Аялайық гүлдерді

Ән шырқаған, Жыр сапырған, Күй Елі!

Асқар таулар, бұлт оранған киелі.

Есіме алсам, қырғын соғыс жылдарды,

Жаным шошып, отқа түсіп күйеді.

Нұрлы өмірге жан шуағы шашылмай,

Желкілдеген жас бүршігі ашылмай,

Қыршынынан қиылды сан боздақтар,

Жастық жалын құштарлығы басылмай.

Қиналумен қимастардан бөлінді,

Ерте айырылды күндерінен көңілді.

Туған жердің топырағы бұйырмай,

Қайран ерлер, айдалада көмілді.

Жетекке алып, бір ерлікті жүз қайғы,

Жан жүрегім, ойыма алсам мұздайды.

Жетім өскен құрбыларды көргенде,

Жазылмаған жарам әлі сыздайды.

Қанды шайқас жинатпастан бір есті,

Өмір, өлім тайталаспен тіресті.

Кеудесімен қалқан болып сарбаздар,

Қорғап бақты, қамал-қорған Бресті.

Нева өзені қан аралас аққанда,

Жер менен көк өртенумен жатқанда.

Қар жамылып, мұз жастанды ерлерім,

Су да кешті, сақылдаған ақпанда.

Құрсауына түспеу үшін азаптың,

Сөнбеуі үшін аспанында азат күн.

Жай отындай жарқылдады шайқаста,

Ер боп туған ұл-қыздары Қазақтың.

Нұркен көктен құйылыпты от болып,

Мәншүк, Әлия атылыпты оқ болып.

Ер Төлеген әнге айналып «Жас қазақ»,

Намысы үшін жанын қиған жоқ болып.

Ей, Жас ұрпақ, сын белестер аспаған,

(Он екіде бір де гүлін ашпаған).

Бақыты үшін Әкелерің сендердің,

Жанталаста жауын жеңіп тастаған.

Жеңіс Туын тұрған желмен желбіреп,

Еске сақта, ерлерім деп елжіреп.

Бас иіңдер, сарбаздарға құрметпен,

Бара жатқан қатарлары селдіреп.

Бейбіт күндер бесігінде қалың ел,

Оянады тыныштықтың таңымен.

Аялаңдар, қырда қызыл гүлдерді,

Боялған ол сарбаздардың қанымен.

Қалиакпар ӘБІЛДИН.