Басты тақырыпЖаңалықтар

Қазақстандық мазмұн: Қарағанды үлесі – ауқымды

        Қарағанды өңірі отандық тауар өндіруден кенде емес. Қарапайым халықтың қажеттілігін ашумен қатар, ірі кәсіпорындарды да қамтамасыз етуге қабілетті ұйымдар аймақ бюджетіне ауқымды үлес қосуда. Қазақстан ғана емес, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес елдерге де шығып, сапасы жағынан өздерін дәлелдеп, бедел жинап үлгерген қарағандылық кәсіпкерлердің өнімдерінен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында көрме ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен қазақстандық мазмұнды дамытуға байланысты кеңесте облыстық әкімдікпен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС және «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ Меморандумға қол қойды. Жалпы құны – 75 млрд. 300 млн. теңге. Бұл – 2017 жылмен салыстырғанда 23 млрд. теңгеге жоғары.

Кеңес жұмысына облыстық бас­қарма басшылары, қала және аудан әкімдері, «Nadloc» жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері, тау-кен секторының жер қойнауын пайдаланушылары және өнеркәсіптің әр түрлі саласындағы кәсіпорын өкілдері қатысты.

Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімі:

– Біз үшін ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес арасында тығыз әріптестікті қамтамасыз ету басты мақсаттардың бірі болып табылады. Бұл жұмыстар Елбасының және Үкіметтің бақылауында. Көп нәрсе жасалды, алайда әлі де алға жылжу керек. Жүйе құрушы компаниялардың маңында отандық өнім өндірушілер белдеуін құру қажет. Ол үшін облыста қажетті өнеркәсіптік әлеует бар.

Өнеркәсіп және индустриалдыинновациялық даму басқармасының басшысы Г.Жұмасұлтановтың айтуынша, облыста барлығы 217 ірі және орта кәсіпорын бар. Әр түрлі саланы қамтитын оларда бүгінгі таңда тұрғындардың 27%-ы еңбек етеді.

Өнеркәсіп өндірісінің қарқыны өңдеу секторындағы өндірісті арттыру есебінен өсіп отыр. Бұл орайда түсті (8,6%) және қара (4,8%) металлургияны, машина құрастыруды (9,2%), химиялық өнімді (5,8%) және фармацевтиканы (30,5%) ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, өндіріс көлемі «Арселор» және «Қазақмыс» сияқты жүйе құрушы кәсіпорындарды есепке алмағанда, соңғы бес жыл ішінде 500 млрд. теңгеден 1 трлн. теңгеге дейін өскен. Бұл – облыс экономикасындағы әртараптандыру процесінің ауқымды жүргізілетінін көрсетеді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС сияқты ірі алпауыттардың да өңірімізде орналасуы арнайы салалардың дамуына айтарлықтай ықпал етуде.

Облыста құрылыс материалдарын шығаратын 140-қа тарта өндіруші болса, олардың ішінен өндірістік қуаты орташа есеппен 76%-ды құрайтын «Карцемент» АҚ атауға болады. Пластмасс құбырларын шығаратын бес кәсіпорынның өзі Қарағандыны ғана емес, өзге облыстарды да қамтамасыз етуде.

2017 жылы облыстағы ірі кәсіп­орындардардың өздері 564,9 млрд. теңгеге жергілікті тауар өндіру­ші­лердің тауарларын алуына байланысты қазақстандық мазмұн 392,6 млрд. теңгені құраған.

Импортқа шығарылатын тауар көлемі де көңілге қонымды. 130 млрд. теңгені құраған тауарлар дені – гидравликалық қондырғылар, тау-кен үңгуіш техникалары, құбыр өнімдері, жарылғыш заттар, өртке төзімді материалдар.

Импортты алмастыратын, жы­лы­на 38 мың тонна өртке төзімді материалдар шығаратын «SevenRefractories» ЖШС, 40 мың тонна жарылғыш заттар өндіретін «Беркут» компаниясы жұмыс жасауда. «LindeGas Kazakhstan» компаниясы өнеркәсіп газдарын өндіретін жаңа цехтың құрылысын бастады.

Гидравликалық жабдық өндіруде немістік «Bosch» компаниясымен, тау-кен үңгуіш техникасын өндіруде польшалық «Famur» холдингімен келіссөздер жүргізілуде.

Былтырдан бері «Теңіз Шевроил» және «Қарашығанақ Петролиум» сияқты ірі мұнай-газ компаниялары шақырылып, өңір кәсіпорындарымен кездесу ұйымдастырылуы арқылы серіктестікке жаңа мүмкіндіктер жасалды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аталған компаниялармен 11 млрд. теңге көлемінде келісімшарттар жасалған. Қашаған кен орындарын зерттеумен айналысатын қазақстандық «Норт Каспиан Оперейтинг» ірі мұнай-газ компаниясының да шақырылуы облыс өнеркәсібінің қарқынды дамуына ықпал етпек.

«Норт Касписан Оперейтинг» компаниясының жергілікті мазмұн жөніндегі менеджері Д.Өтежанов болса, 2017 жылдың өзінде Солтүстік-Каспий жобасы аясында жергілікті тауарлар мен қызметтерге жұмсалған қаражат 327 млн. АҚШ долларын құрайды дейді. NCOC жетілдіру бағдарламасына 200-ге тарта отандық кәсіпорын қатысса, 2013 жылдан бері жергілікті компаниялармен шамамен 800 млрд. теңгеге келісімшарттар жасалған.

Жергілікті мазмұнды арттыруда облыстық кәсіпкерлер палатасы да біраз шаралар атқарған. Мысалы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ай сайын 300-ге тарта кәсіпкер қатысқан сатып алулар бойынша семинар өткізуді дәстүрге айналдырған.

Жеңіл өнеркәсіпті дамытуда жергілікті тауар өндірушілер шығаратын мектеп формасына көрме ұйымдастырылып, нәтижесінде 100 млн.теңге көлемінде киім сатылған. Сондай-ақ, импортты алмастыру мәселелері бойынша жергілікті мазмұн үлесін арттыру мақсатында отандық тауар өндірушілер жүйе құрушы кәсіпорындармен кездесіп, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің 2018 жылға арналған сатып алулар жоспарын талқылады.

Кездесу барысында жиналысқа қатысушыларды ашық диалогқа тартқан аймақ басшысы қиындықтарды жасырмай, керісінше бірлесе отырып шешімін табу керектігіне баса назар аударды. Кәсіпкерлердің барлық проблемалары назардан тыс қалмайтынын, қарастырылатын айтты. Жергілікті мазмұнды арттыруға қатысты жұмыстар әлі де жалғасын тауып, Меморандум аясында атқарылатын шаралардың мониторингі жасалып, іс жүзінде көрініс беруі керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, шағын және орта бизнеске ашық қолжетімділік мәселелерін қарастыру туралы ұсынысын білдірді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button