Қажетті қаржы қарастырылды

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВТІҢ төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXVI сессиясы өтті. Ел аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты онлайн режимінде ұйымдастырылған сессия жұмысына облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыстық қаржы, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары қатысты.

Кезектен тыс сессияның күн тәртібіне Қарағанды облыстық мәслихатының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы XXXIV сессиясының «2020- 2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №475 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қойылып, қарастырылды.

Облыстық мәслихаттың депутаттар корпусының назарына 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің нақтыланған жобасы ұсынылды. Соған орай, қалыптасқан ахуал аясындағы міндеттер мен талаптарды мүлтіксіз орындау мақсатында облыстық бюджетте бірнеше салалық бағыттар бойынша қосымша қаржы бөлу жайы егжей-тегжейлі талқыға түсті.

 Депутаттар тарапынан толығымен қолдау тапқан шешімге сәйкес, тиісті қаражат көлемі инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелер үшін жеке қорғану құралдарын және медициналық жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаның өсуі- не жол бермеу үшін тұрақтандыру қорын ұлғайтуға бағытталатын болады.

Бұдан бөлек, нақтыланған облыстық бюджетте кейінге қалдыруға болмайтын, шұғыл шешімді талап ететін жоспарланған және күтпеген шығындарды қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органның резервін толықтыру мақсатындағы қаражат көзделген.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өз сөзінде шектеу шараларын одан әрі бұлжытпай сақтау және күнделікті іс-әрекет барысында тиісті мамандардың ұсынымдарына құлақ түру қажет екендігін айрықша атап өтті.

Қазіргі таңда облыс аумағында атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы дерлік талап деңгейінде жүргізіліп жатыр. Қатерлі вирустың таралуына тосқауыл қоюға қажетті алдын алу шаралары қолданылу үстінде, жағдай тұрақты әрі қатаң бақылауға алынған.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ