Бас тақырыпРуханият

Қауырсынның киесі

СӘКЕН – АДАМЗАТТЫҢ СҰҢҚАРЫ. ӘРИНЕ, БҰЛ – ТАПТАУРЫН ПІКІР. ДЕСЕК ТЕ, БІЗ ОСЫ ПІКІРДІ ҚАЙТАЛАП АЙТА ЖҮРІП, СҰҢҚАР ҚАУЫРСЫНЫНЫҢ КИЕСІНЕ ҮҢІЛДІК ПЕ? ӘЙ, ҚАЙДАМ… ИӘ, ҚАУЫРСЫН – ҮП ЕТКЕН ЖЕЛГЕ ҚАУҚАР ТАНЫТА АЛМАСТАЙ ЖЕҢІЛ. БІРАҚ, ҚАУЫРСЫННЫҢ КИЕСІ – ҚОРҒАСЫННАН ДА АУЫР. СҰҢҚАР СӘКЕННІҢ ҰЛТ РУХАНИЯТЫНДА ҚАЛҚЫП ЖҮРГЕН ҚАУЫРСЫН ӘЛЕМІНІҢ КИЕСІНЕ ҚИЯНАТ ЖАСАУҒА НЕГЕ СОНША ЫҚТИЯРМЫЗ? МЕН ОСЫНЫ ТҮСІНЕ АЛМАЙ КЕЛЕМІН…

Мүйізі қарағайдай, әр айтқан сөзі қайманаға Құран сөзіндей иланымды тұлғалардың аузынан Сәкенді қаралаған «сандырақ» саңырауқұлақтай қаулап барады. Әлде олар Алаш көсемі Әлімхан Ермековтің «Біз Орда жағында болдық десек те, нағыз ұлтшыл Сәкен Сейфуллин еді» деген сөзін оқымады ма? Оқыды. Олардың оқымағаны жоқ. «Білмейтіні – бит астында» деуші едік қой. Соның нағыз өзі. Алайда, Сәкенге қарсы, ақынның аққу-ғұмырына қиянат жасауға бейіл, мақсатшыл топтың бұл әрекетіне не айтарсың?!

Аңдап көріңіз… Сұңқар Сәкенге қастандық жүйелі түрде жүріп жатыр.

Жақында мектеп оқулықтарын сүзгіден өткізуге қатысып жүрген белгілі ғалым, сарапшы досым қамығып отыр. 10 сыныптың әдебиет оқулығына Сәкен шығармалары еніпті. Құп делік. Бірақ, қандай шығармалары енгенін естігенде, мен де есеңгіреп қалдым. Бірыңғай кеңестік идеологияны дәріптеген өлеңдері өріп жүр дейді. «Советстаны» миыңды солқылдатып, «Қызыл аты» қыжылыңды еселейді. Сол дәуірде кім жазбады мұндай өлеңді? Советті өлердей сүйіп, күн көсемге Құдайдай табынған ақын біткеннің барлығы. Ал, ол өлеңдерді оқулыққа кіргізіп, Сәкенді осындай үлгіде «насихаттаудың» қажеттілігі кім үшін? Әрине, бұл – әлгі топтың әккі амалы.

Енді бір ғалым ағам Сәкенде Кеңесті «кемеліне келтіре жырлаған» өлеңдерінің ұзын-ырғасы көп болса 10-15 екенін айтады. Қалғаны – классика. «Көкшетау», «Аққудың айырылуы», «Тау ішінде», «Біздің жақта» секілді сезімді тербеп, жүрек қозғайтын шедеврлері оқулықтан неге шеттетілді сонда? Бұлардың түпкі мақсаты – өскелең ұрпақты Сәкен мұрасынан біржола жеріндіру.

Әйтпесе, Сәкеннің «Сыр сандығында» небір інжу-маржан бар еді ғой… Тағдыры «тар жол, тайғақ кешуде» өткен Сұңқар ақынның рухын қорлап, қауырсынын бір талдап жұлатындай не көрінді бізге? Ғұмыры қысқа болғанмен, тұғыры тапал емес еді ғой… «Даланы асқақтатамыз деп, тауларды аласартуға» неге құмармыз?

Жалпы, ұлыларды кезекті мерейтойында ғана ескеріп, тұлғаларды дараласақ та, қараласақ та, сол мерейтойында қызбаланып кетеміз ғой. Сәкеннің биылғы 125 жылдық мерейтойы қарсаңында да сұңқардың қауырсынын талдап жұлып, таңдап жүріп қаралау актісін жасадық. Біздің қаралау актіміз үштіктің айыптау актісінен ауыр емес, бірақ! НКВД Сұңқардың қияғын қиды. Ал, біздер Сәкеннің ел жүрегіндегі есімін өшіріп, ұлт руханиятына жасаған еңбегін еш ете алмаймыз!

Күңіреніп, қырда отырып

көкірек кернеп,

Ән салдым домбыра алып,

ырғап-тербеп.

 Аузымнан өлеңімді қағып алып,

Ызыңдап кетті жаттап асау жел кеп, – деп жырлаған Сәкеннің Сарыарқаның самалы жаттап, тау- -тасы қаттап алған мұрасын енді өшіремін деу – желді тоқтатып, тауды қопарып тастағанмен бірдей. Ол мүмкін емес!

Өйткені, қауырсында кие бар…

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button