Қазақы қолөнер – Кәсіп көзі

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән беріп келеді. Сәйкесінше, мемлекеттік бағдарламалар қолға алынуда. Бұл кәсіпкер азаматтарға үлкен қолдау болды.
Шет ауданында қолдау арқылы несие алып, кәсіпкерлік ашып, ісін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Жанерке СЕЗІМХАН.
Жанерке – Моңғолиядан қоныс аударған қандастарымыздың бірі. 2009 жылы осы Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Есенкелдімен көңіл жарастырып, отау құрған. Алғашқыда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы бір реттік 70 мың теңге қаржылай көмек алып, өз ісін бастады. 2017 жылы аудан әкімінің 450 000 теңге грантына ие болып, кәсіпкерлігін одан әрі дамытып, «Айсана» атты тігін цехын ашты.
Бүгінде Жанеркеге тапсырыс берушілер саны артып отыр. Қазақтың кез келген отбасы күнделікті өмірде ою-өрнекті көрпе-жастығы, төсек жапқышы мен жаймаларын қолданатыны сөзсіз. Ал, қыз ұзатқан үйлердің мұндай дүниелерге деген сұранысы тіптен көп. Сондықтан да, мұндай кәсіпті дөңгелете алған кісінің тасы өрге домалайтыны белгілі.
Жанеркенің шағын кәсібі күннен күнге кеңейіп, жұмысының оңға басуы оның жасынан іс тігуге икемінің әрі тынымсыз еңбекқорлығының арқасы. Бұдан бөлек, мекемелер жұмысшылары мен қызметкерлеріне арнайы киімдер тікті. Яғни, тапсырыс бар.
– Қолыма жастайымнан ине мен жіпті ұстатып, іс тігуге үйреткен анам Роза. Өзім Моңғолия елінде үш жыл осы сала бойынша оқыдым. Ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен бедерленген киіз үй жабдықтарын, құрақ көрпелер, төсек жамылғыларын әзірлеймін. Сонымен қатар, қыз жасауын да жасаймын. Отбасым үнемі мені қолдап, көмектесіп, ақыл-кеңестерін беріп отырады, – деген Жанерке жолдасы Есенкелдімен үш бала тәрбиелеп, өсіруде.
Жасыратыны жоқ, бізде ұмыт бола бастаған қазақ қолөнер бұйымдарын жасауды Моңғолия елінен келген қандастарымыз жақсы біледі. Ағаштан ою ойып, әртүрлі бұйымдар әзірлеу, мата-тоқыма бұйымдарын жасауды жете меңгерген де осы қандастарымыз. Соның арқасында елімізде қол¬өнердің дамып, түрлі бұйымдар жасау қайта қолға алынып, кең етек жайып келеді. Бұл – сөз жоқ аудан, тіпті, бүкіл еліміздің экономикасына пайдасын тигізуде.
Жанерке мектеп оқушыларына тігіншіліктің қыр-сырын үйретіп, шәкірт тәрбиелеуде. Бұл енді кейінгі буын жастарымыздың тігіншілік, қолөнер бұйымдарын жасауды меңгеріп, ұмыт болмай әрі қарай дами беретіндігіне ықпал етері сөзсіз.
Жанерке 1 мамыр күні өтетін ұлттық қолөнер шеберлері бұйымдарының көрме-жәрмеңкесіне де қатыспақшы. Өзінің іскерлігі арқасында ойлаған мақсатына жетіп, алдағы уақытта жұмысын одан әрі ұлғайтпақ.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.
СУРЕТТЕ: Жанерке шәкірттерімен кезекті бұйымдарды дайындауда.

ШЕТ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.