Жезқазған

«Қазақмыс»: сергек серпін – сенім қайнары

    «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарушы кеңесінің Бас директоры Бақтияр ҚЫРЫҚПЫШЕВ «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты еңбек ұжымдары өкілдерімен өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын жан-жақты талқыға салған жиын өткізді. Кеншілер, металлургтер мен байытушылар қауымы компания басшылығы межелеп отырған әлеуметтік мазмұндағы жобаларды ертеңгі күнге сенімді арттыра түсетін жағымды жаңалық ретінде зор қуанышпен қабылдады.

Бақтияр Абдрахманұлының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жалпы алғанда «Қазақмыс»  бойынша баланыстағы кен қоры шамамен алғанда 868 млн. тоннаны құрайды. Бұл – жобамен 10 млн. тонна таза мыс деген сөз. Қазір кен өндіру көлемі артып, ондағы металл құрамының пайыздық өлшемі ұлғайып келеді.

Терең сарапталған, жүйелі әрі ұзақмерзімді жоспарсыз істің ілгері баса қоймасы бесенеден белгілі. Сондықтан, алып кәсіпорынның келешектегі даму жоспары 2040 жылға дейінгі аралықты қамтиды.  Соған орай, Қарағанды, Жезқазған және Балқаш өндірістік алаңдарын одан әрі дамыту шаралары мұқият қарастырылған. Жомарт, Шатыркөл, Абыз, Шығыс Сарыоба кеніштері мен Жыланды және Қарағайлы кен орындарында тиімділігі жоғары 6 шахтаны іске қосу – қайтарымы мол маңызды жұмыстардың санатында. Жезқазған мыс балқыту зауытында екінші пешті қолданысқа беру, Нұрқазған мен Жезқазғандағы байыту фабрикаларын қайыра құрылымдау, Қарағайлы байыту фабрикасын жаңғырту жайы күн тәртібінде тұр. Бұлардан тысқары, Жезқазғанда бастапқы концентратты өңдеу бағытын ұстанатын тәжірибелік зауыттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Кәсіпорын құрылымдарындағы өндірістік қондырғыларды жаңғыртып, заманауи үлгідегі жабдықтармен алмастыру шаралары пәрменді түрде қолға алынған. Әр жыл сайын өндіріс алаңдарын талапқа сай қалыпты деңгейде ұстау, қайыра құрылымдау мен жаңғырту ісіне қажетті қаржы көлемі еш кедергісіз бөлініп келеді. Айталық, жаңғырту әрекеттеріне  2016 жылы 115 млрд. теңге қарастырылса, 2017 жылы осы мақсатқа бөлінген қаржы сомасы 74 млрд. теңгені құрады. Егер, әлемдік нарықтағы мыс бағасы бұдан әрі де ұтымды деңгейде сақталатын болса, өндіріс алаңдарын жаңғырту мен жетілдіруге жұмсалатын қаражат көлемі ұлғайтыла түспекші.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, 2030 жылы өнім өндіру көлемі азаюы мүмкін деген болжам бар. Бұған жол бермеу үшін геологиялық зерттеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізу көзделуде.

Жиын барысында кәсіпорын құрылымдарында еңбек қауіпсіздігін қатаң қадағалау, еңбеккерлердің кәсіби машығын арттыру, еңбекақыны есептеу мен төлеу шарттылықтары, жоспардың орындалуына байланысты сыйақы беру ерекшеліктері, жұмысшы-қызметшілердің салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау, еңбек демалысы мен емделуіне қолайлы мүмкіндіктер тудыру және тағы да басқа маңызды жайттар егжей-тегжейлі екшелді.

Осы орайда, мына бір ресми статистикалық дерекке назар аудара кеткен жөн секілді.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағындағы тау-кен-металлургия саласында әрекет етуші басқа да компаниялармен салыстырғанда, «Қазақмыс» корпорациясы» еңбеккерлерінің айлық табысы 10 пайыздық мөлшерде жоғары. Өткен жылы кәсіпорындағы әкімшілік-басқару персоналы мен инженерлік-техникалық құрамынан басқа еңбеккерлердің жалақыларының көлемі айтарлықтай ұлғайтылды.

Әлеуетті компанияның әлеуметтік жобалары расында да таңдай қақтырады. Мәселен, жұмысшылардың санаториялық-курорттық емделу шараларына жыл сайын 100 млн. теңгеге жуық қаражат қарастырылатын болады. Ал, спорттық-сауықтыру кешендеріне барып, денсаулықтарын нығайту мақсатына кәсіпорын есебінен 200 млн. теңге тұрақты негізде бөлініп тұрады. Еңбеккерлердің әрқайсысының медициналық орталықта стационарлық ем қабылдауына жыл сайын 58 мың теңге бөлініп келсе, енді оның көлемі екі есеге арттырылады. Емделуге қажетті қаражат квота бойынша қарастырылған қаржы сомасынан, яғни, 110 мың теңгеден асып түскен жағдайда, Жезқазған қаласындағы медициналық орталықтың қызмет көрсету құны әр еңбеккер үшін «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі тарапынан төленеді.

Жоғарыда аталған жағымды жайттардың барлығы Елбасы тапсырмаларына сәйкес, алғашқы кезекте, бұқара халықтың әл-ауқатын арттыру ұстанымының ілкімді түрде іске асырылып отырғандығының көрсеткіші. Сергек серпін – сенім қайнары. Қалай десек те, әлеуметтік сипаттағы жеңілдіктер, тиісінше, еңбек өнімділігіне негіз қалайды. Ал, өнім көлемінің өсуі – мемлекет қуатының артуы, ел ырысының еселенуі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button