Рухани жаңғыру

ҚАЗАҚ ТІЛІ ДЕГЕНІМІЗ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ДЕГЕН СӨЗ!

(Жаһандану кезіндегі ұлттық мәдениеттің көкейкесті бір мәселесі)

Жаһандану процесі кезінде Қазақстан қандай бағыт-бағдар ұстану керек деген сауалға жауап іздеу – бүгінгі күннің басты тақырыбы десе болады. Біз өркениет көшіне өзінің ұлттық үрдісімен ілескен Жапония дәстүрін ұстануымыз керек. Олар өзінің ұлттық кескін-келбетін көзінің қарашығындай сақтап, дүние жүзі ғылым мен техникасы, мәдениеті мен әдебиетінің озық үлгілерін ұлттық болмыс-бітіміне сорғыштай сіңіріп алған ел! Біз де солай болуымыз керек!

Бір қоғамдық-экономикалық формациядан екінші формацияға өту оңай болған жоқ. Қазақстанға, ең әуелі экономиканы жолға қойып, нарықтық қатынастарды меңгеріп алу керек болды. Біздің ел бұл өткелектен аман-есен өтті десе болады. Енді, Елбасымыз ұлттық-рухани жаңғыру мәселесін алға қойып отыр.

Қай ел, қандай жұрттың болсын, ұлттық рухы, ұлттық жан дүниесі ұлттық әдебиетінен бастау алып, ұлттық әдебиетінде ғана саф алтындай сақталып тұрады. Ұлы орыс халқы дегеніміз – ұлы орыс әдебиеті: Пушкин, Толстой, Гоголь, Тургенев, Достоевский, Вознесенский…

Орыс тілі, орыс ділі, орыс әдебиеті болмаса жер бетінде орыс халқы да жоқ болар еді. Қазақ халқы, қазақ ділі дегеніміз де – Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті еді. Асан Қайғы, Ақтамберді, Шалкиіз, Қазтуған, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалилар еді ғой! Қазақты сақтап қалатын Қазақ әдебиеті еді. “Я считаю великими три языка из всего числа мировых языков – это русский, французский и казахский” – деген ғаламдағы ғажайып ғұламалардың бірі һәм бірегейі В.Радлов. Біз мұны енді ғана түсіне бастағандаймыз…

Туасы неміс, қазақ жазушысы Герольд Бельгер орыстың Академиялық үлкен сөздігінде 120 488, Дальдің 4 томдық сөздігінде 200 мың әдеби сөз бар екенін айтады. Ал, Қазақтың Түсіндірме сөздігінде 2 млн. 550 мыңдай сөз бар екен!

Осыншама бай тілдің тарих сахнасынан құрып кетуі, мүлде, мүмкін емес!

Ең әуелі – қазақтың ұлттық рухын көтеруіміз керек еді! Экономиканы көтеріп алайық деді… Рух көтерілмей, – ұлт та, қазан да, азан да көтерілмейді екен, – жаңа біліп отырмыз! Қазақстан Жазушылар одағы – аңшылар одағы, ит қорғаушылар секілді болып қалды…

Капитализмнің бір қатал заңы бар: кім жұмыс істейді – ақысын алуы керек! Теңгедей немесе доллармен! 1991 жылдан, Совет Одағының шаңырағы шалқасынан түскеннен бері жазушыларға қаламақы төленбейді десе де болады! Қазақ жазушыларына! Орыстарда – басқаша.

Қазақ Ұлты дегеніміз – Қазақ Тілі деген сөз! Қазақ Тілі дегеніміз – Қазақ Әдебиеті деген сөз!

Жазармандар арасындағы: “Сен – дәлдүріш! Мен – талант!” деген көйіткен бір көкетантық әңгіме бар… Сенің талант екеніңді екінің бірі, егіздің сыңарының білуі шарт емес. Заманында Абайдың ақын екенін бір қазақ білген жоқ, – Әлиханнан басқа, Әуезовтен басқа! Абайдың ақын ғана емес, Хакім екенін біз де әлі білмейміз ғой?! Білсе, – саусақпен санарлықтай қазақ біледі! Дүниежүзілік әдебиеттің сорпа бетіне шығарын тұла бойына сіңіріп алған құдайы көршіміз, бізден гөрі мәдениеттілеу дейтін орыстың өзі де білмейді әлі Абайды! Неге? Абай орыс тілінде сөйлей алмай жатыр әлі! Бұл кімнің кінәсі?! Кімнің кім екенін Алла ғана, –Уақыт пен Тарих қана біледі!

Қазақ жазушыларының маңдайына енді жалғыз ғана миссия жазулы тұр: туған елімізбен дүние жүзіне айналасы жетпіс-ақ жыл ішінде мәңгі өлмес классикалық дүниелер ұсынған осынау бай да, құтты, қуатты Қазақ Тілінде Әлемдік Классикалық Әдебиетпен бәсекеге түсе алатын көркем туындылар жазу! Ұлы әдебиеті бар Ұлттық Тілді ешкім ұрып, өлтіре алмайды!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button