Жаңалықтар

Ауылда – дербес бюджет әкімдер оны әмиянымен шатастырмағай

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді.Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция

жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» 

Жолдауынан.

«Ортақ өгізден оңаша бұзау артық»

Қош, ауыл-аймақтың, кешегі кенттердің  қотырын өзі қасып, жарасын өзі жалап жазатын күн де туды. Бір уақытта бытырадай тарап кеткен берекесі қайта кіреді. Бұған дейін ауданның беретін аз-кем тиын-тебенін талғажау етіп, қас-қабағына жаутаң-жаутаң қарап келген туажат ауылдардың  енді дербес бюджеті бар. Әрине, бәрінің емес. 2000-нан асатын тұрғыны барлары ортақ өгізден құтылып, оңаша бұзауға ие болды.

Бұған дейін, тек әйтеуір, ауылға бас-көз,  не бюджеті, не өзге қылар қайраны жоқ ауыл әкімдері  де итаршылықтан құтылады. Сөйтіп, кәдімгі менеджментке білек сыбана кірісетін менеджерге айналады.  Биыл 2000-нан асатын тұрғыны бар ауылдық округтер мен кенттердің кенересі кеңісе, 2020 жылға дейін ауылдық округ атаулының баршасының  бағы жанбақ екен.  Бұл – елімізде 2,5 мың бірлік елді мекен. Ал, Қарағанды облысында 10 кент, 195 селолық округ және 537 ауылдық елді мекен. Бір кездегі дәуірі мен дәурені көзінен пырпырлап ұшқан кент пен ауылдың  құр-құрлап құты енді кірер деген үміт күдікті жеңіп тұр. Аймақтың аудандарынан алынған деректерге жүгінсек, облыста қырыққа  жуық ауыл, кенттің еншісі ендігі бөлініп қойыпты. Биылдан бастап, бұл ауылдар мен кенттердің оңаша бұзауы бар.

 

2000-нан астам

тұрғыны бар ауыл  мен кенттің аты озды

Сонымен, Қарағанды облысында  биылдан бастап, қазан-ошағына өзі егелік ететін ауылдар мен кенттерге келейік. Абай ауданынан 5 ауыл мен кент аудандық бюджеттен үлесін алыпты (Абай, Топар, Қарабас, Южный кенттері, Дубовка ауылдық округі). Ақтоғайда – 3 (Ақтоғай, Шашубай, Сарышаған), Шет ауданында  – 5 (Ақсу-Аюлы, Ақадыр, С.Сейфуллин, Ақжал кенті). Қарқаралыда – 4 (Қарқаралы, Егіндібұлақ, Қарағайлы кенті, Бүркітті ауылдық округі), Жаңаарқада – 4 (Атасу кенті, Бидайық, Ералиев, Түгіскен ауылдық округтері), Нұрада –1 (Нұра кенті), Осакаровта – 4 (Осакаровка кенті, Молодежный, Есіл, Пионер ауылдық округі), Бұқар жырау ауданында – 10 (Үштөбе, Доскей, Көкпекті, Петровка, Баймырза, Ростовка, Корнеевка, Қушоқы, Ғ.Мұстафин ауылдық округі, Ботақара кенті), Ұлытауда – 2 (Ұлытау, Жезді кенттері) дейді мәліметтер.

Сонда   өзін-өзі басқару арқылы бюджетке қолы жеткендер қандай қарекет қылады дейсіз ғой. Жоғарыда  айтып өткеніміздей, «жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешу кезінде  әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейтеді, өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы тұрғындардың шешiм қабылдау процесiне қатысу мүмкіндіктері молаяды». Жалпақ тілмен айтқанда, яғни, ауыл әкімі бюджетін ауылдастарымен  кеңесіп, құрастырады. Сөйтіп, абаттандыруға, жол жөндеуге, мектеп, балабақша құрылыстарына жұмсай алады. Бірақ, ең алдымен, бюджеттің жобасы тұрғындардың жиынында мақұлданады. Ал, ауылдың бюджетін аудандық мәслихат бекітеді.

Бұған қоса, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін қалыптастырады және басқарады. Ауылдың әкімі ауылдың қажетін өтейтін сондай іскерлік танытып, коммуналдық меншік құраса, оған “тек!” дейтін ешкім жоқ. Яғни, ауыл түшкірсе, аудан қашан «аққа жәрәкімалла!» дейді деп күтіп отырмайды. Өзінің қам-қарекетін жасайды.

 

«Алдыңа ас қойдым, екі қолды

бос қойдым»

Ауылдың дербес бюджетіне тұп-тура келетін тобықтай түйін – осы. Берілгенді төкпей-шашпай, ысырап жасамай,  ықтиятты ету  «кішкентай» әкімдердің міндеті.

Ауыл бюджетінің кірістері үш бөлімнен тұрады. Салықтық түсімдерден, салықтық емес түсімдер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. Салықтық түсімдер төлем көздеріне салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлігіне салынатын салық, жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы, елді мекендердің жерлеріне жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлемақы жатады.

Салықтық емес түсімдер тізбесінде есебіне мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беруден түсетін кірістер, жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымдары, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін алынатын айыппұлдар, коммуналдық мүлікті сатудан түскен кірістер бар. Және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. Оған қоса, әкім пысықтық танытып, демеушілер тауып, «Туған жер»  бағдарламасының туын желбіретсе, нұр үстіне нұр  екен. Жалпы, ауыл мен кенттерді қаржыландыру аудандық бюджет құрамындағы 19 бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұрса, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі ретінде енгізілмек. Яки, оған дейін оңаша бұзауды өсіріп, тайынша ету немесе бұзауында көтерем  қалдыру – әкімнің қабілет-қарымында.

 

Ендігі мәселе –

әкімнің қаржылық сауаттылығы

 Әлбетте, ауылдардың бюджеті аса ауқымды еместігі анық алғашқыда. Бірақ, мәселе онда емес. Мәселе – әкімнің сол бюджетті өзінің әмиянымен шатастырып алмауында һәм тұрғындардың  арыз-өтінішіне құлақ асып, ұтымды, әрі тиімді  қолдануында. Бұған дейін 1 миллионы тұрмақ, тесік тиыны болмаған ауылдардың берілген бюджетке қиянат жасамайтынына халық қалаулыларының алғашқыда алаңдауы да негізсіз емес. Мұнда ауыл әкімдері кешегі тек анықтама, есеп беретін  әкім емес, менеджер әкімге айналуы тиіс. Бүгінгі уақыт, жаңа реформа соны талап етеді. Әйтпесе, бұған дейін де айтқанбыз. Әкімнен менеджер шықпайынша, ауылдың көзі былшықтан тазармайтынын.

Кезінде десеңіз, өткенді көксегендей боласыз. Бірақ, демеске шара жоқ. Дәуірінде дүркіреп тұрған ауданның абыройын асырған берісі – оның совхозы, әрісі – колхозы еді. Мыңғырған мал да, көпене-көпене шөп те, тау-тау астық та сол шаруашылықтарда болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өзінің қажетті техникасы, маңдайалды мамандары қандай-ды? Күндіз-түні тынымсыз еңбек, толлассыз ырыс-тын. «Аудан не дер екен, менің аузыма қашан ас салар?» деп қарап отырмайтын дербес бюджеті болғанын несіне жасырайық. Талап та мықты, міндет те күшті. Амал жоқ, байтал түгілі бас қайғы – тоқсанышы жылдардың тұсында, ауыл тұрмақ, ірі қаланы ұстап тұрудың өзі мемлекетке сын болғаны да шындық. Ол кезеңде өзінің қолы өз аузына жеткен ауылдар шілдің тезегіндей тоз-тозы шыққаны және аян. Одан беріде ширек ғасыр өтті. Көш те, керуен де түзелді. Сол себепті, Мемлекет басшысы ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуді тапсырған. Президент тапсырмасы іске аса бастады.  Басы таудай, аяғы қылдай боламаса деп тілеу тілейміз. Алтын бесік ауыл үшін. Әйтеуір, әкімдер әмиянымен шатастырмағай.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

(Сурет ғаламтордан алынды.)

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button