Жаңалықтар

Қазаннан қақпақ кеткен соң

Қарағандыда екі бассаң, бір қате. Көшелердегі көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаларда мемлекеттік тілдің мәнісі кетеді де тұрады. Көшеде ғана емес, бұл сорақылық басқа жерлерде де белең алып тұрған соң, біздің де етіміз өліп алған. Қателерге пысқырып та қарамаймыз. Жасыратын несі бар, осындайда «құзырлы орын қайда қарап отыр?» деген заңды сауал туады. Иә, расында қайда қарап отыр? Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Кеншілер мәдениет сарайында өткен семинардан біз осы сұрақтың жауабын іздедік. Алайда, кінә оларда емес, заңда екеніне көзіміз анық жетті. Заң талап етпеген соң, біз де, сіз де – керенаумыз. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы…

«Смешные цены» жанында «күлкілі бағалар» деген тұр баттиып. «Күлкілі бағалар» деген тіркес бола ма? Осы қатарға мен «күлкілі аудармалар» деген тіркесті қосар едім. Байқауымызша, қателіктердің көбі аудармадан туындайды. Яғни, жарнама беруші жеке кәсіпкер мәтінді әуелі орысша жазады да, қалай болсын, солай – қате-қате қазақшалайды. Жалпы Қазақстан орысша ойлайтыны сияқты ғой. Тіпті, күллі заң атаулы әуелі орысша шығады бізде. Сосын оны қазақшалайды. Қазақша заңдарды оқып көріңіз. Күлкілі аудармалар онда да өріп жүр.

Жарнама мәтінін жазған кәсіпкер оны тиісті тіл мамандарына тексерту керек қой? Бізде жоқ ол. Заңда көрсетілмеген. «Гугл перевод» арқылы орысшадан аударып алады да, сәулет және қала құрылыс бөлімінен орналастыру тәртібін мақұлдатып, көшеге іле қояды. Әлгі тәржіман («гугл перевод») сөзбе сөз қотара салады. Мағынасы үйлеспейтіні – содан. Оны қазақша тіл білсе де, білгісі келмейтін сауатсыздар әріп қатесімен жазып береді, болды. Тіл басқармасына қарасты аудандық, қалалық бөлімдерге тәуелді емес жарнама беруші. Ал, осы жарнаманы ұсақ дүние дегенімізбен, қоғамда алатын орнын білесіз бе? Жоғарыда аталған «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамалардағы тіл нормаларының сақталуы» тақырыбындағы облыстық семинарда баяндама жасаған қазақ тіл білімі кафедрасының прафессоры Алма Әділова дәлелдеп берді. Ұсақ-түйекке саналғанмен, жарнама – сіздің сыртқы бетбейнеңіз қазір. Ішкі мәдениетіңіздің сыртқы көрінісі, заттанған түрі. Ал, керек болса!

Жарнама мәтіні аудармадан ақсады, мемлекеттік тілге талап болмаған соң міңгірледі деп отыра береміз бе? «Шешілу жолдары қалай, сіздер неге күреспейсіздер?» деп біз әлгі семинарды жүргізген тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарманың бөлім басшысы Айбек Сүлейменовке сауал жолдағанбыз. Ол мынадай жауап қатты:

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын тұрақты түрде «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» айлықтары ұйымдастырылады. 2018 жылға дейін бұл айлықтар жылына 2 рет ұйымдастырылып келсе, биылдан бастап әр тоқсан сайын, яғни, жылына 4 рет ұйымдастырылмақ. Биылғы жылдың 25 ақпаны мен 25 наурызы аралығында ұйымдастырылған айлық аясында облыс көлеміндегі 1449 кәсіпкерлік субъекті қамтылып, 254 заңбұзушылық анықталды. Рейд кезінде анықталған заңбұзушылықтардың 142-сі түзетіліп, қалған 112 көрнекі ақпарат пен жарнаманы белгіленген мерзімінде түзетуге ұсыныс берілді.

Рейд барысында көрнекі ақпарат пен жарнамалық мәтіндердің тек орыс тілінде ресімделуі; көрнекі ақпарат пен жарнаманың мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндерінің орналасу тәртібі заңға сәйкеспеуі; мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндер әріптерінің бірдей өлшемде болмауы; мәтіндердің өзге тілден мемлекеттік тілге дұрыс аударылмауы; қазақ тіліндегі мәтіндерде стилистикалық, грамматикалық, орфографиялық, лексикалық қателердің орын алуы секілді заңбұзушылықтар мен қателіктер жиі орын алатыны анықталды.

Ал, сіздің сауалға келсек, 2016 жылға дейін жергілікті атқарушы органдар жеке кәсіпкерлерге көрнекі ақпараттарды орналастырмас бұрын оның мемлекеттік тілдегі үлгісіне «Е-лицензиялау» электронды порталы арқылы тексеріс жүргізуге келісім беріп келген. Яғни, ҚР 2014 жылғы 16 мамырдағы №202-V «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 2-қосымшасының 160-тармағы негізінде жеке кәсіпкерлер жарнама мәтінін аудан, қалалардағы тілдерді дамыту бөліміне жіберіп, тексертіп бір-ақ ілетін. Бұл бизнес өкілдерінің мемлекеттік тілді қолдануын қадағалау әрі осы бағыттағы жұмыстарды біріздендіруге өз септігін тигізген болатын. Өкінішке орай, осы заң тармағы алынып тасталуына байланысты бүгінгі күні ілінетін көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға тұрақты түрде бақылау жүргізу мүмкін болмай отыр. Осының салдарынан сауатсыз, заңға қайшы сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттар орналастырылуда.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button