Бас тақырыпКоронавирусРесми

Қазақстандық дәрігердің қанша үстемақы алатыны белгілі болды

Бүгін Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Онда медициналық қызметкерлер жұмысының қауіптілігіне қарай үш санатқа бөлініп, еңбекақыларына қосылатын үстеме ақы көлемі белгіленді.

«Қауіптілігі аса жоғары» деп бағаланған бірінші санатқа реанимация бөлімшерін қоса алғанда инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады. Барлығы – 3 284 маман. Олардың жалақысына 850 мың теңге көлемінде үстеме ақы қосылады. Яғни, бұл санаттың өкілдері орташа жалақыларын қосқанда, айына 1 млн. теңгеден астам еңбекақы алады.

«Қауіптілігі жоғары» деп бағаланған екінші санатқа провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері енгізілді. Барлығы – 11 951 адам. Олардың жалақысына  425 мың теңге көлемінде үстеме ақы қосылады. Жалпы алғанда, бұл санатқа жататындарға айына 600 мың теңге көлемінде жалақы төленбек.

«Қауіптілігі орташа» деп бағаланған үшінші санатқа карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері енгізілді. Барлығы – 10 944 қызметкер. Оларға айына 212 500 теңге үстеме ақы төленбек. Бұл санаттың өкілдері айына 380 мың теңге көлемінде жалақы алады.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Дәурен АБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

  • Дәрігерлер ауырып қалған жағдайда 2 млн. теңге көлемінде сақтандыру төлемін алады. Құдай сақтасын, егер медициналық қызметкерлер қайтыс болған жағдайда, туыстарына 10 млн. теңге көлемінде төлемақы беріледі. Бұл жаңалық, тек, дәрігерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың рухын көтеріп, көңілін серпілтеді деп ойлаймын.

Дәрігерлерді қолдау шарасынан кәсіпкерлердің де тыс қалмағанын айта кеткен жөн. Мәселен, облысымызда және елдің басқа аймақтарында мейрамхана иелері медицина қызметкерлеріне тегін түскі ас жеткізіп беруді қолға алған еді. Ал, отандық байланыс операторлары қатерлі дертпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген 20 мыңнан астам медицина қызметкеріне ұялы байланыс пен интернетті тегін пайдалану мүмкіндігін ұсынды.  

Басқа материалдар

Back to top button