және тыңайған жерлерді игеру, жаңа совхоздар құру, оны орнықтыру жұмыстарымен тікелей айналысты. Бұл облыс – Қазақстандағы тың игерілген ең ірі үш облыстың бірі болатын. Облыс совхоздары 3 млн.-нан гектардан астам жер жыртып, игерді. Соғыстан кейінгі жылдары кейіпкеріміз Ленинград қаласындағы қолданбалы зоология және фитопотология институтында білім алып, өсімдіктерді қорғау бойынша жоғары білікті агроном мамандығын алып шықты. КОКП ОК-дегі жоғары партия мектебінде сырттай тәлім алды.

Сөйтіп, 1961 жылы Қазақстан ОК және КОКП ОК шешімімен Қарағанды облысына жіберілді. Мұнда ол облыстық атқару комитетінің төрағасы ретінде бес жыл, облыстық партия комитетінде Бірінші хатшы болып екі жыл қызмет атқарды. Көмір бассейні, қара және түрлі-түсті металлургия алпауыттары, энергетика және машина жасау кәсіпорындары, химиялық, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, кең көлемді күрделі құрылыс жұмыстары бар Қарағанды облысы – Қазақстан экономикасында қашан да жетекші орын алатын. Бұл жерде ғылыми-зерттеу мекемелері, білікті кадрлар, ғылыми және ғылыми-техникалық зиялы қауым өкілдері еңбек ететін жоғары оқу орындары ірге тепкен. Бұл ретте кейіпкеріміздің Қарағанды облысының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесін айтпай кетуге болмас. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жылдары Қарағандыда күрделі құрылы жұмыстары қолға алынып жатқан еді. Тұрғын үйлер, оқу орындары, мәдениет, сауда ғимараттары бой көтерді. Қабырғасы қаусаған үйлерде, барақтарда тұрып жатқан кеншілер отбасын жаңадан салынған сәнді пәтерлерге көшіру жұмысы жүргізілді. Осыған орай, облыс орталығындағы Оңтүстік-Шығыс ауданында тұрғынүйлер тұрғызылды. Қазіргі таңда қала халқы көптеп қоныстанып, жоғары оқу орындар, мәдениет, спорт, рухани-діни нысандар бой тіктеген қаланың бұл бөлігі – ерекше ажарлы. Оны негізі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Байкен Әшімовтің тікелей басшылығымен салынғанын қарағандылықтар айрықша құрметпен еске алады. Кейіпкеріміз, өңірдің әлеуметтік өмірінен бөлек, металлургия, көмір, ауыз су мәселесін де барынша назарда ұстай білді. Ол қызмет еткен жылдар Ертіс-Қарағанды каналы тартылып, Қарағанды-теміртау өнеркәсіп торабын сумен қамтамасыз ету мәселесіне нүкте қойылды.

Кейін 1968-1970 жылдар аралығында Талдықорған облыстық партия комитетінің Бірінші хатшысы болып еңбек етті. Бұл кезде аталған өңір Алматы облысынан бөлініп, жеке аймақ ретінде қалыптасып жатқан еді. Қысқа мерзім аралығында Талдықорған қаласында жаңа облыс орталығын құру, облыстық мекемелерге арнап қызметтік ғимарат, жұмысшыларға тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық нысандар тұрғызуға тура келді. Өндірістік орындар, ауыл шаруашылығы, комбинаттар мен зауыттар қызметі жүйелі жолға қойылды. Бұдан өзге де ауқымды жұмыстар атқарылды. Міне, осы істердің басы қасында болған бірден-бір азамат – Байкен Әшімов еді.

«Еңбек жолымдағы ерекше орын алатын жылдар – республика Басшылығы кезіндегі атқарған қызметім. 1970 жылы ҚазақСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, бұл қызметте 1984 жылға дейін болдым. Қарап тұрсам, тура он төрт жыл екен. Бұл – көпсалалы индустрияның, механизацияланған ауыл шаруашылығының, күрделі құрылыс жұмыстарының, өндірістік мақсаттағы нысандардың, тұрғын үйдің, мәдени-тұрмыстық және коммуналдық мақсаттағы нысандардың, қала мен ауылдық елді мекендерді абаттандырудың жоғары екпінмен алға басқан кезі еді» деп еске алады бір сөзінде Байкен Әшімов. Бұл қызметімен бірге, 1984 жылдың наурызы мен 1985 жылдың қыркүйегі аралығында КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары лауазымын қатар атқарды. Өз кезегінде кейіпкеріміз Жоғары Кеңестің тұрақты депутаттар комиссиясы қызметін жеделдетіп, нәтижесінде, өндіріс жоспарының орындалуы, салынып жатқан мектептер мен мектепке дейінгі білім беру нысандарының қолданысқа берілуі тездетілді.

Бірнеше мәрте КСРО, ҚазақСРО Жоғары Кеңесі депутаты, КОКП ОК мүшесі, КСРО Үкімет құрамы мүшесі болған Байкен Әшімовтің еңбек жолы талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Ел алдындағы еселі еңбегі ескеріліп, үкімет тарапынан берілген көптеген сый-сыяпаттардың иеленді. Ең бастысы, ардақты жар, аяулы әке болған тау тұлға қазақ халқының маңдайына біткен бағы еді ғой, шіркін.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button