Басты тақырыпОблыс әкімі

Ауыз су мәселесі шешімін табады

    9 тамыз күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар барысында бұл елді мекендердің басты проблемасы – ауыз судың тапшылығына байланысты бірқатар шаруаларды қарады.

Айта кетейік, Қаражал мен Жәйрем елді мекендерінің ауыз суға қатысты күрмеулі мәселелері алдағы екі жылда шешімін таппақ. Ол жайлы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің тұрғындарымен өткен актив барысында мәлімдеді. Аймақ басшысының орынбасары облыс әкімі және жергілікті тұрғындар алдында алдағы жұмыс жоспарлары жайлы есеп берді. 

Жиынға жиналған ақсақалдар су мәселесінен басқа да қиындықтарға қатысты шағымдарын жеткізді. Тұр­ғындар онсыз да тапшы ауыз сумен бақшадағы көкөніс, жемістерін суару – тіршілік нәрін қорлаумен бірдей екендігін айтты. Қаражал мен Жәйрем тұрғындары облыс басшылығынан шаруашылық қажеттіліктерге керекті техникалық суды жеткізу мәселесін шешіп беруді сұрады.

Бүгінгі таңда Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде жалпы есептегенде 18 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындарға ауыз су Ащылы және Тұзкөл кен орындарының жер асты суынан тартылады. Алайда, су құбырлары тым ескі, бұл – негізгі проблема. Осыған дейін тұрғындарға ауыз су кесте бойынша аптасына екі рет, тәулігіне 1,5 сағаттан көп емес уақыт аралығында жіберілетін. Су сорғысын жөндеуден өткізген соң су тарату уақыты Қаражал қаласының тұрғындары үшін тәулігіне 12 сағатқа дейін, ал Жәйремдіктерге 13 сағатқа ұзартылды.

2007-ші жылы құрылысы бас­талған Тұзкөл су бөгеті осы күнге дейін іске қосылмаған. Жөндеу, орнату жұмыстары 2012-ші жылдың қарашасында аяқталған, алайда гидравликалық зерттемелер жүргізілгенде су таратқышта жарылыстар анықталған. 

Ауыз су тапшылығын толықтай шешу үшін Қарағанды облыстық әкімдігі «КазЦинк» АҚ-мен 15 шақырым пластик құбырлар беру туралы келісім жасаған. Сонымен қатар, биылғы жылы Аймақтарды дамыту Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Жәйрем кентінде жалпы сомасы 900 млн теңгені құрайтын су құбырларын жөндеу жұмыстары басталған. Ол жұмыстар 2018-ші жылы аяқталуы тиіс,– деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа.

Сондай-ақ, жоспарда «Қаражал-Жәйрем» су таратқышын қайта қалыпқа келтіру тұр. Бұл жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылуы үшін жария етілген. Алайда, оны осы жылдан бастап кету көзделіп отыр. Нәтижесінде 2020-шы жылға қарай Қаражал және Жәйрем елді мекендерінде сумен қамту сапалы, әрі толыққанды болуы тиіс.

Облыс әкімінің 

баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button