Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы саласында – ауқымды істер

Өткен жылдан бастап ел Президенті Н.Назарбаевпен бекітілген Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті жағдайлар қарастырылған. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік саласы қоса дамып, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалуда.

Облыстың ауыл шаруашылығы саласында 8513 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 7383 шаруа және фермерлік шаруашылықтар еңбек етуде.

Ауыл шаруашылығы саласында 2017 жылы 246,5 млрд. теңгенің өнімі өндфіріліп, өндіріс көлемі 101,6 пайызды құрады.

2017 жылды қорыта отырып, аграрлық секторды қаржылай қолдау бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалар саланың дамуы үшін қолайлы жағдайлар туғызды деп нақты айта аламыз. Көптеген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттің қаржылай қолдауын іс-жүзінде сезінді және өндірісті жүргізудің жаңа технологияларын, еңбекті ұйымдастырудың инновациялық тәсілдерін енгізе отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруды негізгі мақсаттар ретінде қарауда.

АӨК субъектілеріне көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау субсидия, несиелер түрінде жыл сайын арттырылуда. 2017 жылы мемлекеттік қолдау 14,6 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,5 пайызға артық. Шаруашылық құрылымдарына көрсетілген қолдау негізінен  ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы мемлекеттік қызмет түрінде көрсетілуде. Өткен жылы көрсетілген мемлекеттік қызмет саны 5527-ні құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 26%-ға артқан (4085). Оның ішінде, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы 1245, электронды түрде 3238 қызмет көрсетілді.

Мемлекеттік бағдарлама аясында қолданылған жаңа тәсілдердің арқасында, облыс бойынша сатылып алынған элиталық тұқымның, минералдық тыңайтқыштардың және гербицидтердің көлемі артты.

Себілген элиталық тұқым көлемі 6 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 58 пайызға көп. Сонымен қатар, элиталық тұқым себілген алқаптар аумағы 7,6 пайызға өсті.

Пайдаланылған минералдық тыңайтқыштар көлемі 3,0 мың тоннадан 7,1 мың тоннаға дейін өсті, ал гербицидтер көлемі 708,8 мың литрді құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 87,2 мың литрге артты.

Осы жоғарыда көрсетілген мемлекеттік шаралар, жаңа технология тәсілдерін пайдалану, ауа райының қолаңсыз жағдайына қарамастан, дәнді-дақылдар өндіруде біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Облыс бойынша 854,4 мың тонна астық алынып, орташа өнімділік гектарына 10 центнерді құрады.

Дәнді-дақылдардың түсімі Абай, Осакаров аудандарында  жоғарғы болып, гектарынан 11,5 центнерден өнім алынды.

Картоп өндірісі бойынша да жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Орташа өнімділік гектарына 250 центнерді құрап, 326,0 мың тонна картоп жиналды. Абай және Нұра аудандарында картоп гектарынан 260 және 261 центнер жиналды. Көкөністер бойынша 2,8 мың гектар алқаптан 104,0 мың тонна өнім алынды. Абай және Бұқар жырау аудандарында гектарынан 320-350 центнерден жинап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Алынған өнім көлеміне, негізінен ылғалсақтау технологияларын пайдалану және егістік алқаптарының көлемін ұлғайту нәтижесінде қол жеткізілді.

Жиналған өсімдік шаруашылығының өнімдері облыстың қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге, басқа облыстарға және экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары мал шаруашылығы саласында да көз қуантарлық жетістіктер байқалып отыр. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында мал саны көбейіп, мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі артты.

2017 жылы 135,7 мың тонна ет өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 104,0 пайызға өсті, сүт өндірісі 4,6 пайыз, (450,0 мың тонна), жұмыртқа 1,2 пайызға (630,1 млн.дана)  арттырылды.

Асыл тұқымды мал үлесі ірі қара бойынша 4 пайызға, жылқы 1,8 пайызға, қой- ешкі 4,7 пайызға және шошқа 33,1 пайызға өсті.

«КазАгро» ҰБХ» АҚ-мен ұсынылған несиелік қаражаттарға «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық»  бағдарламаларының шеңберінде 2142 ірі қара, 1144 жылқы, 5162 қой сатылып алынды.

Асыл тұқымды ірі қара малын көбейту мақсатында Шет, Ақтоғай аудандарының «Мейрам» және «Нұрғиса», «Жігер» шаруа қожалықтары Ресей Федерациясынан 262 асыл тұқымды ірі қара әкеліп, өсіруде.

Осакаров ауданының «Еңбек – 95» ЖШС-де 600 басқа сүтті-тауарлы ферма салынып, қолданысқа енгізілді. Швейцарлық «Делеваль» фирмасының қондырғысы орнатылып, Германия Федерациялық Республикасынан сементал тұқымды 200 бас аналық малы әкелінді.

АӨК-ін дамыту бойынша басымды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту болып табылады. Бірлесіп бас қосып, кооперативтер құру — заман талабы. Қазіргі кез жұмыла еңбек ететіндердің заманына айналуда. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, кәсіпкерлер үшін де мәселемен жалғыз айналысқаннан гөрі, бірлесе шешкен тиімді болатыны белгілі.

Ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шараларын жүзеге асыру аясында өнім көлемін ұлғайту мақсатында облыс бойынша 2537 жеке қосалқы шаруашылықтардың қатысуымен 93 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, Олардың 47 етті, 46 сүтті бағытта құрылып,  46-сы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды.  Құрал-жабдықтар құнының 50 пайызы көлемінде 122 млн.теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 903 жеке тұлғаға  2,4 млрд.теңге көлемінде несие беріліп, 11,1 мың мал сатып алынды.

Жеті ауданда 24 ауыл шаруашылығы кооперативтері 1056 тонна сүт, 210 тонна ет өндірді. Өткізілген сүтке төленген субсидия көлемі 3,2 млн. теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы нәтижелі өзгерістер қайта өңдеу саласын дамытуға, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге және сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік берді.

Аймақта аталған салада 205 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар облыс тұрғындарын қажетті өнімдермен қамтамасыз ете отырып, жылына құны 100 млрд. теңге болатын 1 млн. тонна өнім өндіріп келеді.

Облыс өңірлерінде жаңа, оның ішінде инновациялық өндірістерді құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылы АӨК саласында жалпы құны 22,3 млрд.теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл инвестициялық жобалар кәсіпкерлікті қолдау Картасының аясында, отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда.

Өткен жылы Абай ауданында ет өнімдерін қайта өңдейтін «Волынка» ЖШС-і кәсіпорны өндіріске қосылды.

«Қарағанды-Нан» Корпорациясы» ЖШС-де макарон бұйымдарын шығару жүйесі іске қосылса, «Евразиан Фудс» АҚ-да өндіріске модернизация жүргізіліп, тоң май және тәтті сүт шығару бойынша заманауи қондырғы орнаттылды.

Өнімді сыртқы нарыққа шығару бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылы экспорт көлемі 43,7 млн. АҚШ долларына жеткізіліп, 206,0 мың тоннаны құрады.

Алыс шет елдердің бірі Біріккен Араб Эмираттары еліне қойды экспорттау жолға қойылды десе болады. Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» асыл тұқымды зауыты келісім-шарт бойынша БАЭ еліне 1,2 мың бас қойды экспортқа шығарды. Экспортқа шығарылған ет көлемі 111 тоннаны құрады. Қытай Халық Республикасына ет өнімін өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде біршама жұмыстар жүргізуде. Өткен жылы, Астана қаласына 10,5 млрд.теңгеге 16 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді.

Қол жеткізілген көрсеткіштермен қатар, әлі де шешімін таппай отырған мәселелер баршылық. Мал шаруашылығы өнімдерін өткізу, ұсақ және орта шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, минералдық тыңайтқыштарды және гербицидтерді пайдалану мәселелерін шешу бойынша әлі жұмыс жүргізуіміз қажет.

2018 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді 255,0 млрд.теңгеге жеткізу өндіріс көлемін 102,0 пайызға арттыру көзделуде.

Ет өндіруді 2,0 пайызға, сүтті 4,0 пайызға, жұмыртқаны 3,0 пайызға, бидайды 2,0 пайызға, картоп және көкөністерді 3,0 пайызға арттыру межеленуде. Сонымен қатар, облыс шаруашылық құрылымдары дәнді және майлы дақыл, картоп, көкөніс және жемдік азықтар алқабын ұлғайтуды жоспарлауда.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында «Ақылды технологиялар» мүмкіндігін  пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру арқылы, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыру міндетін қойды.

Осы міндеттерді орындау мақсатында «нақты егіншілік шаруашылығы» элементтерін пайдаланатын пилоттық жобаларды енгізетін шаруашылықтарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу және агротехнологияларды сақтау жұмыстарымен бірге жүргізіледі.

Елбасының тапсырмаларына сәйкес, облыстың агроөнеркәсіп кешенінде АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында, өндіріс тиімділігін арттыру, ауқымды ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін молайту және тиімді мемлекеттік қолдауды жүргізу, экспорт көлемін көбейту бағытында жұмыстар атқарылатын болады.

С.АПАҚАШОВ,

Қарағанды облысының

ауыл шаруашылығы

басқармасы басшысының

міндетін атқарушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button