Қазақстандық білім беру: оқулықта олқылықтар баршылық

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің білім беру саласында мұғалімдер мен ата-аналарды қуантарлық бірқатар жаңашылдықтар күтіп тұр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, биылдан бастап пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауын өткізу өзгеше форматқа көшеді. Осылайша, мектеп директорлары мен мұғалімдерге арналған ақылы конкурстарға, өзге де шараларды ұйымдастыруға түбегейлі тыйым салынбақ. Оқушыларға арналған мектеп оқулықтары epub электрондық форматында қолжетімді болады. Сондай-ақ, Қарағанды облысының тағы 13 мектебінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату жұмыстары басталады. Осы және өзге де жаңашылдықтарға кеңінен тоқталсақ…

«Жауабы шешімге сәйкес келмейтін тапсырмалар бар»

 Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Елордада өткен арнайы кеңесте оқулық сапасының әлсіздігіне тоқталған болатын.

– Оқулық сапасын сараптауға қатысты сын көп. Иә, оған үздік мұғалімдерді тартамыз. Бірақ, жақсы мұғалімнің бәрі мықты сарапшы емес. Кез келген мұғалім оқулыққа сараптама жасай алмайды. Ал, біз бұрын сараптама жасап көрмеген ұстаздарды жинап аламыз да, қолдарына оқулықты ұстатамыз. Жүйенің өзі дұрыс болмаған соң, нәтижесі де белгілі. Оқулық сапасын нағыз мамандар сараптауы тиіс, – деді министр.

Осы олқылықты жою мақсатында алдағы уақытта оқулыққа сараптама жасайтын мұғалімдер алдымен сертификаттаудан өтіп, сарапшылар пулына топтасатын болады. Саладағы жағдайға байланысты оқулық дайындау, оның сапасын сараптау, іріктеу жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Бұл жөнінде министр:

– Бізде бұған дейін А4 қалыпты және одан да көлемді оқулықтар болды. Енді, елестетіп көріңіздер, бірінші сынып оқушысы отыр дейік. Олардың парталары шағын болады. Қасында парталасы отыр. Жаңағы көлемді оқулықтар партаға сыймай, баланы әуреге түсіреді. Бір қарағанда бұл ұсақ-түйек мәселе сияқты. Бірақ, баланың білім алуында рөлі орасан. Мұның бәрінің артында білім беру сапасы мен тиімділігі тұр. Оқулық дайындау, оның сапасын сараптау мен іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізетін боламыз, – деп атап өтті.

Алайда, бүгінде оқулықтарды басып шығару жұмыстары аяқталып, оқулықтардың 40%-ы өңірлерге жеткізілген. Баспадан шығарылған ағылшын, әдебиет, география және физика оқулықтарынан қателер анықтаған министр «жауабы шешімге сәйкес келмейтін тапсырмалар кездеседі. Аудармада көптеген қателер бар. Мұндай қате мүлдем жіберілмеуі керек» – деді.

Қарағанды қаласындағы №36 мектеп оқушысының ата-анасы Күлайым Жомартова (аты-жөні өзгертілген) өзі мұғалім болғандықтан, қателерді жиі байқайтынын айтады.

 – Кейбір дарынды оқушылар қателерді өздері тауып, алдыңа әкеліп тұрғанда, не айтарыңды білмейсің. «Баспадан қате кеткен» деп құтыламыз. Оқулықтардың бір жүйеге келтірілетіні дұрыс болды. Оқушылардың алдында жүзіміз жарқын болса екен, – дейді мұғалім.

 Алдағы уақытта педагогтер мен атааналар қауымы және басқа да мүдделі тұлғалар мектеп оқулықтарының сапасын бағалау жұмысына қатысады деп күтілуде. Тиісінше, оқулықтар қайтадан жаңартылмақ.

Ақылы конкурстарға тыйым салынады

БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының (РҒПО) директоры Камила Башарованың айтуынша, биылғы оқу жылында Қазақстанның құрама командаларының басшыларын анықтауда балаларды олимпиадаға дайындап жүрген бұрынғы халықаралық олимпиада қатысушыларына басымдық берілді. Іріктеу ұстанымдары және олимпиада мен оқу-жаттығу жиындарының рейтингтері бойынша құрылады.

Естеріңізге сала кетейік, «2019 жылғы Қазақстанның үздік 100 олимпиадалық мектебі» ресми рейтингісі құрылған. Республикалық ғылыми жобалар байқауы мен олимпиадаларда бірінші, екінші тур және қазылар алқасының жұмыстарды тексеруі, ұпай мен жүлделі орындарды бөлуі онлайн трансляцияланды. Қазіргі таңда олимпиаданың барлық мектептік, аудандық, облыстық кезеңдерін дәл осындай әділдікпен қамтамасыз ету механизмдері әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, директордың айтуынша, биыл мұғалімдерге арналған ақылы конкурстар мен өзге де шараларды ұйымдастыруға түбегейлі тыйым салынады. Олар тек «Дарын» РҒПО немесе жіберуші тараптың қатысуымен ғана өтуі тиіс. Алдағы уақытта дарынды балаларды табу мен қолдау көрсету орталықтарының тұжырымдамасы да құрылмақ. Сәйкесінше, таланттарды табу, оқыту, дамыту және қолдау көрсетуге барынша ыңғайлы жағдай жасалады. Әсіресе, ауылдар мен шағын қалалардағы оқушылар үшін бөлек ұлттық зияткерлік турнир өткізу ұсынылды. Еліміздің талантты жастары үздік тренерлермен олимпиадаға жыл бойы жүйелі әрі сапалы дайындалуы үшін тегін тұрақты онлайнмектеп ашу жоспарланды.

QR-код арқылы – электронды оқулықтарға

 Оқулықтар жыл сайын 1 қыркүйекке дейін берілетіні белгілі. Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген талаптарға сәйкес, 1-3 сынып оқушыларының мектеп сөмкесінің салмағы екі келіден аспауы керек. Ал, 4-6 сынып оқушыларының рюкзактарының салмағы екі жарым келіден аспағаны жөн. 8-сыныптан 11-сыныпқа дейін, белгіленген норма бес келіден сәл аз.

Қазіргі таңда басқа өнімдер сияқты оқулықтарды да қолдан жасауға болатындықтан, ондай өнімдер көбіне қала базарларында сатыла береді. Бағасы негізгі өндіруші өнімінен әлдеқайда арзан. Қолданылған қағаз сапасы да нашар болғандықтан, әріптері көздің көру қабілетін бұзады. Сондай-ақ, оқулықтың салмағы негізделген мөлшерден асып кетуі мүмкін. Сондықтан, жетіспейтін кітаптарды арнайы дүкендерден сатып алған жөн екенін айтады мамандар.

Осы орайда, оқушыларға оқулықтарды қолдануға және сөмкесінің салмағын жеңілдетуге мүмкіндік беру мақсатында биылдан бастап мектеп оқулықтары EPUB (Electronic Publication – электронды кітаптар) электрондық форматында қолжетімді болмақ. Бұл оқушыларға оқулықтарды кез келген электронды құрылғыларда ашып оқуға мүмкіндік береді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша 1-ден 10 сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған барлық оқулықтардың электронды нұсқалары енгізілуде. Олар министрліктің сайтында 1 қыркүйектен бастап орналастырылады. QR-код арқылы жүктеуге болады.

13 мектепте – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі

Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлмира Көпбаеваның айтуынша, қазіргі таңда облыс мұғалімдерінің біліктілігі артып келеді. Сондықтан, мектептер жаңа оқу бағдарламаларына көшеді. Барлығы жақсы нәтиже беретіндіктен, жаңа оқу жылында НЗМ бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін мектептер санын көбейту қажет. Осы мақсатта жаңа оқу жылынан бастап №33, №85, «Мұрагер» мектептері мен Қарағандыдағы №3 гимназия НЗМ тәжірибесін трансляциялау жұмыстарын бастайды. Бұған Балқаш қаласындағы №16 мектеп, Сәтбаев қаласы Абай атындағы №4 мектеплицейі, Шахтинск қаласындағы №11 мектеп, Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінің мектебі, Бұқар жырау ауданындағы Кернеевка орта мектебі, Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылындағы №5 мектеп қосылады. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданында Б.Амалбекова, Нұра ауданындағы Киев №2 қазақ мектебі және Шет ауданындағы Ш.Батталова атындағы мектеп те аталған тәжірибеге енгізіледі. Жалпы, облыста Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасын 52 мектепте пайдаланатын болады.

Аяулым СОВЕТ