Ауылға кеткім келеді

Бәріміз ауылда өсіп, ата-әжеміздің тәлімі мен тәрбиесін көріп жетілдік. Сол ауылға ат ізін салмағалы біршама уақыт өтіпті. Соның әсері шығар, қазіргі кезде ауыл туралы жиі ойлайтын болыппын. ол – балдәурен балалық шақтың елесіне оралтатын қастерлі мекен. Ауылдан алшақтасақ та, оған деген аңсау сезімі көңілде мәңгі орын алғаны анық. оңашада сағыныш жетегіне ілесесің. Сондай сәттерде өзімді бала шақтың түрлі оқиғаларының ортасында жүргендей сезінемін…

Соңғы қоңырау соғылған күніақ киім-кешегімізді жинап алып, ауылға тайып тұратынбыз. Қозылақ қайырып, сары даланың төсінде емін-еркін шапқылап, ойын қызығына батушы едік. Шаңқай түсте ыстықтан қашып, үйге тығылған біз кешкілік жамыраса далаға шығатынбыз. Аяқ-қол шаңға көміліп, «үйге кір» демейінше, тынбайтын едік. Көкжиекке еңкейген күн де бізді қимай бара жатқандай көрінетін. Қазір сол суреттер – қайта оралмас ғажайып бір көрініс.

Таңертең атам малға кетерінде, міндетті түрде бізді бір иіскемей шықпайтын. Оны ақ басқан сақалының бетіме келіп тигенінен сезуші едім. Тәтті ұйқыда жатқан мені атамның осы бір жаныма жағымды әдеті оятатын. Одан кейін құлаққа апамның сүттартқыш машинасының үні келеді. Терезе алдында ойнап тұрған қара радиодан шыққан әнге ыңылмен қосылып, тартып отырады. Таңымыз мейірім мен махаббатқа толы керемет сәтпен басталушы еді. Бұл менің жадымда жатталып қалған сәттерімнің болмашы бір көрінісі ғана…

Ең қызығы – күзде қалаға кететін сәт. «Менде үш ай демалыс», – деп жүрген уақытың үш-ақ апта секілді сырғып өте шығатын. Мектептегі тоғыз ай дәл осылай жылдам өтсе, кәні?!

Қалаға аттанардан бір күн бұрын көңілің алабұртып, қимас сезім құшағында жүресің. Оның үстіне ата мен әжеңнің еркелеткен сөздеріне елтіп, жанарыңа еріксіз жас тығылатыны бар. Көлікке отырар алдында маңдайыңнан иіскеп, батасын бергенде көмейге өксік тығылатын. Мейірім құшағынан ажырап бара жатқанда, қалайша жыламайсың?

Ақылын айтып, тілеуімді тілеп жүрген атам о дүниеге аттанды. Әжем қалаға қоныс аударды. Қазір ауылдағы үйдің есігінде – қара құлып. Жетімсіреп қыр-адыр да қалды. Уақыт шіркін, кімнің өмірін жалмамады? Үлкендердің де қатары сиреген…

Бойынан қазақылықтың исі аңқыған, көкірегі шежіреге толы қарттарымыз ортамызда жүргені – бақыт екен-ау. Олардың қадіріне көзі тірісінде жету керек екенін бағамдау – әр саналы пенденің санасында орнығатын ой болуы тиіс.

Қаладағы тірлік – қарбалас. Сапырылысқан сансыз елдің арасынан көзінен мейірім шуағы көрінетін адамды табу да қиын…

Кейде терезеден сыртқа телміре қарап тұрғанымда «туған жерге тартып кетсем» деген ой жиі мазалайды…

Ауыл – біздің түп-тамырымыз!..

Түп-тамырымыздан түбегейлі ажырап кетпесек жарады…

Ербол ЕРБОЛАТ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.