Жаңалықтар

“Қазақтану” жобасы – рухани құндылық

Республикалық этномәдени бірлестіктер мен өңірлердегі «Қоғамдық келісім» мекемелерінің басшылары тоқсан сайын дәстүрлі тәжірибелік семинар өткізеді. Жиында өңірлердегі қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудағы ҚХА мен «Қоғамдық келісім» КММ атқарған жұмысына, қолданған тәсілдеріне тоқталады. Қарағандыда өткен семинар барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуы аясында «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру жұмыстары сөз болды.

Жалпы жобаның Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптейтіні белгілі. Сондай-ақ, этнос түріне қарамастан, қазақстандықтардың ортақ мәдени коды – біртұтас құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи сана негізінде халықтың бірлігін нығайтуды көздейді. Сондықтан, «Қазақтану» жобасының аясына «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобаларын қосып, ерекше атап өткен жөн. Бұл жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі айтып берді.

ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Азат ЖОЛДЫБАЕВ:

  • Аталған жобаларды әзірлеу ұлттық мәдениетті, Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, сақтау және дамытуға бағытталған ҚХА міндеттерін айқындайды. Этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жұртшылық пен Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өткен болатын. Дәл осы бағдарламада «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының принципі анықталды. Бұл жобаның мақсаты – қазақ халқының рухани құндылықтары негізінде қазақстандық бірегейлік пен патриотизмді нығайту болып табылады. Жастарды, жұртшылықты өзінің туған жеріне, өсіп-өнген ортасына ұқыпты қарауға тарту және тәрбиелеу де басты басымдықтардың қатарында.

Азат Амандықұлының айтуынша, жобалар нәтижелі жүзеге ассын деген ниетіміз бір болғандықтан, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына тоқталып өту аса маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, оның Ассамблеяға тікелей қатысы бар. Мәселен, қоғамға ХХІ ғасырдағы халықтың бейнесін айқындайтын адамгершілік бедел қажет. Осыған байланысты жобаны іске асырудың қадамдық алгоритмі әзірленді. Кандидаттарды бағалау үшін арнайы сараптамалық кеңестер құрылған.

Сондай-ақ, жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Виталий Тварионас, облыстың Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары Бекзат Алтынбеков, Деспина Ивановна сөз алды. Семинарда ҚХА мүшелері және республика өңірлерінен келген «Қоғамдық келісім» КММ басшылары және этномәдени бірлестіктердің төрағалары ҚХА мен «Қоғамдық келісім» КММ арасындағы ынтымақтастық шараларын пысықтады.

Тоқсан сайынғы кездесу Достық үйіндегі экскурсиядан бастау алды. «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының тұжырымдамасына негізделген «Күй керуен» және Арқа жыршылар мектебінің ақындары мен өрендері семинарға қатысушыларға арнау айтты.

Ал, «Шабыт» арт-галереясы Елорданың 20 жылдығына арналған «Астана – бейбітшілік пен мейірімділіктің астанасы» экспозициясын таныстырды. Қазақтың киіз басу өнерін оқыту бойынша өткен шеберлік-сыныбы көптің көңілінен шықты.

Батыс Қазақстан облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал ИХСАНОВА:

– «Қазақтану» жобасы – өзге ұлттарға қазақ елінің тарихын, мінезін, тілін танытады. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Ерекше бастама. Осындай басқосулар Батыс Қазақстан облысында өтіп, бірлестік өкілдері тәжірибе алмасты. Тоқсан сайынғы семинарлар бағытымызды айқындап, жобаның аясын кеңейтуге септігін тигізді.

Этномәдени бірлестіктердің басшылары дөңгелек үстел басында тәжірибе алмасты. «Медиация – жаңаша ойлауды қалыптастыру тәсілі» тренингінде жаһандану кезеңінде жаңа жобаларға тоқталды. Жаңалықтарға батыл қадам жасау керектігін айтты.

Жиында Бекзат Алтынбеков: «ҚХА-ның барлық шаралары Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған. Бүгінгі таңда медиация – дауларды реттеудің өзекті құралы. Біз оның орталық буыны – Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық өзара іс-қимылдың тиімді институтына айналғанын атап өтеміз», – деді.

Жиында ҚХА аясында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар сөз болды. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғылыми зерттеулер кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Шаяхметов «Қазақтанудың» мәні мен мазмұны, міндетіне кеңінен тоқталды.

«Қазақстанның әрбір азаматы қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін – қонақжайлылығын, көзқарасының кеңдігін үлгі тұтқаны жөн. Этностық қатыстылығына қарамастан барлық адамдарды бауырына тартатын кең пейілін дәріптеп, сенім мен достықты бойына сіңіре білуі тиіс. Бұл – біздің XXI ғасырдың сын-қатерлерін қарсы алатын жалпыұлттық кодымыз» деп атап өтті. Семинарда сөз алған Астана қаласынан келген кәсіби медиатор, Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзот Пулатов бірлестікте 200-ден астам адам барын атап өтті. «Ассамблея ұлттарды біріктіріп отырғанына куә болудамыз. Біз үшін бұл көпұлтты мемлекеттегі ынтымақтастықтың белгісі. Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, өзіндік принциптерін дәріптеуге бағытталған «Қазақтану» жобасы жиынның басты тақырыбына арқау болды. Отырыс аясы ашық пікір алмасу алаңына айналып, тараптар өзара тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік алды», – деді.

Сондай-ақ, өзбек этномәдени орталығының төрағасы «Этносаралық медиация» тақырыбында қақтығыстар мен олардың шешу жолдарына бағытталған шағын мультфильм түріндегі сюжетті көпшіліктің назарына ұсынды. Медиаторлар сюжетті талқылап, пікірлерін ортаға салды.

С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры ұсынған «Бітімгершілік – бабалар дәстүрі» қойылымы қошеметке бөленді. Кәсіби актерлер ұжымы «Қазақтану» жобасы ұлттарды бірінші кезекте қазақ халқының бай мәдениетіне, тарихы мен салт-дәстүріне бағыттайтынын көрсетті. Сондай-ақ, медиацияның қазақ даласында ғасырлар бойы дау шешкен билер сотының айғағына айналғанын байқатты. Медиаторларға сертификаттар табысталды.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button