Облыс әкімі

Қауіпсіздік – басты назарда

  Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен өткен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында өрт қаупі бар кезеңді еңсеру және суға түсу маусымының аяқталуы туралы қорытынды жасалды.

Облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаевтің айтуынша, жыл басынан бері өрт саны 59%-ға төмендеп, аумағы 19 есеге азайды. Биыл 8 мың гектар аумақта 151 өрт тіркелді (2015 жылы 154 мың 723 гектарда 370 өрт орын алды). Облыстағы өртке қарсы 756 ерікті құрылымның иелігінде 18 өрт сөндіру көлігі және 2221 бейімделген автотехника (су тасығыш, автоматты түрде су шашқыш, садыра шашқыш, аспалы су сорғышы бар тракторлар), сонымен бірге, 59 бірлік өрт сөндіру мотопомпылар бар.

2016 жылы мамыр және маусым айларында департамент қызметкерлері бекітілген жоспарға сәйкес, қосымша күш тарту бойынша елді мекендердегі өртке қарсы ерікті құрылымдардың дайындығын тексерді. Бүгінгі таңда департаменттің өрт сөндіру қызметінің кәсіби дайындығын жүргізетін мектеп негізінде өртке қарсы ерікті құрылымдардың азаматтарын табиғи өрттің алдын алуды және өрттің көзін жоюды оқыту туралы сынамалы жобасы ұйымдастырылды.

2004 жылдан бері төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметі өрт ошағын ерте анықтау және өртенген аумақты жедел картаға түсіру мақсатында ғарыштық мониторинг мәліметтерін пайдалануды тәжірибеден өткізіп келеді. Биыл 151 өрттің 78-і (52%) ғарыштық мониторинг мәліметтерін пайдалана отырып сөндірілді.

Департамент басшысы суға түсу маусымының аяқталуын да қорытындылады. Облыстың су қоймаларында жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қала және аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, бірқатар алдын алу шаралары жүргізілді. Келушілер көптеп жиналатын орындарда рейд ұйымдастырылды. Су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелері туралы радио мен телеарналарда, баспа беттерінде, өзге де БАҚ-тарда, адамдар көп шоғырланған орындарда жиі жарияланды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button