Руханият

Қазақтың болған панасы

Қазақтың ұлы перзенті Әлихан Бөкейхановтың кіндік қаны тамған жері киелі Тоқырауын топырағы болғаны бұл өлкеге ғана емес, исі қазаққа мақтаныш. Мен Әлекеңнің жақын туыстарымен сұхбаттасып, естеліктерін жинаған адам ретінде Балқаш қаласындағы М.Хамзин атындағы мысшылар мәдениет сарайында 2006 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхановты еске алуға арналған «Алты Алаштың көсемі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізген едім. Сонда Айсәуле Смаханқызы Мұқанованың сөйлеген сөзін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

«Біздің бұтағымыз Бөкейтегі Батырдан тарайды. Оның төрт ұлы болған: Әшімтай, Рүстем, Бексұлтан, Мырзатай. Осы Мырзатайға тоқталайық. Мырзатайдан – Нұрмұхамбет (Мұқан), Әлихан, Әзіхан, Смахан, Нұрбегім, Базылхан, Тәтіхан.

Біз – Әлекең мен Смахан туралы еске алайық…

Әлихан Нұрмағамбетұлының өткен ғасырдағы тарихи-саяси аренасындағы атқарған ролі көзі ашық азаматтарға ежелден таныс деп ойлаймын.

Әңгіме Әлекеңнің әкесі Нұрмұхамбеттің бәйбішесінен басталсын. Батыр баба – Мамай Жұмағұлұлы (1702-1799 ж.ж.) өмір сүрген. Тобықты Мамай батырдан – Жолбарыс, одан – Дулат, одан қызы – Бекзат Әлиханның шешесі. Қазақ «Бегім ханым» деп атаған. Балалары, туыстары «Бәжекем» деген. Сонымен, Тобықты – Әлиханға нағашы болады. Дулаттың екінші қызы Ботантай – Құнанбай қажының келіні, Құдайбердінің әйелі, Шәкәрімнің шешесі.

Өзім – Айсәуле «Әйеш» Мұқанова – Әлиханның үшінші інісі Смахан Мұқановтың қызымын.

Әкемнің «Мұқанов» деп, тегін өзгертіп жазылуында үлкен жан жарасы жатыр. Әлихан Нұрмұхамбетұлын 1925 жылы Ақтоғай өңірінде ұстап, Москва қаласына әкеткен. Содан Әлекең өмірінің соңы, 1937 жылға дейін Москвада қызмет жасап, ешқайда шығуына жол берілмеді. Әлекең большевиктердің қудалауына түскен шақта әкем Смахан Нұрмұхамбетұлы Әлекеңнің нұсқауымен өз тегін Бөкейхановтан «Мұқанов» деп өзгертуіне тура келеді. Себебі, Тоқырауын өңірінде Нұрмұхамбет бабамызды ел қысқартып «Мұқан» деп атайды екен. Заман нәубеті адам тағдырын сындырып, бірге туғандарды, балаларды аман сақтап қалу үшін, түрлі әдіс-айлаға баруға мәжбүр етті. Сол кезде 30-40 жылдары «Бөкейханов» дейтін текпен күн кешу тіпті мүмкін емес еді. Қызыл жендеттер Әлекеңді Москвадан шығармай ұстап отырған кезде сонау қазақ жеріндегі Сарыарқа төсінде қалған туыстарын туған жерінен айырып, айрандай ұйып, күн кешіп отырған әулет мүшелерін шашыраған тарыдай әр жерлерге шашып жіберді. Ел ішінен шыққан белсенділер де қиянат көрсетті.

1932 жылы Райымжан ағамыз ертерек Әулиеатадағы апасы Гүлнардың үйінде болып, сол жерде қызмет істеп тұрғанда, жездесі Болатқазыны «әке-шешесін (Әзіхан мен Қауияны), Смекем балалары Жаһаншаны, Жәңгірді әкел, Мағауия – Базылхан, балаларды оқытамын», – деп елге жіберген. Ауыл арасындағы белсенділер «түтін иесі» деп Әзіханды, Мағауияны, Қасымханның әйелі – Нұржамиляны баласымен жібермей алып қалған. Әзіханды туыстар арасында «әке» дейтін. Болатқазы алып барған балалардан Жаһанша Смаханұлы мен Нұрахмет Болатқазы баласы оқып жүріп, қайтыс болған. Әзіхан әкем 1932 жылы қараша айында өмірден озады. Ол уақыт – өте ауыр кезең, әкеміз біреуден ат-шана тауып әкеліп, Талды бейітке өз қолынан қойған. «Ағамды қолыммен қойдым» деп, өзіне медет көретін.

Райымжан кейінірек Әулиеатадан Алматыға келіп, «Бөкейхан» деген аттан айырылмай жүріп, көп қуғын көрді. Тағдырдың тәлкегіне шыдады. Жоғары білімді адам болса да, қызметі жоғарыламай, ескерусіз тасада қала берді. Сөйтіп жүріп, балалары Сырым, Нұрым, Айжан, Гүлжанға жоғары білім әперді. Қазір заман өзгерген, олар бір-бір ғылым кандидаттары, доктор атақтарына ие болып, Алматы, Москвада тұрып жатыр. Райымжан ағамыз 1979 жылы 25 қарашада қайтты. Әлекең бауырлары Тәтіхан оқу бітіріп отырып, ауырып қайтыс болды. Смахан 1966 жылы 25 қаңтарда бақилық болды. Базылхан айдауда Новокузнецкіде қайтыс болды.

Әкеміз ағасы Әлиханды соңғы рет 1922 жылы Семейге дейін шығарып салып, «қайттым ғой, сол соңғы көруім болды, қайран туысым, бауырым, Әлекем» – деп, есіне алып, шаршап, сағынып, аңсап, солқылдап жылап алушы еді.

1947-1948 жылы осы арыс­тардың алды Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермеков, Дәмеш апай, Ахат Құдайбердиев түрмеден шығып келе бастағанда, біз де «Әлекең қашан босап келеді?» деп, аңсадық. Осы адамдардың келгеніне қуандық, бәрі біздің Райымжан ағамыздың үйінде қонақта болған еді.

Райымжан ағамыз бен Ахат Құдайбердиев бажа болатын. «Қаден, Қайрия» деген апалы-сіңлілі апаларымыз еді. Әлиханның кейінгі ұрпақтары Москвада, Алматыда, Астанада, Қарағанды, Жезқазғанда, Семейде, Балқашта, Ақтоғай ауданында тұрады. Түрлі- түрлі мамандықта қазақ елі үшін игілікті еңбек етуде.

Әкеміз Смахан бірталай жердің дәмін татып жүріп, көп қиындықтан кейін ел тынышталған соң 1953 жылы Балқашқа көшіп келді. Енді елге көшейін деп жүргенде ақын жазушы С.Бегалин сол кісіге арнап өлең шығарыпты:

Смеке! Қайтасың ба

елге қарай?

Сарытерек, Желтау, Шылым,

Қызыларай.

Самсаған самал белдер,

салқын бұлақ,

Қызықты өмір сүрген жандар

талай…

Сапарың құтты болсын,

Смеке ағай!

Әкеміз 1953 жылы Балқашқа келген соң, бұрын қиыншылықта жазылмай қалған ағасы Әзілханға бастап көптеген туыстарға көктас жазғызып қойды. Тіпті, өзіне қоятын көктасқа да өзі жазғызып кетті. Онда:

«1917 жылы Семей облысы. Қазақ соты.

1. Мұқыш Бошытайұлы

2.Шәкәрім Құдайбердіұлы

3. Иманбек Тарыбайұлы

4. Смахан Бөкейханұлы – 86 жаста. Кедей мен әйелге теңдік әперген. Жуан мен момынды теңестірген» деп жазылған.

Тоқырауын өзенінің саласы – Жіңішке бойындағы Әлихан Нұрмұхамбетұлының бабалары жерленген қорымдағы көктас жазуларын сол кездегі Жезқазған обкомының коммунистерінің қыс­тауымен көктас беттері цементпен сыланып, жазуларын өшіргенін де естіп, көрдік. Әулет ұрпақтары осындай жағдайдың куәгері болды. Алланың әмірімен заман өзгерді.

Қазақстан сахнасында бейбіт жолмен, халық қалауымен Тәуелсіз Ел болды. Әлихан Нұрмұхамбетұлының аңсаған арманы орындалды. Қазақ елі өз тағдырын өздері таңдаған тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор сеніммен тапсырды.

Ендігі жерде Әлихан Нұр­мұхамбет­ұлын келер ұрпақ есінде қалдыру үшін мынадай шаралар жасалса құба-құп болар еді:

Балқаш қаласындағы жоғарғы оқу орындарының біріне есімі беріле отырып, сол қаладағы Әлекең атындағы көше бойына мүсіні қойылса. Екіншіден, Астана, Алматы, Қарағанды, Балқаш қалаларындағы мұражайларда Әлекеңе арналған бұрыш орны ашылып, Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан аты берілсе. Сондай-ақ, Тоқырауын өзені бойындағы Әлекең бабалары жатқан қорымды заманға сай қоршап, ретке келтірсе, шетелдерден келген қонақтарға ұялмай көрсететін жағдайға жеткізсек. Бұлақтың көзін ашып, Жекежалдағы ата-қонысты мемориалдық кешенге айналдырсақ. Бұл – үш.

Сондай-ақ, қазақ халқының ұлы перзенті Әлихан Бөкейхановтың ғылыми мұрасын, өсиетін ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізу үшін үзбей оқып, үйрену, насихаттау парыз деп білеміз. Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына байланысты ЮНЕСКО көлемінде түрлі еске алу шараларының өтіп жатқаны өлгеніміз тіріліп келгендей қуантады. Ұлысын ұлықтаған ел құдыретті деген бар, көпшілік Астана қаласында көрнекті ескерткіш орнатылуын армандайды.

К.САРДАРБЕК,

өлкетанушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Суретте: Айсәуле Смахантөреқызы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button