Азаттық рухын асқақтатқан

Биыл азаттық рухын асқақтатқан ақиық ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының төрағасы, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Олжас СүлейменовтІң туғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай, №4 кітапхана филиалының қызметкерлері теміржолшылар мәдениет сарайының қызметкерлерімен біріге отырып «Сенде Ұлы поэзия бар, Отаным менің!» атты поэзия кешін өткізді. 

Кештің құрметті қонағы ретінде қаламыздың есімі әлемге әйгілі суретшісі, «Атом» жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков және №137, №12 ЖББОМ оқушылары қатысты. Кешке қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Ақынның рухты жырларын №137, №12 мектеп оқушылары жатқа оқып, көрермен қауымның алғысына бөленді. №4 кітапхана филиалының меңгерушісі Л.Тотмина Олжас Сүлейменовтің ақындығымен қоса қоғам өміріне де белсене араласқан қайраткерлігі туралы сөз қозғады. Ол «Невада-Семей» халықаралық қозғалысына басшылық жасап, жерімізді улап, тіршілік атаулыға кесел келтірген ядролық сынақты тоқтатуға бар күш-жігерін жұмсаған ардақты азамат екенін айтты. Көп жылдар бойы Италия, Греция мемлекеттерінде Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін атқарып, еліміздің шетелдермен қарым-қатынасын нығайту ісіне атсалысқанын, бүгінде ол ЮНЕСКО-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі екенін мәлімдеді.

Кештің құрметті қонағы, қаламыздың есімі әлемге әйгілі суретшісі, «Атом» жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков балаларға ақын О.Сүлейменовтің ерекше дарын, айрықша құбылыс екенін әңгімеледі. 1989 жылы суретшінің өмірінде үлкен жаңалық болды. Олжас Сүлейменовпен кездесті. 1989 жылы Олжас Сүлейменов оны өзі ұйымдастырған «Алматы – Хиросима» телекөпіріне қатысуға шақырған болатын. Дүниені дүр сілкіндірген бұл әйгілі телекөпірден Кәріпбекті көріп, жан тебірентерлік сөзін естіп, тамаша туындыларымен танысқан жапон елі оны да Олжаспен бірге халықаралық форумға қатысуға шақырды. Токио, Хиросима, Нагасакиде оның суреттерінің көрмесі өтті. Бұдан кейін оның қылқаламды тісімен тістеп салған суреттері дүние жүзін шарлады. Көрмелері Америка, Германия, Түркияда, Қытайда және Қазақстанда ұйымдастырылды. Тағдыр тақсіретін тартқан қолсыз суретші антиядролық қозғалыстың қажымас қайраткеріне айналды. Есімін бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен оқып, суреттерін сырттай тамашалап жүрген мектеп оқушылары үшін талантты жерлесімізбен бетпе-бет кездесудің өзі үлкен қуаныш, рухани байлық, естен кетпес естелік болды. Кеш барысында жүргізуші кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Сенде Ұлы поэзия бар, Отаным менің!» атты кітап көрмесіне шолу жасап өтті. Кітап көрмесіне ақынның кітаптары, журнал бетіне жарияланған өлеңдері, ақынның шығармашылығына арналған мақалалар қойылған. Олжас Омарұлы өз халқы үшін өте көп еңбек сіңірді, біздің еліміз әлемдік тарихта және өркениетте лайықты орын алатындай елеулі үлес қосты. Ол Қазақстан халықтарының ұлттық бірлігін нығайтуға, Қазақстан мен басқа елдер арасында достықты және ынтымақтастықты дамыту жолында үлкен қызмет атқарды. Шығармалары бірнеше тілдерге аударылып, атын әлемге танытты, қазақ елінің абырой-мерейін биікке көтерді. Адам баласы ғарышқа көтерілген кезде сонымен қатар көтерілген Олжастың көркемдік әлемі өз биігінде жарқырай берері сөзсіз.

Д.ШАЙМЕРДЕНОВА,

4 кітапхана филиалының

қызметкері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.