Жаңалықтар

Азан даусы азайған жоқ

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаевтың азан дауысын азайтуға қатысты тапсырмасы қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілік министр тапсырмасын теріс түсініп, арандап қалғанға ұқсайды. Әйтпесе, жаңа заңның аясында азан дауысы азайған жоқ, қайта бұрынғысынан екі есеге дейін ұлғайды.

Азан – қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен ислам дінінің ұраны. Нәресте шыр етіп дүние есігін ашқан сәтте азан шақырылып, ат қойылады. Бұл баланың келешегіне жол ашып, өмірінің мәнді болуына ықпал етеді. Азанның басты шарты – халықты сәждеге бас қойып, діни парызын өтеуге шақыру. Тәуелсіздікпен бірге қазаққа ислам діні қайта

оралды. Мешіт-медреселердің саны артты. Қалалық жерлерде бес уақыт намаз алдында міндетті түрде азан шақырылады. «Азаны бар ауыл азбайды». Десек те, Қазақстанның зайырлы әрі көп конфессиялы мемлекет екендігін естен шығармаған абзал. Ал, ислам – көркем дін. Дін ғұламалары дау-дамай туғызып, айқай шығарудан барынша алыс болып, кез келген мәселеге сабырмен қарауды үндейді. Сондықтан да, заң аясында айтылып жатқан азан дауысына төзімділікпен қараған жөн.

Мешітке тұрақты барып жүрген оқырман жақсы білуі керек, министр Дархан Қалетаев тапсырма бермей тұрып та, еліміздегі дін ошақтары азан дауысының 30-45 децибелден аспауын қатаң қадағалап келген болатын. Мақсат

айқын – мешітке жақын жерде тұратын тұрғындардың, өзге дін иелерінің мазасын алмау. Енді, мына қызықты қараңыз. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің тапсырмасы бойынша, мешіттердегі азан дауысы 70 децибелден аспауы тиіс. Аталған талаптарға сәйкес, пәтерлердің бөлмелеріне шудың ену нормалары сағат таңғы 7.00-ден түнгі 23.00-ге дейін 55-тен 70 дБА (децибел), ал, сағат 23.00ден 7.00-ге дейін 45-тен 60 дБА (децибел) болу қажеттігі көрсетілген. Бұрын 30-45 децибелден аспаған азан дауысы жаңа талап бойынша ұлғайды емес пе?! Әйтсе де, азанға қатысты ақпаратты кейбір БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері бұрмалап, халыққа теріс жеткізген тәрізді.

Бәлкім, шу көтерген ағайынның әрекеті жанашырлық болар. Десек те, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасынан ресми ақпарат алмай, өз білгендері бойынша даурыққандары ақылға сыйымсыз әрекет. Өйткені, теріс ақпарат халықты адастырып, алауыздық өртінің тұтануына ықпал етеді. Зайырлы мемлекеттің азаматы болғандықтан, мешіт басшылығы заң аясында бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды барынша сақтап, тұрғындардың мазасын алмауы тиіс. Ал, мешітке жақын жерде тұратын ағайын заң шеңберінен шықпайтын азан даусына түсіністікпен қарағаны абзал. Кез келген мәселенің шешімі екіжақты келісім болғанда ғана табылады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button