Жаңалықтар

Қажеттіліктен туған қадам

Латын әліпбиі туралы мәселені Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде, одан кейін 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көтерген болатын. Енді, міне, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында толғағы жеткен мәселені көтеріп қана қоймай, жүзеге асыру үшін нақты тапсырма беріп отыр.

Латын әліпбиіне көшу – қажеттілік. Неге дейсіз ғой? Осы орайда, белгілі тілші-ғалым Әлімхан Жүнісбектің мына пікіріне құлақ аспасқа болмайды. Ғалым: «…ешбір мемлекет, ешбір ғылыми жұртшылық әліпби санының (құрамының) көптігін айтып мақтанбайды. Әріп саны көп болды деген сөз – ол тілдің әліпбиінде бір кемшілік бар деген сөз. Әріп саны неғұрлым кем болса, ол солғұрлым жетілген әліпби болып саналады», – дейді. Қазақ әліпбиіндегі таңбаның көптігі сөйлеу тілінде қиындық келтірмегенімен, жазу тілінде, жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруда үлкен мәселе тудырады. Өйткені қазіргі әліпбиде біздің тілімізде дыбыстық қызметі жоқ, жай ғана таңба ретінде белгіленіп қана тұрған әріптер бар. Сондықтан, латынға көшкен жағдайда әліпбиді жүйелеп алуға мүмкіндік туады.

Жаңа әліпбиге көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуіне жол ашады. Жалғыз ағылшын тілі ғана емес, Еуропадағы халықаралық мәртебеге ие болған тілдердің негізінде латын әліпбиі жатыр. Қазіргі ғылым мен технология дамып жатқан заманда латын әліпбиіне көшу арқылы біздің ұтарымыз көп. Бұл дегеніңіз – ғылыми әдебиеттің басым көпшілігінің, интернеттің, электрондық поштаның тілі. Керек десеңіз, тәуелсіздік алғаннан бері жеке бас куәлігі мен төлқұжатта аты-жөніміз осы әліпбимен жазылған.

Бұл әліпбидің қолданылмайтын саласы жоқ сияқты. Аталмыш жүйеге көшкенде жалғыз Еуропа ғана емес, саны жағынан басымдыққа ие болып отырған түркі тектес бауырластарымыз да латынды қолданып отырғандықтан, ел мен елдің, мемлекет пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас нығаяды.

Енді бір мәселе бар. Әліпбиді ауыстырғанда әліпбиді жазып, оқып үйрену үдерісі қаншаға созылмақ? Кезінде университетте оқып жүргенімізде филолог-мамандарға бір семестрлік (24 сағаттық қана) араб, латын әліпбиін үйрететін курстар өткізілетін. Үйрен деді: жазып та үйрендік, оқып та үйрендік. Айтпағым, әліпбиді үйреніп, меңгеріп кету соншалықты қиын емес. Бәрі дағдыға байланысты. Оның үстіне қажеттілік болған соң, жаңа әліпбиді үйрену дағдысы жылдам қалыптасуға тиіс. Елдің болашағын ойласақ, жастардың болашағын ойласақ, қазақ тілінің болашағын ойласақ, жаңа әліпбиді қабылдауға құлшына кіріскеніміз абзал.

Жұпар ЖАҚАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button