Бас тақырып

Автомагистраль ашылатын күн жақын

Көптің көңілін қоңылтақсытып жүрген мәселенің бірі – көлік жолы. Стратегиялық мәнге ие бұл салада кейінгі жылдарда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мәселен, «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін қайта жаңарту секілді құрылыстар – соның дәлелі. Баршаға мәлім, қазіргі таңда облыс аумағында «Қарағанды-Балқаш» тас жолында жөндеу жұмыстары атқарылуда. Әлемдік талапқа толық жауап беретін төрт жолақты жолдың құрылысы, бұйырса, биыл аяқталады. Ел игілігіне беріледі. Бұл жағымды жаңалықты елге есеп беру кездесуінде аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК мәлім еткен-ді. Республикалық маңыздағы іргелі жоба десек, ал облыстың көлік жолы инфрақұрылымында өзіндік жобалары баршылық екен. Айталық, былтырғы жылы облыста 1300 шақырым жол жөнделсе, биыл ол 1500 шақырымды құрайды. Оның ішінде, жергілікті маңызы бар жолдың үлесі – 770 шақырым…

Сонымен, биыл «Қарағанды-Балқаш» жолында 4 жолақ бойынша жол ашылып, көлік қозғалысын сапалы һәм заманауи жолмен қамтиды. Төрт жолақты жол халықаралық стандарттарға сай болмақ. Жол учаскесінде 20 көпір орнатылып, мал мен суқұбырларға арналған 315 орын бөлініп, екшеледі.

Қазіргі таңда 8 учаскеге бөлінген, жалпы ұзындығы 362 шақырым «ҚарағандыБалқаш» жобасын CITIC Construction Co.Ltd мен «СП «КазГерСтрой» ЖШС бірлесіп жасауда. Қарағанды қаласынан осы жол аралығын сағатына 120 шақырым жылдамдықта жүруге рұқсат етіледі деп мәлімдеген болатын «Қазавтожол» ҰК баспасөз қызметі.

 Бұл аралық 4 жолақты қозғалысы бар І-ші «Б» техникалық санатқа келтіріледі. Сондай-ақ, күре жолдың бойында Жұмабек ауылының жанында айналма жол және 32 су өткізу құбырларын салу қарастырылған. «Қарағанды-Балқаш» автожолының осы учаскесінде – 2 көпір, 7 – ауыл шаруашылығы техникасының өтуіне арналған жолөткелі, 4 – автобус аялдамасы, жүргізушілерге арналған 1 демалыс алаңы салынады деп хабарланған.

 Сондай-ақ, осы жылы «Балқаш-Бурылбайтал» жолын қайта жаңарту жалғастырылады. Ол да – төрт жолақты.

 – Биыл 1500 шақырым автожол жөнделеді. Өткен жылы «Теміртау-Қарағанды», «Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолдары» автобандары бойынша жол толығымен қолданысқа берілді. Осы жылдың шілде айына дейін бұл екі жол толығымен абаттандырылады. Яғни, жарықпен, қоршаумен, жол белгілерімен қамтамасыз етіледі. Бізге 420 шақырымды «Жезқазған-Қызылорда» автожолының құрылысы маңызды. Осы орайда мамыр айында жобалық сметалық құжаттамасы аяқталады. «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығы аясында биыл жол құрылысына кірісу жоспарланып отыр. Ол 2025 жылы аяқталуы тиіс, – деді есепте аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

 «Қарағанды-Жезқазған» жолын жобалау жүргізіледі. Сондай-ақ «ҚарағандыПавлодар» және «Қарағанды-Қарқаралы» республикалық жолдарын қайта жаңарту жоспарлануда.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button