Тарих

Қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғалым, аудармашы әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған, Қазақ хандығының ыдырауынан кейін қайтадан бірегей ұлт болып қалыптасуына жеткізген ұлы тұлға –

Әлихан Нұрмұхамедұлы БӨКЕЙХАН.

Әлиханның ғылыми-пуб­лицис­тикасын ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы отаршыл империяның езгісіне қарсы күрескен бір Қазақстан емес, бүкіл отаршыл Ресей империясындағы тарихи оқиға-құбылыстардың шежіресі деп батыл айтуға болады. Алаштың ұлы Әлихан өзінің мақала-очерктерін 40-қа жуық бүркеніш есімімен (псевдонимімен) жариялады.

Әлихан төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде – «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тіліндегі тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналын шығарып, 1925 жылдан бері шыға бастаған «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға мұрындық болды. «Жаңа мектеп» журналының кейін «Қазақстан мектебі», ал «Әйел теңдігі» журналының «Қазақстан әйелдері» басылымына айналғанын ерекше айта кеткен маңызды.

Түрлі ғылыми зерттеу еңбектеріне, газет-журналдарға сүйене отырып айтар болсақ, Әлихан Бөкейханның публицистік жолы қолдағы бар нақты тарихи деректер бойынша 1889 жылдан 1927 жылға дейін 40 жылға жуық кезеңді қамтиды. Оның кейінге қалдырған бай ғылыми-публицистік мұрасының тек библиографиялық көрсеткішінің өзі ғана 55 беттен асады. Әлиханның мыңға жуық мақала мен очерктен және тағы басқа туындыдан тұратын ғылыми-публицистикасы 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін және одан кейінгі 1927 жылға дейін 50-ден астам қазақ және орыс газет-журналында, оның ішінде төңкеріске дейін ғана 30-ға жуық қазақ-орыс басылымында жарық көрді. Әлиханның қаламынан шығып, түрлі мерзімді басылымнан жарық көрген туындыларының географиясы да қазіргі кең байтақ Еуразия кеңістігін қамтиды. Оның ең алғашқы бір топ мақаласы 1889 жылы Дала генерал-губернаторының ресми үнқағазы ретінде Ом­быда шығып тұрған «Особые при­бавленіякъ», «Акмолинскимъ об­ластнымъ ведомостямъ» газеті мен оның қазақша қосымшасы «Дала уалаятының газетінен» көрінсе, көп ұзамай оның түрлі бүркеніш есімі көрсетілген туындыларын 1917 жылғы Ақпан төңкерісі мен Қазан бүлігіне дейінгі бір Омбының «Степной край», «Степной пионеръ», «Омичъ», «Иртышъ», «Голосъ степи», Томскінің «Сибирская жизнь», Семейдің «Семипалатинские областные ведо­мости», «Семипалатинскій лис­токъ», Ташкенттің «Туркестанские ведомости», Орынбордың «Степь», «Қазақ» газеттері мен қазақтың тұңғыш «Айқап» журналынан, С.Петербордың «Речь», «Сынъ отечества», «Наша жизнь», «Слово», «Восточное обозрение», Ресей мұсылмандарының «Въ мире мусульманства» мен «Мусульманская газета» және «Сибирские вопросы» журналынан жиі ұшыратуға болатын.

Әлихан Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемеді, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен.

1913 жылы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында Алаш атауына тереңірек тоқталып, Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді», – деп жазады «Түрік баласы» («Қазақ», 1913, № 7).

Тақырып жағынан саналуан әрі мол ғылыми-публицистік мұраның авторы – Әлихан Бөкейханды қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі деуге де, қазіргі қазақ публицистикасының негізін қалаушы деуге де толық негіз бар. Олай деуге Ә.Бөкейханның 1894 жылы Петербордан Омбыға бір емес, «ормантанушы-ғалым» әрі «заңгер» деген 2 бірдей дипломымен оралған бойда қызмет жолын кәсіби журналист ретінде бастағаны ғана себеп болып отырған жоқ. 1937 жылдың шілдесінде Бутырка түрмесінде өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасындағы» «төңкеріске дейінгі мамандығың мен кәсібің не?» деген сауалға «ұлттық-территориялық Алашорда автономиясының төрағасымын» немесе «ормантанушы-ғалыммын», тіпті болмаса – «жер бағалаушымын» деп емес, «журналиспін» деп жазғаны да негіз болады.

Табанды күрескер, жалынды публицист Әлихан Бөкейхановтың қаламынан осындай жүздеген шығарма жарық көрді. Сұңғыла саясаткерді ұлт көсемі дәрежесіне жеткізген күрескерлік қасиетінің бір қыры осындай.

Әлихан ойлаған жоспары, асқақ арманы түбінде жүзеге асатынына әбден сенімді болған қайраткер. Сондықтан ол: «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп түйіндейді. Өзі болжаған бақытты – Тәуелсіздік туы асқақтай желбіреген сәтті Ұлт көсемі көруіне тағдыр жазбаса да, міне, бүгін біз, ұрпақтары көріп отырмыз. «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек» депті, қайран, Әлихан! Аға ұрпақ өздеріне артқан жүкті жетер жеріне толық апарды. Елбасымыз бізге ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің таңын атырды. Ендігі біздің міндетіміз Қазақстанды алдыңғы елдердің қатарына қосып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлес қосу.

Әлия БАТТАЛОВА,

«Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясы» КММ кітапханашысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button