Қазақтың  Қорабайы

Бүгінгі таңда сайтанның сапалағына айналған сахнада жарнамасыз әнші бар ма? Әй, қайдам… Десек те, жарнамасыз әншілердің тізімін жасайтын болсақ, сол тізімнің басына өткен ғасырдың 60-70 жылдарында аты аңызға айналып, жастың да, жасамыстың да сүйіктісіне айналған әйгілі бард әнші Қорабай ЕСЕНОВТІҢ есімін қояр едік.

Алдағы күзде сағындырған әндерді орындайтын сағындырған есімдер тізіміне әлдеқашан еніп кеткен Қорабай ағамыздың 70 жасқа толатынын біреу білсе, біреу білмейді. Тым болмаса, осы мерейтойында аңыз ағаны ел аралатып, көркем үніне де, еркелігіне де бір қарық болсақ… Қолыңыздағы мақаланың авторы да осыны меңзейді. Қандай құрметке болсын, Қорекең өнері – әбден лайық.

Олай болса, Арқаның Атымтайлары атойлап, ат шаптырмаса да, жер-жерде Қорабай ағаның концертін ұйымдастырып, Жомарттарымыз жолдан жығылмайды деген ойдамыз.

РЕДАКЦИЯДАН.

Қорабай ЕсеновтІң әндерін жатқа айтпайтын қазақ жоқ. Әлі күнге дейін жүрегіміз асаудай тулап қояды. Кездесе қалсақ бір-бірімізге ұрлана қараймыз. Елжіреп сөйлесеміз. Қуанамыз. Өкінеміз. Сағынамыз. Сөйтеміз де, Қорабай ағамыздың әндеріне саламыз.

Қорабай Есенов туралы талай мақала жазылды. Телехабарлар жасалды, көрсетілді. Жазушы Төкен Әлжантегі кітап арнады («Саусағынан саз сауған», Алматы. «Үш Қиян» баспаханасы, 2012ж.). Әйтсе де, жақсының жақсылығын айтудан жалықпайтын, өнер десе ішкен асын жерге қоятын ел емеспіз бе? Мен де қолыма қалам алдым. Көп қазақ біле қоймайтын сәттер тасада қалып қоймасын деген ой ғой…

Қорабай Есенов Қараағаш (бұрынғы «Рассвет» кеңшары) ауылына 1969 жылы агрономдық тәжірибеден өтуге келді. Әйгілі Шоң Телғозыұлының қырық жылдай болыс болып Алтай-Қарпықтың баласын басқарған жері, билік айтқан қасиетті елі қылшылдаған Қорабайды бірден бауырына басты. Жақсы атаның ұрпағы. Жаңаарқа халқы қадірлейтін сырнайшы әрі дәулескер күйші, жауырыны жерге тимеген палуан Әбікеннің ұлы.

 Ел аузына ерте ілігіп, оттай жанған оғылан Әлин Әмзе деген жездемнің үйіне түсті. Әмзекең Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ қаратаяқтарының бірі, ағартушы-ұстаз еді. Зейнет жасында болса да, ауылдың жанар-жағармай бекетін басқарып жүрген шағы. Қағаз, қаламға әуестеу мені жақсы көретін. Бір уыс кілтті беріп қояды. Дәу-дәу бөшкелердің аузын ашып, бензин босатамын. Май беремін. Арнайы жорналға шопырлардың аты-жөнін, көліктердің мемлекеттік нөмірін тәптіштеп тіркеп қоямын. Қорабай ағатайым да сол тізімге ілікті.

 Жанармай тасуға жарамсыз, бірақ аяқ артуға әбден болатын «Бензовозын» өзі айдайды. Таң атпай Ақсу мен Қызылшоқыға, бірде Қарымбай мен Өркендеуге қарай ағызып бара жатады.

 Егіс алқаптарын аралайды. Басында торкөз, көкшіл қалпақ. Жанында жеті шекті күрең гитара. Ауыл баласына бір ұстау арман.

«Қызметтен» қолым босаған кезде Қорекеңе еріп кетемін. Алдымда арман-гитара. Қойнымда қоңыр дәптерім. Іші толған тақпақ.

 – Ал, оқы, – дейді ағатайым ақсия күліп. Ала жөнелем. «Құла тай», «Біздің ауыл», «Мектебім». Осылай кете береді…

Дала еңбеккерлері Қорабайды ерекше қарсы алады. Болашақ агроном әр жұмыскердің, комбайыншының жанына барып жағдай сұрайды. Ақбидайдың әр түйірін алақанына салып, үлкендердің кеңесіне қатысады. Қырманға соғады. Қызу тірлік. Қарбалас. Дала қосы.

 Түскі астан кейін Қорекең көпшіліктің қалауымен ән бастайды. «Әке жыры», «Жас қалам», «Қоштасу». Қазақ елін толқытып, тебіренткен әйгілі үш ән. Содан кейін орысша әндерге ойысады. Одақтың әр түкпірінен көмекке келген комбайыншылар, механизаторлар қосыла жөнеледі…

Дала тарландары Қорабай бауырларының өнеріне мағмұрланып қол соғып тұрады. Қамбар Сейіткамалов, Мақсат Шалқарбеков, Игілік Бекбергенов, Кенжеғара Қуанышев, Қами Оспанов. Қырық түрлі тамақ дайындайтын дала аспазы – Рымжан Ақтаева, жергілікті майталман механизаторлар Елкен Төлеукенов, Сейдірахман Жекенов, Мереке Әмзин т.б.

Жастық жігерге не жетсін. Қас қарая ауылға оралатын Қорабай бірден клубқа тартатын. Иін тірескен ауыл адамдары дүркірете қол соғып, жастар жағы қиқулап мәре-сәре күй кешеді. Бала кезімде көрген Қорабай ағама деген ақниет ілтипат, керемет қошемет осындай еді…

Ол кездегі кеңшар директоры аса сауатты, орысша-қазақша бірдей шешен сөйлейтін Сұлтан Түсіпов еді. Өндірістік тәжірибесі біткен Қорабайды қолқалап қызметке шақырды. Сөйтіп, Қорабай Есенов Целиноградтағы ауылшаруашылығы институтын ойдағыдай аяқтап, Қараағашқа қайтып келді. Басында агроном, іле-шала бас агроном болып қызметін жалғастырды. Бұрынғы бас агроном Сағынтай Жұмажанов офицерлік міндетін өтеу үшін әскерге шақырылған еді. Мамандығына адал, әніне сәні жарасқан жас жігіт жұрттың көңілінен шықты. Ендігі жерде ол ауыл өнерпаздарын жанына ертіп, бұрынғыдан бетер белсенділік танытты. «Дала гүлі» ансамблін ұйымдастырды. Жаңаарқа жастарының ән мен күйден, палуандық пен бокстан дес бермей тұрған кезі еді. Бұлбұл қыздар мен дүлділ жігіттер клубтан шықпайды. Дайындық қас қарайғанша жалғасады. Рүстем Көпжасаров, Әрмия Жақин, Диқанбай Биткөзов, Кәкім Ақмурзин, Қабден Жақыпов, Берген Хасенов, Ырым Көзтаев сынды саңлақ жігіттер әр саланың басшылары екендігіне қарамастан Қорабай әншіні жан-жақтан қолдап кетті.

Бір қызығы, ансамбльде кәсіби аспаптар болған жоқ. Ол кезде гитара деген қат, қолға түсе бермейді. Амал нешік, Қорекең Галя жеңгейдің жасауымен келген қоңыр шифоньердің екі есігінен екі гитара ойып шығарды. Атышулы әнші-гитарашы інісі Бекен Оспанов пен ісмер-өнерпаз әрі үлкен суретші Ғабиден Рақышев жез шылапшіннен дауылпаз жасап, радио бөлшектерінен дауыс зорайтқыштар құрастырды.

«Дала гүлі» дүрілдеп кетті, жалпақ елдің аузына ілікті. Студент кезінде елге есімі мәшһүр болған Қорабай Есенов туған жердің бозторғайына айналды. Ансамбль орындайтын әндер жұрттың жүрегіне жетті. Әлі күнге жадымызда жаңғырып тұр… Бұл халық әндері еді… Ұлы Абайдың сөзіне жазылған әндер еді… Бұл атақты ақиық ақындардың сөзіне жазылған, ұлттық мінезді, әсем әндер туғызған алапат композиторлардың шығармалары еді…

Концерт барысында Қорекең қоңыр домбырасын алып шығатын. Әкеден үйренген арқа күйлері жан тербейді. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Қосбасардың» неше түрі дейсіз… Ел жібермей қояды. Иә, Жаңаарқа қазақтарына қара домбырадан асқан кие жоқ…

Қорабай Есенов домбыра білгендерге кез-келген аспап, соның ішінде гитара да жат емес екендігін айтып жүреді. Мәселен, ол жатақханада Коля досынан екі-ақ күнде гитара аккордтарын меңгеріп алады. Және гитараны домбыраша сөйлетіп, әлемге беймәлім ойнау тәсілін алып келді. Бұл гитарашылар үшін тосын жаңалық еді. Қазақ әндері жеті шекпен табысып, құлпыра түсті. Сондай-ақ, жетіген деген аспап гитарамен үндес, тамырлас деген ой айтады ағамыз.

Қорабай Есеновтің Қараағаштағы еңбегі зая кеткен жоқ. Қызметі жоғарылап, аудан орталығына көшкенде ауыл мектебінің жанынан «Жас түлек» ансамблі бой көтерді. Асыл ағаға еліктеген, гитараға іңкәр бозбалалар бас біріктірді. Қорекеңнің репертуарын малданып, елге танылды. Әлі күнге дейін Қараағашта гитара шертетін қара ұлдар аз емес. Бұл осыдан 50 жыл бұрын Қорабай ашқан далалық өнер мектебінің нәтижесі…

Әнеу бір жылы дәм жазып, алтын Прагаға барған едік. Алдаспан жазушы Мұхтар Мағауиннің 70-ке келуіне байланысты. Сол әйгілі шаһарды аралап өтетін Влтава өзеніне он жеті көпір салынған екен. Соның ішінде, Карлов көпірі ерекше құрметке ие. Көне жәдігерлерге толып тұр. Және Еуропа гитарашылары бас қосып, бақ сынайтын жер екен.

Бұл көпірмен жүріп өтпеген адам Прагада болмаған деп саналады,– дейді. Бұған дейін Мұхтар ағасын екі рет іздеп келген, көшбасшымыз Мағау дос («Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай).

Қорабай ағаның бауыры емеспіз бе, гитарашылар бас қосады дегенге елең ете қалғам. Жүріп келеміз, 50-60 метр сайын бір гитарист, білгенін істеп жатыр. Қорекеңнің әнін сағынып, сусап жүретін біздер таңсық ештеңе тыңдай алмадық. Шертістері де елең еткізбеді. Көз алдыма Қорабай Есеновтің дала қосында әнге басқаны келе қалды…

Мағауия екеуміз шаршап-шалдығып, Мұқаң той өткізетін екі қабатты кемеге келе жатырмыз.

– Сенің ағаңдай гитарашы жоқ екен әлемде, – дейді ол. – Қорекең мына жерде ән салса, чехтар жылайды ғой…

Иә, алыс шетелдердің бір артықшылығы осында. Өнерің, білімің асса ұлтыңа қарамайды. Біз сияқты, қазақты көгертпейтін рулық, жершілдік, көреалмаушылық пиғылды мүлдем түсінбейді. Шенеуніктері еліне, байлары келешекке қызмет етеді. Әр тұрғын – патриот.

– Атақты композитор, қазақ өнерін әлемге әйгілі еткен Нұрғиса Тілендиев Алматыға консерваторияға шақырғанда, Жаңаарқаны қимаған Қорабай Есенов шетеліңді қайтсін, – деп қоям. Сөйтіп, Қорекеңнің құлағын алтын Прагада бір шулатқан едік.

Мен білетін, ел білетін Қорабай Есенов бетті адам. Жаны ән мен күйден жаратылғандай сыршыл, сұлу болса да, бетің бар, жүзің бар демей жүрегіндегісін айтып салады. Ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген сөзі бар. Ағамыздың болмысы осыған келіп тұр. Қазіргі қаптаған эстрадалық топтардың тоқсан пайызын ұнатпайды. Қорекеңде көңілжықпастық жоқ. Оның ұғымында өнер кіршіксіз болуы керек. Бірде ол гитарасын он екі шекті етіп қайта жасады. Мақсаты – гитараны барынша қазақиландыру еді. Тыңдаған мамандар таң қалды. Өзінің де ойынан шықты. Бірақ, «халық қалай қабылдайды екен», – деп қобалжығаны шындық. Біреу білер, біреу білмес Қорабай Есенов гитараға домбыра қосқан тұңғыш әнші. «Досыңның көзін ұғарсың» деген әнді тыңдап көрсеңіз көзіңіз жетеді. Екі аспаптың үні анық, әрі әдемі естіледі. Өлеңнің авторы Кәкімбек Салықов, әні Жағыпар Әлімхановтыкі. «Мына ән күйге айналып кетті», – деп қайран Кәкімбек ағамыз бұл әнді аса жоғары бағалаған. Бұл жерде композитор Жағыпар Әлімханов туралы бір ауыз сөз айтпасақ жөн болмас. Жәкең әндері бөлек, Қорабайға арнап жазылғандай. Жан тербейді. Кәкімбек көкелерімен үшеуі мызғымас шығармашылық одақ құра білді. Ноқтаға басы сыймайтын, тарпаң Қорекеңмен ымыра бірлікте жұмыс істеу Жағыпар ағама да оңай емес сияқты… Әйгілі композитор Ілия Жақанов қазақ радиосында қызмет істеп жүргенде Алматыдан арнайы келіп, Қорабайды жазып алғанын айтады. «Атақдаңққа қызықпайтын, өр жігіт екен», – деп еді.

Қорекең сол қалпынан айныған жоқ. Алайда, марапаттан құр алақан емес. Ұзақ жылдар мекеме, кәсіпорындар басқарған Қорабай Есеновке 1997 жылы «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы» деген атақ берілді. Ауылшаруашылығына қосқан зор үлесі үшін, 1999 жылғы 14 желтоқсандағы ҚР Президентінің Жарлығымен Құрмет грамотасына ие болды. Одан кейін, 2001 жылы Мәдениет қайраткері құрмет белгісімен марапатталды. ҚР Президентінің 2013 жылғы желтоқсанның 9-ындағы Жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері құрметті атағына ие болды. Зейнетке шықса да Қорекең еңбектен қол үзген жоқ. Халқының ортасында, Ақбоз аттың белінде, ақбидай алқаптарды аралап, бір ұжымды басқарып келеді.

 Қорекең дәстүрлі әндерді жалықпай, әрі беріліп тыңдайтын гитарашы. Игілік Омаровты (марқұм), Қайрат Байбосыновты, Ғалым Мұхамединді, Бекболат Тілеухановты, Тұрсынғазы Рахимовты (марқұм), Серік Оспановты аузынан тастамайды. Өзінің жолын ұстанған Ержан Белғозиевті, Табылды Досымовты (марқұм), Сейіл Аяғановты ерекше қадірлейді.

 Бірде Қорекеңе сәлем беруге бардым. Көптен кездеспеген едік.

 – Табылды бауырым аққан жұлдыздай ғұмыр кешті ғой. Әндері ұлттық рухты көтеретін, намысты қайрайтын өткір еді, – деп қамықты ол. Сөйтті де, он екі шекті ақ гитарасын бауырына басып, «Аққу әнін» аңыратты.

…Сырғиды аққу айдында, сырғымайды,

Жақын барып, хәл-жәйін кім сұрайды.

Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,

 Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды…

– Қореке, биыл күзде 70-ке келеді екенсіз, – дедім қоштасып жатып.

 – Е, Құдай қаласа келеміз ғой қарағым, – дейді қарапайым ағатайым.

Шіркін, Қорабай Есеновті халықпен тағы бір қауыштырып алсақ деген ой келді. Қорабайын сағынып, сусап отыр ғой ел.

Жезқазғанға баратын күре жолға түскенімізде, Қазақ радиосы Қорабайдың концертін бастап жіберді. Көпшіліктің сұрауымен деп….

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.