Бас тақырыпҚаражал

Ауызсу мәселесі шешімін тапты

Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – ауыл мен қалада қанжығаласып келе жатқан күрделі мәселе. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі айрықша назар аударып отыр. Осы орайда, Қаражал-Жәйрем өңірінде өзекті мәселенің оң шешімін табуы тұрғысында тиянақты жұмыс атқарылуда.

– Ауызсуға қатысты қиыншылық кейінгі кезде қаражалдықтар мен жәйремдіктердің де жүйкесіне жүк түсірген еді. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында Қаражал мен Жәйремге «Тұзкөл» су қоймасынан тартылған топтық сутаратқышты жаңғырту жобасы жасалып, екі жылда едәуір жұмыс атқарылды. Жобаны жүзеге асырумен «Казводхоз» РМК айналысты, – дейді, Қаражал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сауытбаев.

Жобаның 2017 жылғы қазаннан 2019 жылдың көктеміне дейінгі екінші кезегінде «Тұзкөл» су қоймасының оңтүстік қапталында – 20, орта тұсында – 10, шығыс жағында 11 скважина қалпына келтірілді. Қалпына келтірілген скважинадан №2 дөңнің су айдау станциясы су құбыры торабына дейінгі 38,6 шақырымға жаңадан су жинау желісі төселді. Скважиналарға жалпы ұзындығы 25,9 шақырым, қуаты 6 кВтық жоғары кернеулі әуе электр желісі тартылды.

«Тұзкөл» суқоймасындағы №2 дөңнің станциясынан Жәйрем кентіндегі №3 дөңнің су айдау станциясына дейінгі 15 шақырым қашықтыққа өтімділігі 315 миллиметрлік сутаратқыш тартылды. Қуаты тура осындай сутаратқыш Жәйрем кентіндегі №3 дөң мен Қаражал қаласындағы №3 дөңнің арасындағы 58 шақырымдық қашықтықта да қатарға қосылды. Алғашқысы 2017 жылдың желтоқсанынан, кейінгісі 2018 жылдың шілдесінен бері ырғақты жұмыс істеп тұр.

«Тұзкөл» су қоймасындағы №2 дөңнің су айдау станциясындағы 2 резервуар құрылысында көлемді жұмыс атқарылды. Жәйрем кентіндегі №3 дөң мен Қаражал қаласындағы №3 дөң арасындағы су айдау станциясында 2 резервуар монтаждалып, жұмыс істеп тұрған 29 скважина жаңғыртылды. Жәйрем кенті мен Қаражал қаласының арасындағы су айдау станциясына 26 шақырымдық жоғары кернеулі электр желісі тартылып, резеруварды монтаждау жұмысы аяқталды.

Қазір Қаражал мен Жәйремде тұратын 19 мың адам тәулік бойы ауызсумен толассыз қамтамасыз етіледі.

Жәйрем кентінің ішкі су құбырлары желісін жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыс атқарылды. Арнайы жоба жасалып, 1-орамда (2,2 шақырым) және 9-орамда (2,6 шақырым) ескі су құбыры желісі жаңартылды. Құдық пен сушүмек арқылы сумен жабдықталатын «ВСО», «ПАТП», «ГРЭ», «Саяжай» шағынаудандарында да осындай ауқымды (20,8 шақырым) шаруа атқарылды.

Алдыңғы жылы Ақтай шағын ауданында салынатын су құбыры жүйесінің жобалық-сметалық құжатын жа сауға қала бюджетінен қаражат қарас тырылған еді. Дайындалған сол жобаны жүзеге асыруды бастау үшін биыл облыстық бюджеттен 40 миллион теңге қаржы бөлінді. Қаражал-Жәйрем өңірінде ауызсу тапшылығын ауыздықтау бағытында осындай мақсатты жұмыс жүйелі жүргізілуде.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҚАРАЖАЛ  қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button