Жаңалықтар

Ауылда “ЖИЕН” көбейіп бара жатыр

     Перзентхана… Бөбегін қолға алуды асыға күткен аналар… Бірақ, осы тіршіліктің күнделікті қалыбын бұзған жағдай орын алды бір күні. Қыстың ызғарлы күні қанша жылы болса да салқындап тұратын бөлме қабырғасының іргесінде орналасқан кереуетке бір жас қызды жатқызды. Өзгелердей емес, салақтаған аурухана халатын киген өрімдей жас қыз толғақ қысып, ауру жанына қанша батса да тістеніп, сыр бермеді. Оған жаны ашыған да ешкім болған жоқ. Себебі, келген бетте дүниеге келмеген сәбиінен бас тартқаны туралы естіген өзгелері оған кінәлай қараған, бәрі үнсіз. Осылайша үнсіздікте тағы бір тастанды сәби – қыз бала дүниеге келді.  Ал, баласын қимай, көзінен шығара алмаған жасты жүрегіне шемен қылып қатырған қыздың бар айтқаны: «…әкем білсе өлтіреді, шешем баладан бас тарт деді» болды…

Араб елдерінде өздеріне тән бір салттың бар екенін естігенім бар. Қай елден келгеніңізге, діни сеніміңізге қарамастан, бірге барған адамыңыз туысыңыз немесе некелі жарыңыз болмаса, қонақ үйдің бір бөлмесінде тұруға рұқсат жоқ. Бұл – сәнге айналған «современное общество»  сөзіне қайшы келгенімен де, астарында үлкен мән бар. Қызына қырық үйден, қала берсе қара күңнен тыйым салатын қазақ елі үшін мұндай заңның таңсыққа айналып бара жатқаны қашан?! Некесіз туылған баланың да, баланы дүниеге әкелген шешені де қара есекке теріс отырғызып, бетіне түкіретін заман өтті.  Егер 2000 жылдары некесіз туған балалар саны жалпы туу көлемінің 60 %-ын құрап, оның көп бөлігі қала тұрғындарына тән болса, қазір, тәрбиеге қатал қараған ауыл тұрғындарына да бұл таңсық болудан да, әлеуметтік проблема болудан да қалған. Ауылда жиеннің көбейіп бара жатыр деуіміздің де себебі – осы.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, көп жағдайда жиырма жасқа дейінгі жасөспірім қыздар арасында дүниеге некесіз бала әкелу фактісі тіркеледі. Бұл жағдайды «ауылдың қатаң тәрбиесінен шығып, еркін өмірдің қызығына елігіп жүріп, шоқ басты» деп анықтама беріліп қойған.

Ауылдың ауасы ғана емес, ауылдағылардың көңілі де кең. Іштен шыққан шұбар жылан, баласының қандай әрекеті болса да көтеруге дайын ата-ана баланы бауырына басып, қызына әрі қарайғы өміріңді дұрыста деп, қала береді. Ал, уақыт бір орында тұрмайды. Орнында бар оңалады деп, өз-өзімізді алдаусыратқанымызбен, кез келген дүниенің сұрауы болатыны тәрізді, басыңмен істеген істі, мойныңмен көтеретін кезді де алып келеді алдыңа өмір. Қиынның қиыны не, өзіңнің емес, бауыр еті балаңның қиналғанын көру. Қара аспан басыңа сол кезде орнайды. Себебі, қай елде болмасын, некесіз туған балаға қырын қарайтын қоғам әлі өзінің пікірін өзгерткен жоқ. Жо-жоқ! Адам баласы адамдықтан кетті дегеннен емес, әуел баста дүниеге келетін әр баланың тағдырына алаңдаушылық танытқаннан пайда болған бұл ұстаным, кейін келе өзінің түрін өзгертіп, осындай жек көру сезіміне айналған. Өмірінің әр қадамында алдынан шығатын «тексіз» сөзі, бала кезден санасында жатталып, жүрегіне айналасындағыларға деген өшпес кек орнаған баланың әрі қарайғы өмірі де дұрыс бола қоймайтынын айтады психолог мамандар. Ал, анасы ше? Психикасы әбден қалыптасқан үлкен үшін мұның еш кінәраты жоқтай көрініп, тұрмысын түзетудің қамына кіріседі. Тіпті, түзелмей қалады десек, өтірік болар, жап-жақсы күн де кешеді. Ауылда қалған бала да өсе береді. Алғаш қадамын жасады, сүрінді, құлады. Сәби кезінде сүрінгені үшін бір жылап алып, уанатын болса, өтпелі жасқа келгенде жан жағына көз салып, болашағын ойлай бастайды. Міне, осы кезең бала үшін ең қиыны. Ол өмірге тастанды болып келгеніне кінәлі емес. Кінәраты – ата-анадан алатын махабатты ала алмағаны.

Осыдан, қоғамның «жарты мүшесі» деген сөз тіркесі пайда болады. Көңілі жарым ұрпақ… Ұлдарымыз бен қыздарымызға істеген іс-әрекеті үшін жауапкершілікті бесіктен бастап үйретуді қайтадан қолға алу керек сияқты! Қалай ойлайсыз?

                                                                        Салтанат ИЛЬЯШОВА

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button