Бас тақырып

Қазақтың Қазыбегі батыр атағына екінші рет ұсынылған ба?

Қазақ топырағында тұрып қазақ баласынан Қазыбек Нұржанов кім деп сұрауға тайсақтайсың… Оған себеп көп.

Соның бастысы, біздің Ұлы Отан соғысына деген құрметіміздің уақыт өткен сайын кемшін тарта түсуінде болса керек. Бала кезімізде ауылдағы, керек десеңіз, аудандағы соғыс ардагерлерін түгелдей білуші едік. Әлі де жадымызда. Ал, қазіргі ұрпақ ауылдағы жалғыз ардагердің аты-жөнін де біле бермейді.

Қазақ баласы Қазыбек Нұржановты білмейді десек, асылық болады. Көкке көтере қоймаса да жерге тастамаған. Шалғай жатқан елді мекендерде бірді-екілі көше бар-мыс, пионер, әлде дружина атаулары бар, Ақтоғай ауданы орталығында белден жоғары мүсіні бар. Әлде күрестен, әлде волейболдан мектепішілік, әлде мектепаралық, әлде ауыларалық жарыс өтіп тұрады. Бары, біткені осы.

Белорусь баласын түн ішінде түртіп оятып:

– Қазыбек Нұржанов кім? – деп сұрасаң…

– Совет Одағының Батыры! – деп таңдайы тақ ете қалады.

Өзіміздің қарадомалағымыздан сұрай алмайсың.

– Ол кісі кім еді? – деп өзіңнен сұрайды.

Бетіңнің оты шығатын-ақ жайт.

Алайда етіміз үйреніп кеткен. Бетіміз түсін бермейді.

Жалпы, бізді Батырмен не байланыстыра- ды?

Санамды әрі-бері осқылаймын. Сондағы тапқаным… Ертеректе, осыдан бір қырық бес жыл бұрын Қарағанды қаласының сыртқарысында Қазыбек Нұржанов атында көше барлығы есіме түссін. Бүгінде соның орны да жоқ. Басқа мекен-жайға көшіп кеткен-мыс.

Есесінде Белорусь жерінде бар. Волковыск қаласының әсем де көрікті бір көшесі Қазыбек Нұржанов есімімен аталады. Сондағы мектептердің барлығында мұражайлары бар екен. Солардың барлығында да батыр бабамызға арналған бұрыш бар.

Қазыбек бабамыз жоқтаусыз қалатын тұлға емес, әрине. Шам алып түспеді демесек, іздеушілер, жоқшылар қашанда болған.

Олардың алғы легінде батырдың бауыры Өзбек Нұржанов та болған.

Өзбек ағамыз да ағасының жолын қуып, ауылының, қала берді ауданның белді ұстазы атанады. Ұзақ жылдар бойы Қазыбек Нұржанов атындағы мектепке жетекшілік жасайды. Сол заманның өзінде батыр ағасын іздеуге талпыныс жасайды. Соның реті өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдардың бел ортасында түседі. Аудандық әскери комиссариат арқылы құрамында он төрт адам бар делегация Белорусь топырағын басады.

Одан кейін де іздеушілер легі толастамаған. Қазақтың белгілі ақыны Жеңіс Қашқынов ағамыз да батыр бабасының аяғы тиген жерді басыпты. Жергілікті мектептерде болып, жалындап жыр оқыпты. Өлең де арнаған, дастан да жазған. Батыр бабамыз жөнінде арнайы кітап та шығарыпты.

Сонымен айтып отырған Қазыбек Нұржановымыз кім?

Қазыбек Нұржанов Ақтоғай ауданының Қоңырат шаруашылығының Үшарал деген жерінде туған. Шаруа жастар мектебінде, Қарқаралы педтехникумында оқып, кейіннен ауыл мұғалімі болады. 1939 жылы әскер қатарына ауылдық мектепте жүргенде алынады.

Соғысқа 1942 жылдың сәуірінен кіреді. 1944 жылдың жазында Кеңес әскерлері Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі екі жарым мың шақырымды алып жатқан алапта қарсы шабуылға шығады. Батыр бабамыз құрамасы Батыс Белорусь жерлерін жау қолынан азат етіп жатады. Осы аралықта ол Дубровка, Городище, Красно-Сергевск, Орел қалалары үшін болған қанды шайқасқа қатысады. Зуш, Десна, Сож, Днепр, Друть, Березина өзендері кесіп өтуде ерлік көрсетеді. Осы ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медалімен, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз және «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденімен наградталып үлгереді.

Сол жылдың 22 маусымында 61-танкке қарсы атқыштар дивизиясының командирі, майор Михеев Қазыбек Нұржановты Совет Одағының батыры атағына ұсыну парақшасына қол қояды.

Қазыбек Бейсенұлы Волковыск қаласын алу кезінде 1944 жылғы 14 шілдеде көзсіз ерлікпен қаза болады.

1945 жылғы 24 наурызда СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Совет Одағының батыры атағы беріледі.

Бұл жерде есте тұтатын нәрсе – Совет Одағының батыры атағының бабамызға қаза болғаннан кейін берілгені.

Жарлықтың түпнұсқасы батыр бабамыздың кенжесі Манарбек Нұржановтың үйінде сақтаулы тұр. Ол ағамыз да бүгінде бақилыққа озған. Қара шаңыраққа қазір Мәкеңнің ұлы Марат ініміз ие болып отыр. Сол үйдің төрінде осы Жарлық ілулі тұр.

Былтыр ағалар салған жолмен біздер де Белорусь топырағын басқанбыз. Қазыбек бабамыз тыныстаған ауамен біздер де тыныстағанбыз.

Араға жетпіс жыл уақыт түссе де белорусь жұрты Қазыбек Нұржанов есімін ұмытар емес. Жетпіс жыл бойы батырға қатысты дерек жинап келеді.

Белорусьтіктер батыр бабамызды өз батыры деп біледі. Сол батырларын мәңгі есте сақтау бойынша біраз жұмыс жүргізді. Волковыск қаласының бір көшесіне, жергілікті мектептің бір пионер дружинасына Қазыбек Нұржанов есімі берілген. Мектеп мұражайына батырға қатысты экспонаттар топтастырылған. Ол аз десеңіз, жыл сайын жеңіл атлетикадан оқушылар арасында жарыс өткізіп тұрады. Қырқыншы рет өткізілген сол додаға бірде бір рет қатыспаппыз.

Айтары жоқ, жергілікті қызыл ізшілер көп жұмыс атқарыпты. Батырдың қалай қаза болғанын анықтаған. Бұған дейін 1944 жылғы 14 шілдеде қайтыс болды делінген болатын. Қаза болған жері де белгісіз еді. Кейінгі одақтық құпия мұрағаттардың ашылуымен батырдың қаза болған уақыты нақтыланады. 1944 жылғы 24 шілде… Ал 28 шілде күні Белорусь соғыс қимылдары тоқтайды…

Гвардия аға сержантының осы Волковыск үшін соғыста көзсіз ерлік көрсетіп, ауыр жараланып, госпитальға түскені айтылады. Одан арғы деректердің бәрі күмәнді еді.

Белорусьтік ағайындар осы жарақаттан батырдың қаза болғанына сенімді. Госпиталь құжаттарын зерттей жүріп олар Қазыбек Нұржановтың Деречин селосында Казбек Муржаков боп жерленгенін дәлелдеп шығады.

Басқа деректерде Қазыбек Нұржановтың Берлинге дейін барғаны көрсетіледі. Жоқшы жалғыз Жеңіс ағамыз емес еді.

Қасымхан Қаленов ағамыз – қаламын кеш сілтеген азаматтардың бірі. Заманында хатшы болып істеген, білім беру саласында да бір адамдай тер төкті, кейінде «Жезқазған туы» газетінің Ақтоғай ауданы бойынша меншікті тілшісі болды.

Мен өзім осы екі ағаммен жақсы сыйлас болдым. Қаскең Жеңіс ағамнан бұрын Белорусь жұртына Батырды арнайы іздеп барған азамат. Ел сенген ақпарға осы Қасымхан ағам сенбеді. Бір кездескенімізде осының жөнін сұрағам.

– Тарих ғылымының кандидаты Калистратовтың «Қазақстан мектебі» журналында «Ұлы Отан соғысы» тақырыбын мектепте өту туралы» деген зерттеу мақаласы басылды. Сол мақалада «Берлиндегі ерлік қимылдары үшін Нұржановқа Совет Одағының Батыры атағы берілді» делінген. «Қазақстан мектебі» жай журнал емес, партиялық журнал, ол бөстекі әңгіме баспайды. «Қазақ ССР тарихы» оқулығының ІІ томында да Қазыбек Нұржановтың Берлинге дейін барғаны айтылады, оны жазып отырған анау-мынау емес, академик А.Нүсіпбеков болатын. Ал, оқулыққа әбден зерттелген, сұрыпталған деректердің енетінін өзің де білесің, бұл бас кететін жұмыс, – деген.

Жеңіс ағамды тоқтатқан осы деректер еді.

– Осының абыройын Қаскеңе берейік, – деген ақын ағамыз.

Қаскең Совет Одағында болған кейінгі сілкіністерге байланысты зерттеулерін аяқтап үлгермеді, қол қысқалығынан тоқтап қалды.

– Біз әлі өз сөзімізді айтамыз!.. – дейтін Жеңіс ағамыз.

Бұған қарағанда Жеңіс ағамыз да біраз дүние жинап, зерттесе керек. Бүгінде Қасымхан ағамыз да, Жеңіс ағамыз да ортамызда жоқ.

Бәлкім, ол кісілердің кейінге қалдырған жазбалары бар болар?

Бір қуанарлығы Жеңіс ағам бабамыздың есімін Қазбек емес, Қазыбек деп орнықтырды.

Ал Қаскеңнің ойы, ниеті алыста жатыр еді.

– Біздің бабамыз туған топырағына екі мәрте Совет Одағының Батыры болып оралады, – деуші еді жақсы ағамыз.

Ойланатын жайт.

Бүгінде Белорусь елімен қарым-қатынасымыз жақсарды, оның ішінде Қарағанды мен Минск арасы жақындай түсті. Олардан бізге, бізден оларға іскерлік делегациялары барып қайтып жатыр.

Қасымхан, Жеңіс ағаларымыздан қалған аманат әлі күнге дейін жанымызға тыншу бермей келеді. Олар ойлағандай, Қазыбек Нұржанов Совет Одағының Батыры атағына екінші мәрте ұсынылған ба?

Басқа басқа, СССР Жоғарғы Совет Президиумы Жарлығында батырдың өлгендігі жөнінде айтылмаған…

Көшпелі госпиталь қазіргі ескерткіш тұрған жерде орын теуіпті. Қайтыс болғандарды іргесінде жерлеген. Сондықтан да, бауырластар зиратын іздеп әуре болмаған. Ең алдымен, Қазыбек Нұржанов бабамызды анықтаған. Алғаш бетте естілуі бойынша Казбек Муржаков болып жазылып кеткендіктен, оны қайтып орнықтыру оңайға түспеген. Сонан кейін қалғандарын түгендеген. Бүгін сол белгісіздердің сексен бесінің есімі анықталған.

Бір ғана ескерткіштің қас бетіне жазылған тізімдерге қарасаңыз қазақы текесімдерді кездестірер едік. Қатардағы жауынгер Ашуров И. (Әшіров), сержант Бадилов М. (Бәділов), сержант Бакалов А. Б. (Бақалов), қатардағы жауынгер Беляев И.А. (Біләлов), аға сержант Джакунов Д. (Жақынов), сержант Жариков Н. Т. (Жарықов), сержант Кенжетаев Ж…

Мұнда жыл сайын шеру өтеді екен. Ақ- панның 21 күні. Қырық жылдан бері. Өйткені, бұл күні Қазыбек Нұржанов атындағы жеңіл атлетикалық жарыс басталады. Ал 23 ақпан – бұл әскерилердің төл мерекесі. Байқап отыр- ғанымыздай бәрі ойластырылған. Еріксіз разы боласың.

Волковыск топырағынан бес батыр шыққан екен. Солардың ішінде Қазыбек Нұржановқа деген жергілікті тұрғындардың құрметі атымен бөлек. Шаң жуытпайды. Қазақ белорусі дейді. Содан жанымыз семірсін. Совет Одағының батыры атағын алған 528 қазақстандық бар. Солардың бірде біреуінің құрметіне шетелде жарыс өткізілмейді.

Мұндай құрметке ие болған тек Қазыбек Нұржанов қана!

Өкініштісі, сол деңгейдегі жарыс өзімізде өтпей келеді…

Төрехан МАЙБАС,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button