Ресми

Ауызсу алаңдатпауы тиіс

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ жұмыс сапарымен Жезқазған-Ұлытау өңіріне барды. Сапар барысында вице-премьер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына назар аударды.

Жезқазған қаласындағы апатты үйлердегі тұрғындарды көшіру – маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан, Ералы Тоғжанов облыс басшылығына бұл түйткілдің түйінін тарқатуды міндеттеді.

– Облыс әкіміне мәселені бақылауға алуды және келесі жылдың соңына дейін шешуді тапсырамын, – деді Ералы Тоғжанов. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек бұл бағытта қолға алынған жұмыстар туралы айтты. – Облыста 54 апатты үй бар. Оның 26сы осында. Биыл қалалық бюджеттен ақша бөлінді. Мәселені шешеміз, – деді облыс әкімі. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын ауыз сумен үздіксіз қамту да өзекті тақырыптардың біріне айналған. Жезқазған тұрғындары Ералы Тоғжановтан шаруаны реттеуді сұрады.

– Облыс әкімімен бұл мәселені талқыладық. Шешу жолдарын қарастырамыз, – деді вице-премьер. – Біз Кеңгірден шығатын резервтік су тартқышты салып жатырмыз. Екі ай аралығында іске қосылады. Сондайақ, Есқұлада суағар салу жобасын іске асыруға кірісудеміз. Нәтижесінде, Жезқазғанға 15% су – Есқұла су құбырынан, 5560% су – Үйтас-Айдос су таратқышынан және қалғаны Кеңгірден тартылады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Жезқазғанда жалпы сомасы 3,9 млрд. теңге болатын 36 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Қалада 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын, 1,5 шақырым кәріз және су құбыры желілерін, 34 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Екі саябақ абаттандырылады, 800-ден астам жарық тіректері орнатылады. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 600ге жуық адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасады.

Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов 900 орындық мектепті аралап көрді. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта нысан аяқталу сатысында. Ауланың аумағын абаттандыру, көгалдандыру, жиһаз және құрал-жабдықтар алу қалды.

Ұлытау ауданындағы Жошы хан тарихимәдени орталығының құрылыс алаңы да Премьер-Министр орынбасарының назарынан тыс қалған жоқ. Мұнда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысатын жұмысшылар тартылады. Қазір Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

– Кесенелерді қалпына келтіруде, бірінші кезекте, тарихи құндылықты сақтау қажет. Президент осы кесенелерді қалпына келтіруді бақылауға алды. Барлығын сапалы жасау маңызды. 2020 жылы бұл маңызды оқиғалардың бірі болмақ, – деді Ералы Тоғжанов.

Ұлытау ауданында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 18 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Қарсақпай және Жезді ауылдарында спорттық-сауықтыру кешендері, Ұлытау кентінде тазарту нысаны тұрғызылады. Білім беру саласында үш жоба, мәдениет саласында төрт жоба және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында сегіз жоба бар. 522 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде, 263 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button