Руханият

Қазақ қалай түстейді?

Барша түстің негізін қызыл, сары, көк түс құрайды. Жетпейтін түсті осы үш түстің қосындылары арқылы алуға болады. Егер қызыл мен сары бояуды араластырсақ, ол қызғылт сары болып шығады. Сары мен көк бояуды өзара араластырсақ онда жасыл болып шығады. Көк пен қызылды араластырсақ, онда сиякөк бояу пайда болады. Мұнымен қатар түссіз бояулар бар екендігін де ұмытпайық.

Олар: ақ, сұр, қара.

Түстер жылы және суық деп бөлінеді.

Жылы түстерге сары, қызыл, қызғылт сары, қоңыр бояулар жатады.

Ал көк, күлгін, сиякөк, көгілдір жасыл түстер суық түстер болып табылады.

Мысалы, күн-жылы түс, көк (аспан) – суық түс.

Ағырақ – солғын ақ түс.

Ақ – таза ақ түс.

Ақжал – түр-түсі құлаға ұқсас болғанымен, сирақтары мен жал-құйрығы бозғылт немесе боз түсті жылқы.

Ақтау – ағы байқалатын түс.

Ақшыл – ағы басым аралас түстің өтпелісі.

Ала – ақ пен қара түстің қайталап келуі, түгінің арасында ақ жүнді дағы бар/жылқы.

Алабай – қанық ала түс.

Бай сөзі қанық, көп деген ұғымды береді. Салыстырыңыз: тоғызқұмалақта тасы көп ұяны бай дейді.

Алапес – ойдым-ойдым ақтаңдағы бар түс.

Албыр – қызылы айқын өтпелі түс.

Алқызыл – қанық бояулы қызыл түс.

Алтайы – қызыл түстің құлпырып тұратын өтпелі түсі.

Салыстырыңыз: алтайы түлкі.

Ашаң – ағы анық түс.

Ашаң адам дейміз. Таза қоңыр емес деген сөз.

Әз – таза ақ түс.

Салыстырыңыз: әз адам – соқыр/басыр адам.

Әппақ – таза ақ түс.

Байбөрі – қанық сұр (бөрі).

Байқасқа – қанық қасқа.

Байкөк – қанық көк.

Байқара – қанық қара.

Байқоңыр – қанық қоңыр.

Байсары – қанық сары.

Байторы – қанық торы.

Байшұбар – қанық шұбар.

Баран – қара.

Негізінен, жылқыға қаратылып айтылады. Салыстырыңыз: Барнауыл/Баранауыл.

Боз – жылқының таза ақ түстісі.

Бозала – айналаны ажыратуға болатын мезгілдегі түс.

Әдетте бозала таң деп жатамыз. Бұл таң атып келе жатқан мезгіл.

Бозаң – таза ақ емес түс.

Бозғылт – ағы айқын түс.

Бөрте /бурыл, тарғыл/– қанық өтпелі түстің реңкі.

Салыстырыңыз: бөрте ешкі /бурыл байтал, тарғыл сиыр/.

Бурыл /бөрте, тарғыл/ – қанық өтпелі түстің реңкі. Салыстырыңыз:

бурыл байтал /тарғыл сиыр, бөрте ешкі/.

Жасыл – сары мен көк түстің қоспасы.

Жасылдау – сары түстің аздығы бар түс.

Жасылырақ – көк түсі басым жасыл түс.

Жап-жасыл – жасыл түстің қанығы.

Жирен – сыртқы қылшық түрлері бірыңғай сарғыш немесе қызыл/ы/жылқы.

Жолай – қара және ақ түстерінің өрнекте қатар келіп отыруы.

Көгілдір – көкшіл түс, ашаң көк.

Көгілжім – көк аралас түс.

Көгірек – көгі басым түс.

Көк – түгі шымқай көк, көкшіл қылшық/ты жылқы.

Көкшіл – көгі басым түс.

Көкпеңкөк – көк түстің қанығы.

Күлгін – негізгі түстердің бірі болғанымен табиғатта сирек кездеседі.

Күрең – жалпы түсі қызыл болып келетін/жылқы.

Күп-күрең – күрең түстің қанығы.

Қара – сырт түгі түбіне дейін шымқай қара/жылқы.

Қаракөк – сыртқы түгі қарақошқыл келетін/жылқы.

Қаралжық – қарасы басым ағы аралас түс реңкі.

Салыстырыңыз: қаралжық түлкі.

Қармалжық – көк қылшық араласқан түлкі, қарасы.

(«Қара түлкі қармылжық,

Қас сыпайы киген жұрт».

Бұқар жырау).

Қоңыр – жасыл мен қызыл түстің немесе қызғылттың сұр немесе көкпен қосылысы болып табылатын түс. Бұл түс табиғатта сирек кездеседі.

Қоңырлық – қоңырын жоғалтпаған аралас түс.

Қоп-қоңыр – қоңыр түстің қанығы.

Құла – басы мен денесі жылтыр сары, арқасынан құйрығына дейін қара жолақты/жылқы. Құрымсары – сары реңкі қарамен астасып келген/жылқы.

Қызғылт – қызыл емес, бірақ соған жақын өтпелі түс.

Қызғылтым – әлі қызыл да емес, қызғылт та емес түс реңкі.

Қызыл – негізгі төрт түстің бірі.

Қызылкөк – жалпы түсі көк болып келгенімен қылшықтарының түсі қызылға ұласатын/жылқы.

Қызылдық – қызыл түстің ең солғыны.

Қызылша – қызылы айқын түс.

Қылаң – ақшыл түс.

Қып-қызыл – қызыл түстің қанығы.

Сап-сары – сары түстің қанығы.

Саралжық – сары түстің қызыл түспен араласып келуі.

Салыстырыңыз: саралжық түлкі.

Сарғылт – сары емес, соған жақын өтпелі түс.

Сарғылтым – сары да емес, сарғылт та емес түс реңкі.

Сарғыш – сарысы солғын түс.

Сары – сыртқы түгі бірыңғай сары келетін/жылқы.

Сарша – сарысы кете бастаған түс.

Салыстырыңыз: сарша түс.

Сарыала – басым түсі сары, аралас түс. Салыстырыңыз: сарыала қаз.

Сұп-сұр – сұр түстің қанығы.

Сұр – жалпы түгі көкшілдеу келетін жылқы.

Сұрғылттау – көкшіл түкке ақ араласқан түс/жылқы.

Сұржекей – сұры жолақ болып келетін/жылқы.

Сұркөжек – көкке қарасы араласқан көжек түсі.

Сұрқай – таза сұр түс.

Сұрша – бет ажарының қызылы жоқ, көкке барып ұласатын түс. Салыстырыңыз: сұрша қыз. Тарғыл /бөрте, бурыл/ – қанық өтпелі түстің реңкі. Салыстырыңыз: тарғыл сиыр / бурыл байтал, бөрте ешкі/.

Торы – тобылғы түстес, жал-құйрығы, сирақтары қарақошқыл/ жылқы.

Шабдар – сырт түгі ақшыл сары, жалы бурыл, ақ пен қарасы араласып келген/жылқы. Шикілсары – ағы басым сары түстің реңкі. Әдетте, адамға қаратып айтады. Шұбар – майда теңбілді, қылшығы ақ түсті келетін/жылқы.

Шұбар – майда теңбілді, қылшығы ақ түсті келетін/жылқы.

Шұбарала – шұбардың аласы.

Жапон жұрты қырық түсті айырады дейді. Оларын даңғаза қылады. Қазақ баласы негізгі төрт түстің қырық реңкін жазбай таниды. Одан сырт өтпелі түстер қаншама?! Қазақ бір түстің өзін әртүрлі атайды. Мәселен, бурыл байтал, тарғыл сиыр, бөрте ешкі. Өкініштісі, осы түстердің өзін екшеусіз пайдаланамыз. Мәселен, бурыл сиыр деп айтып қоймай жазып та жүрміз. Тарғыл ешкіге құлағымыз үйренген. Бар-бара жылқы баласын да бөрте байтал, болмаса тарғыл сойтал деп жүрмесек болды.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы-этнограф.

Басқа материалдар

Back to top button