Азаттықтың алтын қазығы

Әлихан Бөкейхан туралы бүгінде бірнеше том-том болып еңбектер жазылып, жүздеп мақалалар жариялануда және жазыла бермек. Ол тез өзгеріп жатқан заманда өмір сүріп қандай билік келсе де, олардың тарапынан қолдау таппаған жан. Алайда, ол XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы өз елі үшiн басын құрбан қылған аса ерекше тұлға, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің тұңғыш төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. Оның арғы атасы Шыңғыс ханның ұрпағы әйгілі Барақ сұлтан ақтабан-шұбырынды заманында ешкімге де бас имеген тұлға.

XІX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында демократиялық азаттық бағыттағы қоғамдық қозғалыс өрістеді. Оның көш басында Ресей оқу орындарында оқыған ұлт зиялылары тұрғаны белгілі. Зерттеушілер Ғ.Ахмедов, В.Григорьев М.Қойгелдінің мәліметтеріне сүйенсек, төңкеріске дейін 700­-дей қазақ жастары Петербург, Мәскеу, Қазан, Киев, Саратов, Воронеж, Томск, Омбы сияқты ірі қалаларда оқып білім алған. Көрнекті мемлекет қайраткері, математика профессоры, «Алаш» қозғалысына қатысушы Әлімхан Ермековтің деректеріне қарағанда, Ә.Бөкейхан Ленинмен бірге Санкт-Петербург университетінің заң факультетін өз бетінше бітірген, бірнеше шетел тілін білген, сөйтіп жиырма төрт жасында жоғары білімі жөніндегі екі дипломға (бірі – Орман институты) ие болған, керемет білімді жас. Санкт-Петербургтағы марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан. Ал Ресейлік ғалым Б.Николаевский, сонымен бірге, кейбір қазақстандық ғалымдар мысалы М.Базарбаев, С.Аққұлы оның массондық ұйымға қатысы барын жазады. Филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлы қазақ және орыс тіліндегі 7 томдық жинағында Әлихан Бөкейханның өмірінен өте құнды деректер береді.

Әлихан Бөкейхан институтты бітіргеннен кейін Омбыға барады. Онда орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасты. Солшыл бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласып, оның редакция алқасы құрамына енді.

1894-1926 жылдар аралығында ол төрт түрлі ғылыми-зерттеу экспедициясының жұмысына қатысқан: «Тобыл» экспедициясы; В.Щербинаның жетекшілігімен жасалған экспедициялар; С.Швецов басқарған статистика-экономикалық экспедиция; сондай-ақ (1926 жылы) ССРО Ғылым академиясының антропологиялық экспедициясы.

Әлихан Бөкейхан академиктер С.Швецов, С.Ольденбург, А.Ферсман, С.Руденко, С.Баранов секілді көптеген көрнекті ғалымдармен достық қарым-қатынаста болған.

1896-1903 жылдары Щербина, кейін С.Швецовтың экспедициясы жұмыстарына қатысты. Оның ойы бойынша, экспедиция жұмысына қатысу сол тарихи кезеңде халқы үшін ең зәру мәселеге айналған – жер қатынастарын тереңінен түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және отарлық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады. Әсіресе, Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей уездері мен Ақмола облысының Омбы уезінде жүргізген жұмыстарына тікелей қатысып, алуан түрлі деректі материалдар жинастырды. Экспедиция жұмыстары біткеннен кейін, жиналған бай материалдарды іріктеп, өңдеп, ғылыми қорытындысын жасады. Экспедиция қорытындылары 1903-1905 жылдары жалпы көлемі 13 том болып жарыққа шықты. Экспедиция қатарындағы атқарған жұмысы оның жан-жақты дайындығын, терең білімін аңғартты. Щербина экспедициясынан кейін ол 1903 жылы С.Швецов бастаған Сібір темір жол бойында орналасқан Челябі мен Томбы қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясына ат салысты. Экспедиция жүктеген міндетке сай, қазақтың қой шаруашылығының жағдайын зерттеді. Қазақтардың қой тұқымдарын, шаруашылықтарын түгел қамтып, бір-бірімен салыстыра отырып сүбелі еңбек жазып шықты. Бұл еңбек экспедицияның басқа материалдарымен бірге «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги» деген 3 бөлімнен тұратын кітап болып, 1904 жылы Томск қаласында басылып шықты. Осы жылдары Бөкейхан Ресей императорлық география қоғамының қызметіне қызу араласып, 1896 жылы Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі, ал 1901 жылы оның басқару комитетіне сайланды. Алғашқы тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашқы еңбегі 1903 ж. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көп томды альманахтың 17-томына еніп, Санкт-Петербургте жарық көрді. Шығармада қазақ өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихы көрініс тапқан.

Бүгінде Ә.Бөкейханды біздер қазақтың тұңғыш энциклопедисі деуімізге үлкен негіз бар. ХХ ғасыр басында неміс Ф.Брокгауз бен орыс И.Ефрон секілді баспагерлер көптомдық «Жаңа энциклопедиялық сөздігін» шығарып тұрған. Ә.Бөкейхан осы баспа арқылы қазақ өлкесі жайлы «сөздікті» әзірлеуге қатысты «Сөздікке» енген қазақтын тарихы, қазақтың хандықтары, Бөкей ордасы жайында (8 том, 447-452 беттер) және тағы басқа да материалдарды әзірледі. Энциклопедиялық сөздікті баспаға дайындаған қызметкерлердің тізімінде Ә.Бөкейханның аты 4 томнан 21 томына дейін көрсетілген екен.

Қазақ зиялыларының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне 1905 жылғы орыс төңкерісі ерекше ықпал етті. Студенттік және омбылық өмірінің алғашқы кезеңінде маркстік бағытта тұрған Бөкейханның саяси көзқарасы өзгерді. Ол қазақ даласын отарлау саясатына белсене кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге, орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күштерге сүйенуді алға тартты. Атақты Қоянды жәрмеңкесінде, 1905 жылы маусым айының 26 жұлдызында ол А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Бекметов сияқты оқыған қазақ зиялыларымен патша өкіметінің атына империяның отарлық, орыстандыру саясатынан зардап шеккен қазақ халқының тілек-талаптарын білдіру мақсатында Санкт-Петербургке петиция жолдады.

Петицияда қазақ жерінде адам құқығы аяққа тапталып, заңсыздық пен бассыздықтың шегіне шыққан орыс чиновниктерінің озбырлық әрекеттері көрсетіліп, болашақта келісімге келу арқылы қазақ даласындағы саяси және ұлт мәселелерін шиеленістірмей шешудің шаралары белгіленген еді. Атап айтсақ, талаптарға мына мәселелер енді: дінге қысым жасамау, қазақша мектептер ашу, Орталық Ресейден қоныс аударушыларды тоқтату, «Даланы басқару Ережесіне» өзгертулер енгізу, мекемелерде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ депутаттарының сайлануы сияқты мәселелер қойылды

1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап тіл, сайлау, дін, т.б. бостандық мәселесін көтерді. Ол осы жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 жылы оның ОК-інің құрамына енді. Осы партияның Қазақстанда бөлімшесін ашуға ынталы болып, 1906 жылы маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде Бөкейхан «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі. Бөкейхан І мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. Бірақ, ол І мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені, Бөкейхан Дума өз жұмысын бастаған кезде Дала генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Кереку, Омбы абақтысында отырды. Ал, абақтыдан шығып Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Бөкейхан да солардың атынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды.

1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 ж. Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 жылдары Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. 1912-1917 жылдары кадеттер партиясы ОК-нің мүшесі болды. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейхан зор еңбек сіңірді. Сонымен бірге, сол жылдары оның «Киргизы» деген еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақта 1910 жылы Петербургте басылып шықты. Бұл еңбек қазақ халқының отаршылдық саясатқа деген көзқарасын, ұлт-азаттық күресінің бағытын, мақсат-мүддесін ашып көрсеткен. Бөкейхан қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму заңдылықтарын да терең зерттеген. Бұған оның әр жылдары Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қараған Семей бөлімшесінің басылымдарында жарияланған «Из переписки (писем) киргизских ханов, султанов», «Из переписки хана Средней киргизской орды Букея и его потомков» және «Из бумаг султана Большой киргизской орды Сюка Аблайханова» атты ғылыми жарияланымдары куә бола алады.

Әлихан назарынан Кенесары Қасымұлы бастаған Ұлт-азаттық көтерілісі де тыс қалмаған. Ол бұл тақырыпты кейін 1923 жылы да жалғастырғаны белгілі. Ташкентте «Материалы к истории султана К.Касымова» атты кітапшасы шыққан

Бөкейхан халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық әдебиеттің өркендеуі мүмкін емес деп түсінген. Ол сол жылдары ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. Сондай-ақ, Бөкейхан тұңғыш абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы деп түсініп, қалыптасып келе жатқан жаңа ұлттық әдебиеттің бастамасы деп бағалады. Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға ат салысты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, 1909 жылы Петербургте басылып шығуына қол ұшын берді. 1914 жылы маусымда Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросына тұрақты мүше болды.

Бірінші дүниежүзілік соғысы жылдары майданның қара жұмысына алынған қазақ, қырғыз, өзбек т.б. шығыс елдері азаматтарына қажетті түрлі көмек көрсету ісіне басшылық жасады. Осы мақсатта 1917 жылы 15 ақпанда Минскідегі земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін Бөкейхан атқарды.

1917 жылы, 20 наурызда Уақытша үкіметтің Торғай облысы комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Бөкейхан ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыс басшысы дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ болатын. Ұлттық мемлекет құру – Бөкейханның түпкі мақсаты болды. Ол Уақытша үкіметке, сондай-ақ, кадет партиясына үлкен үмітпен қарады. Бірақ, оның бұл үмітінің негізсіз екендігін көп ұзамай уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл Бөкейханның кадет партиясынан шығуына алып келді. Оның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде І жалпықазақ съезі өткізілді, сондай-ақ, «Алаш» партиясы құрылды. Бөкейхан 1917 жылдың күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдарын қарастырды. Г.Потанин бастаған Сібір автономияшыларымен қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ, бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленісе түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екіталай еді. Міне, осындай жағдайда Бөкейхан мен Байтұрсынов бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысы мен ұйымдастыруы бойынша 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған 2-ші жалпы қазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе – ееңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Бөкейхан жасады. Съезд қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ә.Бөкейхан сайланды. Азамат соғысы басталып кеткеннен кейінгі кезеңде Бөкейхан бастаған Алашорда өкіметі кеңес билігіне қарсы күресіп, ақ казактар мен патша генералдарының жағында болды. Большевиктер партиясы ұсынған бағдарламаны қазақ қоғамын үлкен апатқа ұрындыруы мүмкін эксперимент есебінде бағалап, ал қазақ коммунистерін орталық биліктің қол шоқпары ретінде айыптады. 1918-1919 жылдары Алашорда жасақтары қызыл әскерге қарсы шайқастарға қатысты, кеңес билігін қолдаған қазақтарды жазалады.

Кеңес өкіметі 1919-1920 жылдары Алаш қозғалысына қатысқандарға жариялаған кешірімнен кейінгі уақытта да Бөкейхан өз принципіне сенімді күйде қалды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. 1920 жылы Қазақ АКСР егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, 1922 жылы Ұлттар істері жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның, 1926-1927 жылдары Ресей ҒА-ның ғылыми қызметкері болды. Осы жылдары оның қаламынан шыққан мақалалар Санкт-Петербургтің «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» секілді басылымдарынан жиі көрініп тұрды.

Әлихан Бөкейханның газет-журналдардағы көп мақалалары лақап атпен берілген. «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз-Степняк», «К.Степняк», «Туземец», «Арысұлы», «А.Б.», «Қ.Б.», «Ғ.Б.» деп қол қойып отырған

Өкінішке орай, Сталин басқарған жоғары билік төңкеріске дейінгі қазақ зиялыларына, оның ішінде Бөкейханға сенімсіздік танытты, қоғамдық қызметін теріс бағалап, шектеп отырды. Кеңес билігінің қуғын-сүргініне ұшыраған Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылы Мәскеуде өтті, арнаулы жазалаушы ұйымдардың жіті бақылауында болды.

1925 жылы Қазақстандағы саяси билікке Ф.Голощекин келгеннен кейін жүргізген оның қоныс аударушыларға кең жол ашу саясатына жол бермеу үшін қазақ қожалықтарына қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО ҒА жанынан профессор С.П.Швецов бастаған экспедицияны құру ісіне белсене араласып, оның құрамына өзі де енеді. Қазақстанда қоныс аударушыларға жарарлық артық жер жоқ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеп берген бұл комиссияның жасаған тұжырымдары мен ұсыныстары Ф.Голощекинге және орталық мекемелерге ұнай қойған жақ. Бөкейханды 1926 жылы Мәскеуден бақылаушы орындардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін ОГПУ қызметкерлері Ақтөбеде тұтқынға алады да, кейін қайтарып, Бутырка абақтысына жабады. Бірақ оны 15 күннен соң шығарып жіберуге мәжбүр болады. Келесі 1927 жылы Одақтың Егіншілік комиссариатында ол Швецов ұсынған жер нормасын қорғап сөз сөйлеп, отаршыл пиғылдағы шенеуніктерді әшкерелеп, сынға алды. Бөкейхан 1927 жылдың 1-қазанынан бастап Мәскеуде, ОГПУ орындарының бақылауы астында тұруға тиіс болды. Үкімет орындарының, жеке адамдардың оны Қазақстанда тұрып, қызмет істеуіне рұқсат сұрап орталыққа жасаған өтініштерінен нәтиже шықпады. 1928-1930 жылдарда екі мәрте Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері тұтқынға алынып, сотталғанда, ОГПУ орындары Бөкейханды бір-ақ рет шақырып түсінік алумен шектелді. ОГПУ орындарының оны ол жылдары қамауға алмауы олардың қоғамдық пікір алдында өз істерін тым айғақтап алудан қаймығуынан деп түсінген дұрыс.

1927 жылдың 1-қазанынан 1937 жылдың шілдесіне дейінгі уақытта Бөкейхан барлық қызметтен «штаттың қысқаруы» деген сылтаумен босатылып, Мәскеуде бақылаушы орындардың қатаң бақылауымен кезінде граф Шереметьев тұрған үйде тұрып жатты. 1937 жылы шілдеде тұтқындалып, 27-қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді. Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейхан ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ, мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеді. Халқын отаршылдықтың құлдық қамытынан босату үшін күрескен өз заманының аса білімді де білгір, парасатты, терең ойлы, ірі қайраткері, Шығыстың шын мәніндегі ұлы тұлғасы 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ, КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 жылы 14-мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп толық ақтады.

Кезінде Сұлтан Хан Аққұлы «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 145 жыл толуына арналған мақаласында Смахан төренің естеліктерін келтіріп Әлиханның «туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді» деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратыны жайында жазады.

Алайда, Әлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Тек таяуда ғана Алаш көсемінің күйеу баласы, 1920 жылдардағы ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі Мәскеуден Астанаға әкелінді. Бірақ, әлі күнге дейін оны қайда жерлеу мәселесі шешілмей отыр.

Сонымен, Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметінің маңызды кезеңдерін ескере отырып, ресми мемлекеттік органдардың және шығармашылық интеллигенцияның назарына 2016 жылы аса назар аудара атқаратын төмендегідей ұсыныстарымызды білдіреміз.

Қазақтың зиялылары жайлы деректі фильмдерді, Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарының жинақтарын шығара беруді жалғастыру, Әлихан Бөкейханды жете тану үшін әр түрлі шаралардың ішінде республикалық, аймақтық ғылыми – тәжірибелік конференцияларды жер-жерлерде ұйымдастыру, сондай-ақ, Әлихан Бөкейханның шығармаларын толықтырып, тұлғалық энциклопедияны шығаруды ойластыру.

Қазақстандағы жоғары оқу орындардың біріне Ә.Бөкейхан есімін беру, гуманитарлық бағытта оқитын суденттерге арналған «Алаш қозғалысы» атты элективті курсты енгізу,

Әлихан бабамыздың атымен әр-түрлі салада білім алып жатқан студенттер немесе еңбек жасап жатқан жастар үшін (оның көп жақты тұлға болғанын ескеріп) оның есімімен аталатын стипендиялар тағайындау.

Әлихан Бөкейхан тұрған, қызмет еткен жерлерге ескерткіш тақталар, мүсіндерін орнату;

Облыс орталықтарында үлкен көшелерге және кіші қалалар мен елді мекендерде Әлихан Бөкейханға арналған ескерткіштер орнату, көшелерге атын беру.

Сонымен қатар, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы ұсынғандай, Ә.Бөкейханның бейнесі бар монеталар шығаруды Ұлттық банкке тапсыру.

Жыл соңына дейін, тіпті, одан ағы уақыттар да Қарағанды қаласында және көсем туып өскен орта Ақтоғай, алғашқы саяси жұмыстармен араласқан Қарақаралы аудан орталықтарында облыстық және аудандық әкімдіктерімен, ғылыми және қоғамдық мекемелермен бірлесіп Әлихан Бөкейхан тарихына қатысты жерлерге экспедициялар және арнаулы іс-шаралар ұйымдастыру.

Барлық оқу орындарында, мұрағаттар мен кітапханаларда «Әлихан тағылымдары» тақырыбына бұқаралық лекциялар, сабақтар, дәрістер, «дөңгелек үстелдер», көрмелер т.б. шаралар өткізу.

Бұл жұмыстар елімізге белгілі жеке тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеуге және болашақ тарих ғылымында «Әлихантану» деген бағыттың берік орнығуына, еліміздің рухани өркендеуіне ықпал етіп, жол ашар еді.

Бұл ұсыныстардың барлығы көпшілік халық арасынан қолдау табары сөзсіз, тек ұйымдастырушылар мен жоғары билік тарапынан батыл талпыныс пен нақтылы істер қажет. Өйткені, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойланайын деп жатқанда енді бұғып қалу, үнсіздік білдіру, мейлі ол мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекеме болсын, мейлі, ол әр түрлі саладағы оқу орындары болсын ардақты да, қасиетті іс.

Бұл – бүкіл Алаш елінің руханияты мен мәдениетінің асқақтаған тойы.

Қанат ӨСКЕМБАЕВ,

тарих ғылымдарының

кандидаты, доцент.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.