Қазақтың «біздің қазағы» кімдер?

Қазақ шалдарының «біздің қазақ» деп сөз саптайтыны бар. Осы «біздің қазақ» сөз тіркесі маған күні бүгінге дейін маза бермей келеді. Бұған қарағанда «біздің қазақ емес» те бар сынды.

Сонымен, біздің қазағымыз кімдер?

Қазақтың бұрынғы абыз шалдары «біздің қазақ» арқылы қазақты қалай шығарушы еді?..

Бұған әргі-бергі әдебиетте жауап жоқ. Бар болса сұйық, әрі-беріден кейін сайрақтан соқтасынға шығаратын жылымшы, татымсыз жазбалар. Сол жауапты енді өз тарапымыздан іздестіріп көрейік.

Сұраса келе «қарынбөле шығатын» қарға тамырлы қазақ руға, тайпаға, ұлысқа, жүзге бөліну арқылы бір-бірімен сүйек болып жатады. Қазақтың туыстық ұстыны осылай бөліну арқылы бірігуге негізделген.

Мұнда да үштік өлшем бірлігі бар.

Ағайын, жамағайын және қаймана (қазақ).

Осының ағайындары кімдер деген сауал шығады.

Ағайынымыз – жеті ата ұрпақтары. Ауызекі тілімізге салсақ, сегізінші атаға дейінгі ұрпақ.

Жеті атаны баба не баладан емес, атадан өрбітеді.

Ата – баланың әкесінің әкесі.

Осы атаға келгенде кібіртектеп қалатынымыз бар. Арғы ата, бергі ата деп бір қайырамыз, баба ата деп тағы айналсоқтаймыз, тек ата, түп ата деп тағы да ежіктей түсеміз. Ата сөзінен барып шыққан аталас сөзін де туыстық атауы қылып алдық. Шын мәнінде аталаспыз деген сөз бір атадан тараған немерелерміз деген сөз.

Әке – атаның баласы.

Бала – әке-шешенің ұрпағы.

Немере – баланың баласы.

Шөбере – немеренің баласы.

Шөпшек – шөберенің баласы. Шөпшекті кей жерде шөбшік деп айтушылық бар.

Немене – шөпшектің баласы.

Жеті атамыз осы.

Ағайынымыз осылар.

Ағайын – бір атаның адамдары, сегізінші атаға дейінгі ағайындылар.

Қолымызға Ж.Артықбаевтың «Жеті жарғы» оқу құралын алғанбыз. Толық мәтін деп шекелеген соң екінші тағанына жүгінейік. Оның бірінші параграфы нақ осы отбасы және неке мәселесіне арналған. Неге екенін қайдам, автор қандас туыстықты он екі атаға дейін таратыпты. Сегізінші атаны – туажат, тоғызыншы атаны – жекжат, оныншы атаны – жүрежат, он бірінші атаны – жұрағат, он екінші атаны – ұрпақ деп үкілепті. Әр жағын қанша ақтарсақ та жамағайын мен қаймананы таба алмадық.

Қазақ дауының бір парасы енші дауы болғандықтан бұл мәселелер кітаптан көрініс табуы керек еді.

Осыдан кейін «Жеті жарғының» толық мәтініне сене алмадық. Талдап отырғанымыз «Жеті жарғының» дүниелері емес, кейінгі қолдан жасап, жамағандарымыз. Сегізінші атадан бастап бәрі дүдәмал. Бұл сусаниншілік…Бұл жарға жығушылық…

Тағы бір қазақ этнографы Жұмажан Нұртайұлы «Қазақ болғым келеді…» деген кітабында онекілік тарату жүйесін қолдап шығыпты. Ата тарату тәмсілін былайша түзіпті – ата, бала, немере, шөбере, шөбшік, немене, жүрежат, туажат, жұрағат, аталас, ағайын, рулас.

Мұнда да бірізділік жоқ. Бұл жазбаға қарап, он екінші атаны ру деп қалуға болады. Жиырмасыншы атаңыздың да ру болмауы мүмкін. Қырқыншы атаңыздың ру болмай қалуы мүмкін. Ру болу үшін ең алдымен өскен ата болуы керек, оның көшіп-қонып жүре алатындай жері болуы шарт. Мұның бірі жоқ па – жетпіс жетінші атаңыз да ру бола алмайды. Өзін-өзі қорғай алатын ұрық қана ру атанған. «У ішсең руыңмен» деген сөз содан қалған. Өскен, мықты рулар өз ішіндегі кикілжіңді сыртқа шығармай өздері шешкен. Қыз баланың ұятына бүкіл ру күйген. Қарымтаны бүкіл ру болып төлеген.

Жалпы, жамағайын мен қаймананы ажыратуда қазақ этнографиясында селкеуліктер бар. Заманында Балғабек Қыдырбекұлы, беріде Ақселеу Сейдімбек түзген тәмсілде де бірізділік болмады. Кейінгілер болса атымен маңып жүр.

Ағайынымыз, жеті ата.

Келесі үш ата – жамағайын.

Енді соны тарқата кетейік:

Жүрежат – немененің баласы.

Өз жұртыңның сегізінші ұрпағы әлі бөтен емес, жат болғанның өзінде жүре барып жат болады.

Көрежат – жүрежаттың баласы.

Бұл ұрпақ жат болғанда көріп тұрып жат болады.

Туажат – көрежаттың баласы.

Қазақтың он атасы осымен тәмам болды. Оныншы ұрпақтың атауы айтып тұрғандай ендігі ұрпақ туа жат.

Ағайынымыз бен жамағайынымыз осымен тәмам.

Он бірінші атамыз – қаймана (қазақ).

Бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алғызбаған. Жамағайыннан да қыз алуды қош көрмеген. Сондықтан, жамағайыннан қыз алу үрдісі шын мәнінде жоққа тән. Оның есесіне қайманадан қыз алу жаппай үрдіс алған деп айтуға болады.

Қазақтың ұғымында қайманамыз – қазақ.

Біз қазаққа осылай барып қосыламыз.

Қытайлық қандасымыз, шежіретанушы Думан Жақып «Жеті ата және шежіре» деген еңбегінде жеті ата тәмсілін біріздендіру мәселесін қояды. Орынды-ақ мәселе. Алайда, өзі айтып отырған орнықтыру принципінен тайғанақтай береді. Өйтетіні қазақтың туыстық институтын қолдан жасауға шақырады және өз ұсыныстарын ұсынады. Думан бауырға салсақ, ата сөзінен кейінгі таралымдар ұрпаққа қатысты. Олай болса, бұл тәмсіл дұрыс емес. Дұрысы атадан жоғары санамалау дейді. Осы тұрғыда Нығмет Мыңжанидың жеті аталық ұстанымы дұрыс-мыс. Ол қазақтың жеті ата атауы былайша деп: бірінші – өзің, екінші – әкең, үшінші – атаң, төртінші – бабаң, бесінші – арғы атаң, алтыншы – түп атаң, жетінші – тек атаң деп санамалай жөнеледі. Бұл жерден ешқандай да жеті атаның иісі шығып тұрған жоқ. Осы жерде еріксіз мырс етесің. Әкенің әкесі тек қана әкесі ғана бола алады, ата бола алмайды. Сол сияқты бабаның да әкесі ата бола алмайды. Өйткені, бір мезгілде баба атаның әкесі және атаның баласы бола алмайды.

Бұл тақырыпқа барып жүрген Мақсұтбек Ниязбекұлы өз ұсынысын жариялап үлгерді. Ол есеп бойынша бес атадан қайырсақ та жарайды.

Қайсыбір зерттеушілеріміз Өтелбойдақтың «Шипагерлік баянына» жүгінгісі бар.

Шалдарымыз «біздің қазақ» деп айтқанда руынан шығып, қазаққа қосылған бабаларын айтқан. Қарқаралы қазағының ұғымында «біздің қазақ» бұлар ең алдымен Қаракесектер, соңынан Арғындар, ең соңында Орта жүздер.

Жақында «Астана» телеарнасынан ток-шоу көрдім. Қалқаман Сарин деген ініміздің. Қалыңмал туралы. Сол шоуға кімдер қатыспады дейсіз. Философы да, филологы да, әншісі де, сәншісі де… Тіпті, Парламент депутаты да тіресті. Ақыры жарылғаптанды. Бір жағы қалыңмал керек дейді, екіншісі керек емес деп өзеурейді. Екі жақтың да тұтығатыны – қалыңмалдың көлемі. Бір қарындасымыз теңімді тапсам тегін барамын деп өңмендейді. Әлгі депутат апайымыз дипломды қыздың қалыңмалы үш мың доллар деп шегеледі. Бұл санды неге сүйеніп айтқанын бір құдайым білсін?! Ең құрымағанда Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал» романын қарамай ма?

Қалыңмал жөнінде көп жазған Халел Арғынбаевтың жазбаларынан да тұщымды жауап алу мүмкін емес. Қазақтың тағы бір Ахаңы – Ақселеу ағамыз да жалтарған бұл сауалдан. Жамбыл Артықбаев ініміз «Жеті жарғы» кітабында жіліктеп бере алмапты. Онда қалыңмал жөнінде міндетті түрде бап болуы керек. Алайда, ғалым жазбасынан жадағайлықтан басқа ештеңе таппадық.

Қалыңмалдың көп мал екені белгілі. Сонда қанша болғаны? Ел қашқан сауалға енді біз жақындап көрейік.

Қазақпыз ғой, қалыңмалдан мың айдағандар болған шығар. Алайда, көпшіліктің білетіні – екі өлшем. Бірі – қырық жеті де, екіншісі – отыз жеті. Неге екі түрлі? Енді соны қаузап көрелік.

Ең бастысы қалыңмал айдағаннан байыған қазақ болмаған.

Қалыңмалсыз қатын алған қазақ та болмаған.

Өйткені, қазақта кәдесіз қыз болмайды.

Мейлі ол соқыр болсын, мейлі ол ақсақ болсын, мейлі ол ер дауысты болсын, мейлі ол кер дауысты болсын – оның қалыңмалы болады. Оның қалыңмалының өлшемі де белгілі. Не қырық жеті, не отыз жеті. Қалыңмалдың мұнан басқа өлшемі жоқ.

Қалыңмалдың басты өлшемі үш тоғыз. Яғни, тоғыз жылқы, тоғыз түйе, тоғыз қой. Бұлардың басы жиырма жеті. Қалған жиырмасы ешкі.

Отыз жеті бергенде де үш тоғыз өзгермейді. Кейінгісіндегі ешкі саны – он.

Сиыр атымен қалыңмалға кірмеген.

Қалыңмал мөлшері неге екі түрлі десек, біріншісінде бала тоғыз ай тоғыз күнінде келген, яғни, бала анасының құрсағында қырық апта жатқан. Апта дегеніміз жеті деген сөз. Демек бала анасының құрсағында «қырық жеті» жатқан. Қырықты жетіге көбейтсек 280 күн болады. Тоғыз ай тоғыз күніміз осы!

Толық күнімен дүниеге қыз бала келгенде «қырық жеті» деп сүйіншілеген!

Қыз бала дүниеге шала келгенде «отыз жеті» деп сүйіншілеген!

Өйткені, ол анасының құрсағында отыз жеті апта жатқан. Отызды жетіге еселесек 210 күн шығады. Бұл жеті ай деген сөз. Шаламыз осы.

Қыз бала дүниеге келіп, сүйінші сұраған адамға қыздың әкесі тоғызбасы жетелетуге міндетті болған. Тоғызбасы деп отырғанымыз не жылқы, не түйе, не қой. Солардың бір басын жетектеткен.

Мұндай жағдайда ешкі атамаған.

Осы күні не көп? Той көп. Институт бітірсе де той, бірінші сынып бітірсе де той.

Сондай тойлардың бірі – қыз ұзату тойы. Бүгінде оны үйлену тойынан кем өткізбей жүр. Оған да екі-үш жүз адам шақырады. Оған екі-үш бас қара шалады.

Бұл тойдың басқа тойларға қарағанда сұңқылы көп. Елдің қабағы ашылмай отырады. Ел балаларының қуанышына емес, ренішіне жиналған сынды. Асабасы да, жинаған әншілері де сұңқылдаған соң қалғандарына не жорық. Көзі мен мұрындарының суына ие бола алмай отырады. Қойшы ақыры, той да аяқталуға жақындайды. Бала жаңа отбасына кетуге айналады. Сол кезде баланы жетектеп әжесінің алдына әкеледі. Бата сұрайды.

Жылап-сықтап әже батасын береді…

Ал, төрде отырған көпей шалдардың мұнымен жұмыстары жоқтай.

Бата берген дұрыс-ақ. Батамен ер көгереді. Батагөй ақсақалдарды ат жібертіп алдырған. Жүруге жарамай қалғанда баланың жанына кісі қосып жіберген.

Әлімсақтан батаны ер азамат қайырған. Қардың бата қайырғанын бүгінде көз көргенімен, кешеде естілген емес.

Бата қайыру – ердің еншісі.

Әйел баласы – шайтан. Шайтан ер-азаматты дұрыс жолдан әйел арқылы тайдырады. Әйел қалмағанда еркектің көзіне әйел болып көрінген.

Бата тірілердің еншісі.

Дұға – аруақтардың еншісі.

Дастарқан басында кіл әйел жиналғанның өзінде әйел баласы бата қайыра алмайды. Қайырамын десе пішпеден өткен баласы немесе немересінің қолын сыртынан алып бата жасаған. Мал сойғанда да солай. Өз қолын сыртынан салып, ер баланың қолымен сояды. Дұға бағыштаса да солай.

Қазақта күйеу бала бата қайырмайды. Себеп – күйеу қызының қойындасы. Осындай себеппен жиен де бата қайырмайды. Өйткені, ол – қызынан туады. Өйткені, ол – күйеу баладан туады.

Қазақ салтында бата дастарқанға қайырылады.

Ал, бата сұраудың жолы атымен бөлек.

Ертеректе Қызылордаға барғаным бар.

Содан дастарқанға отырайық. Көп ұзамастан қызыл қарбыз келтірілсін. Жиналғандар бата сұраймыз десін. Ниеттеп отырғандары – мен. Өйткені, мен алыстан келген қонақпын. Енді мен қысылайын. Өйткені, бізде қарбызға бата сұрамайды. Және бізде батаны сойыс малға береді. Дастарқан басына табақпен келгенде басқа жасайды. Мен осыны айтайын. Олар да шалқаларынан түсті. Бізде батаны дәмге қайырады деп.

Ал, менің есіме батаға байланысты басқа бір әңгіме түскен. Арқада атақты Қырбас батыр, Қырбас бай деген өткен. Атақты Қанжығалы қарт Бөгенбайдың күйеу баласы, атақты Көкбөрі Жарылғаптың баласы. Одан атақты Арқаның асу бермес биі Бәйсейіт туады.

Сол Қырбас бай Арқадағы Тобықтының асына барыпты. Жасына қараса да, жолына қараса бата жасау Қырбастікі екен. Алайда, ол отырған дастарқан табағында бас болмапты. Соған орай, Қырбас астан сынық қайтады.

Содан замандардан замандар өтіп, әлгі елге Қырбастың баласы Бәйсейіт би барады. Бұл да бір үлкен ас екен.

Сол аста жасы да келіп отырмаса да, жолы да келіп отырмаса да Тобықты ағайындар Бәйсейіт алдына бас келтіріпті.

Сонда Бәйсейіт:

– Шабыңдар Қырекеңе! Жеткізіңдер басын. Құйқасынан дәм татыра алмасаңдар да батасын алып қайтыңдар!.. – депті.

Сол бас қайтып келгенше дастарқан басындағылар орындарынан тұра алмапты дейді.

Тағы да есіме Қызылорда түсіп отыр. Бізден делегация барады ғой. Мәдениет күндерін өткізуге. Оның ішінде, облыстық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Дулатбеков, ҚарМТУ-дің ректоры Арыстан Ғазалиев, «Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Айқын Несіпбай болады. Дәм қайыруға келгенде дастарқан иелері жолды Нұрланға беріпті. Қалай дегенде қызметі үлкен ғой, оның үстіне делегация басшыларының бірі. Алайда, Нұрлан «аға баласы отырғанда біздер бата қайырмаймыз» деп жолды Айқынға береді. Ал, Айқын «қожа отырғанда қазақ баласы бата қайырмайды» деп жолды Арыстанға беріпті.

Дастарқан басында отырғандар әбден разы болыпты.

Нұрланға бірден Арыстанға жол беруіне болатын еді ғой. Жоқ, ол олай істей алмайды. Оның аға баласының жолын тағы бір атап өткісі бар. Ол батаны аға баласы берсін дейді. Қандай жарасымдылық! Қандай әдемілік!

Сол дастарқанда өзім де болдым. Арыстан да бірден қол жаймаған. Жан-жағына қаранған. Басқалар түсінбесе де біз түсіндік. Ол төре тұқымын іздеген еді…

Жоқ еді дастарқан басында төре тұқымдары. Сонда да Арыстан қолын кеудесіне қарай ала қоймаған. Ол енді төреге есептерді іздестірген. Төре жоқта Тарақты төреге есеп. Төре жоқта Табын төреге есеп. Төре жоқта Жалайыр төреге есеп.

Түсінгенге бұл да тәрбие мектебі. Сөзбен емес, амалмен айналасын тәрбиелеп берген бұл бауырларымызға қалайша сүйсінбейміз?!

Елден шыққан ершектерді «аузында батасы, сөзінде бәтуасы жоқ» деп тезге салып жатады. Мұндай тезге түскендердің кейінде арба іздері түзу болады.

Осы бата мен бәтуа сөздерінің түбі бір.

Ең алдымен, оның қасиетті Құран Кәрімдегі бірінші сүренің атауы екендігін айтқанымыз жөн болар. Олай болса, бата да қасиетті сөз болып шығады. Ол кез келген жерде айтыла бермеген.

Бата иман сөзі болғандықтан, әлімсақтан тұрмысымызға мықтап енген. Ол Құдайдың бергеніне шүкіршілік етуімен байланысты. Адамның басты байлығы – денсаушылығы. Ал, сол денсаушылығымыз ең алдымен дәмге қатысты. Ол тән саулығына бастайды.

Аста да имандылық бар. Бата жүрген жерде қанағат жүреді. Жоққа салауат айту, барға қанағат жасау – бұл жан саулығы. Олай болса, Құдайдың адалынан берген дәміне бата жасау – пендесінің мойнындағы парыз. Ол дастарқан үстіндегі дәмнің азды-көптігіне, дастарқан басындағы адамдар санына байланысты емес.

Бата дәмнің алдынан және соңынан беріледі.

Жақсы сөз жан семіртеді. Бата сол жақсы сөздің мәйегі. Ендеше батамен жан семіреді, күнәкерліктен сақтандырады. Ал, һарам асты тұтыну үлкен күнә болып табылады. Дастарқан басында ондай «дәм» болғанда бата жасалмайды.

Әдетте дәмге батаны ақсақалдар, не болмаса еліне сыйлы азаматтар немесе жолы үлкендер қайтарады.

Ертеректе дәмнің алды-артынан дұға оқылған. Діннің Кеңес заманында тәрк етілуімен ол кейінде жай ғана бата түрінде – дәм беруші үй иесі мен дастарқан басындағыларға игі тілек, алғыс айту түріне ауысқан.

Бұған қарап бата мен дұғаның бір-бірінен алыс ұғымдар еместігін аңдауға болады.

Халқымызда бата оқыр деген ұғым бар. Оның мәнісі дүниеден қайтқан адамға дұға оқу.

Бата алмай қазекем сапарға шықпаған. Бата жасалмай қандай іс болсын қолға алынбаған.

Есімдері елге жайылған жандардың батасын алуды қазекем үлкен ырымға жорыған. Сондықтан, ат тұяғы жетер жерден ондай адамдарды арнайы ат жібертіп алдырып, мал сойып, батасын алған. Бесіктегі баласының аузына түкірткен. Жер шалғай болған жағдайда баласын ашамайға отырғызып, жанына серік қосып жіберген.

Бата берушінің мойнында үлкен жүк бар. Бата – киелі ұғым. Аты шыққан адамдар алдына келгендердің бәріне бірдей бата бермеген. Сынына толғанда ғана берген.

Не нәрсе болсын оның міндетті түрде жұбы болады. Батаның да жұбы бар. Ол – теріс бата.

Бабаларымыз қорыққанда осы теріс батадан қорыққан. Соған орай, оны ауызға алмауға тырысқан. Батаның терісі болған соң оның оңы да болу керек қой. Алайда ол бізде жоқ. Оң батаны ерекшелемей жай ғана бата деген.

Бата атауының түп-төркінінде осындай ұғымдар мен нанымдар жатыр. Алайда, өмір болған соң бәрі де болады. Соған орай, теріс бата да бой көрсетіп қалады. Бір ерекшелігі ондай батаны ең жақын адамдары берген. Демек, теріс бата шалт әрекеттермен байланысты берілген. Ол қасиетті, киелі ұғымдармен кірігіп жатыр. Ондай әрекеттер үлкен күнә, кешірілмес қылмыс саналған. Оның жазасы да үлкен, ел естімеген жаза. Ол – теріс бата.

Мұндай жаза тұтастай елдің бетіне түскен шіркеу ретінде бағаланған. Сондықтан, мұндай жазалар ілуде-шалуда қолданылған.

Теріс бата қолдың сыртымен берілген. Мұндай бата көпшілік алдында жасалған. Себебі белгілі – ондай оқыс әрекеттер қайтып қайталанбасын дегендік. Мұндай баталар негізінен опасыздық жасағандарға, сатқындыққа жол бергендерге, бата бұзғандарға берілген.

Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа кетеді деп түсінілген. Сондықтан, оның алдын алуға бүкіл ағайын, жамағайын, ру болып жұмылған.

Алайда, бата бұзушылардың жоғарыдағыдай жазадан құтылып кететін сәттері де болған. Ол жыл басы – наурыз айымен байланысты.

Бұл айда берілетін батаны наурызбата деген. Наурызда теріс бата жүрмеген. Сондықтан да атастырылған күйеуін олқысынған қыздардың сүйген жігіттерімен қашып кету оқиғалары осы айға келген.

Оның есесіне кейінгілерді мұндай шалт қадамдардан сақтандыру жазасы «белгіленген». Ол – бәддұға/с/.

Бәддұғас екі сөзден тұрады. Біріншісі – бата, екіншісі – дұға деген сөзден. Бәддұғаста жай ғана бата берілмей, дұғасы да оқылады. Демек, бұл да ауыр жаза болып табылады. Оны да күнәкардың жақын адамдары берген.

Теріс батадан бәддұғастың айырмашылығы – бәддұғаста оқылған дұғаны жетінші ұрпақтан дұға оқу арқылы қайтаруға болады-мыс.

Екінші бір ерекшелігі наурыз айында бәддұғас айту міндетті емес. Сондықтан, оны ешкім сөкпеген. Басқа жағдайда не теріс бата, не бәддұғас берілген.

Сонымен, «біздің қазақтың» да жиегіне шыққан сындымыз.

«Біздің қазағымыз» да неке институтына бастайды.

Олай болса, ер-азаматтың қалған екі жұртын да түгендей кетейік.

Нағашы – шешенің төркін жұрты.

Таға – нағашының баласы.

Қырғыз ағайын нағашыны таға дейді. Түстіктің қазақтары да осы мағынасында қолданады.

Тағай – тағаның баласы.

Таңай – тағайдың баласы.

Жанай – таңайдың баласы.

Қанай – жанайдың баласы.

Маңай – қанайдың баласы.

Нағашының һәм жиеннің сегізінші ұрпағын қазақтар қаймана деген.

Қаймана сөзі туыстық ілік-шатыстықтың жоқтығын білдіреді. Қаймана қазақ деген сөз осыдан шыққан.

Нағашыны тарату тәмсілін зерделесек, қисынды бірізділікті аңдауға болады. Нағашының бесінші ұрпағының жанында, алтыншы ұрпағының қанында ғана «нағашылық» қасиет бар. Ал, жетінші ұрпағында нағашыдан маңайлық қана қасиет қалады.

Жиен – қыздан туған балалар.

Қазақта жиен жұрт деген ұғым жоқ. Халқымыз «Жиен – ел болмас» деп тұқыртып, «Жиен назары жерде қалмайды» деп аспандатады. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деп жиенді өз алдына ел қылып шығаратын да біздің қазақ.

Жиеншар – жиеннің баласы.

Дегеншар – жиеншардың баласы.

Көгеншар – дегеншардың баласы.

Көбеңшар – көгеншардың баласы.

Тебеншар – көбеңшардың баласы.

Өлеңшар – тебеншардың баласы.

Халқымыз жиенді де жеті атаға дейін ғана таратады. Сегізінші ұрпағын жоғарыда айтқанымыздай қаймана дейді.

Сонымен, ойға алған ниетіміздің ұшпағынан шықтық-ау дейміз.

Қазақ болу үшін алдымен «біздің қазақ» болуымыз маңызды.

Өйткені, не нәрсе болсын тегіне тартады.

Ал, текті білмеу – надандықтың басты белгісі.

Абай һәкім айтпақшы, «наданнан һәкім тумайды».

Төрехан Майбас,

жазушы-этнограф