Руханият

Азаттық – асқақ рух, қастерлі ұғым

   Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде №2 ішкі аурулар кафедрасының қызметкерлері мен интерндері ұйымдастырған «Өз ойыным» атты зияткерлік марафон өтті. Оған аталған білім ордасының түрлі дайындау бағытындағы шәкірттері қатысты.

Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен Орталық Азияда алдыңғы қатардағы мемлекет екенін дәлелдеді. Мемлекетіміз осынау ширек ғасырдан астам уақытта сайыпқыран спортшыларымен, өрелі өнерпаздарымен, экономикалық дамуымен атағы әлемге жайылды. Бұл ретте, халқымыз үшін аса маңызды мерекені білім ордасының оқытушылары мен шәкірттері де ескерусіз қалдырмады.

Бұған дейін ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай аталған кафедраның интерн-терапевтері арасында шығармашылық сайыс өткен болатын. Сөйтіп, сайысқа қатысушылардың жұмыстары залды безендіру кезінде қолданылып, ойынға дейінгі уақытта қонақтар бұл жұмыстармен танысуға мүмкіндік алды.

Шара мемлекеттік Әнұранмен шымылдық түрді. Жалпы медицина және стоматология факультеті деканының орынбасары Ж.Шарапиева қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. 6 курс интерн-терапевті Арайлым Әбдіқазиева Тәуелсіздік күніне өлең арнаса, 6 курс интерні Мархабат Уркембаева домбырамен ән шырқады. Ал, 7051-7052 топтар «Елім менің» әнін хормен айтып, көрермендерді тәнті етті. Көрермен демекші, олар да ойын барысына үңіліп, өздерін танымал «Өз ойыным» телебағдарламасының қатысушысы ретінде сезінген әр сайыскерді қолдап отырды. Сөйтіп, ойын қорытындысы бойынша, ең жоғарғы ұпаймен №2 ЖДТ кафедрасының интерні Ақнұр Ахметқали жеңіске жетті. Шара соңында №2 ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі Е.Ларюшина құттықтау сөз айтып, барлық қатысушыларды және шығармашылық жарыстың жеңімпаздарын сертификаттармен, естелік сыйлықтармен марапаттады.

Гаухар ЕРЖАНҚЫЗЫ,

кафедра ассистенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button