Ауылды Еуропамен жалғаған Алаш баласы

Қарқаралыны қаралы Дегелеңнен бөліп, талмаусырап кәрі Түндік ағады. Батысындағы бөрікқарағайлы Боқты таулары етегіндегі тіршілік біткенді тұма бастауларынан емізген. Ну орманы мен жақпар тастары Алаштың азат азаматын азаптан бүркеді. Осы жаралы да, азалы жартастардың қиясынан түлеп ұшып, тіршілігінде қазақтың қасиетін әлемге танытуға атсалысқан ақиықтың бірі Мақат РЫМЖАНОВ еді. Биыл нар тұлғаның 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай, Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерін еске алуға арналған «Мәдениет ғұламасына тағзым» атты рухани кеш өтті.

Сыр сұхбат қалыбында өткен отырысқа қонақ ретінде Мақат Рымжановтың көзін көрген елімізге еңбегі ерен, Арқа жұртына жақсы таныс мәдениет пен өнер саласындағы игі жақсылар мен мектеп жасындағы желектей жас жеткіншектер жиналды. Мәдидің «Қарқаралысын» әуелеткен дүлдүл Құрмаш Ыбышев шараның шымылдығын түрсе, балалар музыка мектебінің «Думан сазы» фольклорлық ансамблі Тәттімбеттің күйлерімен тербетті. Есті ән айтылып, емен-жарқын әңгіме шертілген ой менен сыр тұнған жиын басталды. Облыстық мұрағат қорының құжаттары мен ескі газет басылымдары бізге көп жайдың бетін ашты. Ұлы Отан соғысын Қызыл әскер қатарында қарсы алған Мақат Рымжанов Волув қаласында жараланып, қанды соғыстан елге қайтады. Қаруын тастап, мәдениет майданына араласады. Осы жолда көп кедергілерді еңсеріп, өзін ғана емес иен жатқан даланың өнерін өрге сүйрейді. Азамат ер 1971 жылы найзағай Мәдидің қайтыс болғанына 50 жыл толуына орай, ақынның бейітін көтеріп, басына мемориалдық тақта қоюға ұсыныс жасап, облыстық партия комитетінен арнаулы шешім алуға ықпал еткен еңбегін де білдік. Кеңес заманында Алаш руханиятының жүгін ауырсынбай арқалаған жан екенін түсіндік.

«Мақат аға, парасаты биік, кескіні келіскен келбетті жан еді. Ешкімге айғайлап ұрысқанын көрген емеспіз. Ақылмен айтатын. Оның елімізге сіңірген еңбегі орасан еді. Тек Қарағанды шаһарының өзінде Алматыдан кейінгі ашылған Қарағанды симфониялық оркестрінің, еліміздегі жалғыз музыкалық комедия театрының, көптеген ансамбльдердің құрылуына және әдебиет пен мәдениет ошақтарының салынуына мұрындық болғаны бір белес болса, қазақ баласына деген адамгершілік, азаматтық қыры бір төбе еді. Оның шарапатын көп адам көрді. Сонау Кеңес заманында Қарқаралыдан шыққан «Салтанат» ансамблінің Париж төрінде өнер көрсетуі де – сол кісінің арқасында. Қаншама халық театрларының өмірге келуіне себепкер болды» – деп толқыды өмір естелігінен сыр шерткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова.

«Мақат Рымжанұлы – Қарағанды қаласының ғана емес, ұлтының жоғын жоқтаған азамат. Оған дәлел, елімізде жаппай тың игеру кезеңіндегі қоныс аудару толқынының әсерінен қалалар мен ауылдарда қаншама қазақ газеттері, қазақ мектептері жаппай жабыла бастады. Сонда қырыққа енді келіп, облыстың идеология саласында қызметте жүрген Мақат аға ана тілімізді қорғап, мектептердің жабылуын тоқтатуға бар күш-жігерін салып еді. Отызды жаңа еңсерген, театр студиясын ғана бітірген мені Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың басшысы етті. Жүрексінгенімде «Сендер суырылып шықпасаңдар, кімге керек қазақтың өнері» деп жігерімді жаныған болатын. Кезінде Станиславский театрының іргесінен орын тауып, сәулетші Түсіпбековке жобасын жасатып, жоғары басшылардың рұқсатын алғанда қарсы болған өзіміздің қазақтың қызметтегі кейбір өкілдері еді. Сол күні өрт сөндіргендей түтігіп еді. Мен Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанымда, «театр директоры өзін ұсынды» деп үстімнен домалақ арыз жазылған тұста театр басшылығының тізгінін үш жылдай өз қолына ұстап, менің атақ алуыма мүмкіндік сыйлады. Ол қызмет атқарған сол аралықта Абызда, Қарқаралыда, Егіндібұлақта, Ақтоғайда, Ұлытауда, Жаңаарқада алты халық театры ашылып, ауыл мәдениетін көтеруге өлшеусіз еңбек жасалыпты. Солардың арасынан Алматыға Қарқаралы ауданынан барған Абыз театры республикалық байқауда «Шұғаның белгісін» сахналап, бас жүлдені қанжығасына байлап, үлкен жетістікке жетіп еді. Қазір осы ұжым – Мақат Рымжановтың есімімен аталады» – деп тебіренді Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков.

Одан әрі аға буын журналистер Серік Сексенұлы мен Әли Тойжігітов ағаларымыз да көсіле сөйлеп, Мақат Рымжановтың ұлт игілігіне жасаған өлшеусіз еңбектерін тілге тиек етті. Оның тұлғалық қасиеттерін даралады.

Дарақы сауық пен дүбірлі жиындардан бұл отырыстың кейпі мүлде өзгеше тұғын. Сондықтан, жастардың жанары жанды. Жақсылардың сөзіне құмары қанды. Ұлтын шынайы сүюді түсінді. Мақат Рымжановтың парасат биіктігін бағамдады. Жиын соңында жас өркен қайраткердің өмір дерегі туралы сұрақжауап ойынына қатысып, кітаптар мен театр билеттеріне иелік етті. Жиынды қорытындылаған кітапхана басшысы Дина Аманжолова келген қонақтарға һакім Абайдың кітаптарын сыйлап, шәкірттерді кітапхана байлығымен сусындауға шақырды.

Жиын аяқталса да, ақылды ойдың дәнек-дәні мен шұрайлы сөздің мәйекмәні жастың да, жасамыстың да көкейінде қалғаны анық.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.