Қазақ қызының биігі

             Қазақстан «алтын» алмаса да, қазақ қызы чемпион атанды. Пхенчхандағы қысқы Олимпиадада әйелдер эстафетасында Қарағандының тумасы, биатлоншы – Динара ӘЛІМБЕКОВА Беларусь құрамасында өнер көрсетіп, алтын медаль алды. Осылайша – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы жерлесіміз болып  спорт тарихында есімі алтын әріппен жазылды.

Айта кетейік, Беларусь құрамасы сапында биатлоннан 4х6 шақырымдық әйелдер эстафетасының жеңімпазы атанған Динара қазақ жанкүйерлерінің көңіліне қуаныш сезімін сыйлады. Чемпиондық квартеттің ішінде өнер көрсеткен қандасымыз үшінші кезеңінде беларусьтік команда сапында шеберлік танытты.

Динара Әлімбекова 1996 жылы 5 қаңтарда Абай қаласында дүниеге келген. Үш жасында ата-анасымен Беларуське қоныс аударған. Әкесі – қазақ, анасы – беларусь (кейбір деректерде орыс). Өзінен кейін Евгений және Ульяна есімді бауыры мен сіңілісі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Беларусь журналистері көпшілікке беймәлім, талантты жас қыздан сұхбат алғанда «Қызық, атың неге Динара?» деп сұраса керек. Сонда жас спортшы: «Себебі, әкем — қазақ» деп жауап берген екен.

Динара Әлімбекова – Беларусь Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2015 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатының алтын жүлдегері. 22 жастағы спортшы жоғары білімді биатлоншы. Беларусь мемлекеттік дене шынықтыру университетінің Шаңғы спорты және биатлон кафедрасында оқыған. Аталмыш оқу орнын 2017 жылы тәмамдаған.

Өзінің айтуынша, 10 мыңнан аса халқы бар Чаусы қаласында өскен. Бала күнінде хореографиямен айналысып, өнер мектебіндегі фортепиано сыныбында оқыған. Бір қызығы, 11 жасында алғаш рет шаңғы теуіп, кейін биатлонмен біржола жаттыққан.

Жақында Беларусь Президенті Александр Лукашенко биатлон эстафетасында жеңіске жеткен Динара Әлімбекова, Надежда Скардино, Дарья Домрачева, Ирина Кривконы «Жеке ерлігі үшін» ордендерімен марапаттау туралы Қаулыға қол қойды.

Өз тілшімізден.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.