Бас тақырыпОблыс әкімі

Қауіпсіздік – басты назарда

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кеше өткен аппарат жиынында мереке күндері аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, барлық елді мекендерде жылу, электр энергиясы және су беру жұмыстарында іркіліс болмауын міндеттеді.

– Барлық қалалар мен аудандардың әкімдері демалыс уақытында өздеріне қарасты өңірде болып, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы керек. Сіздер бұл үшін тікелей жауап бересіздер. Жаңа жылда коммуналдық проблемалар туындамауы тиіс. Тұрғындар мерекені уайымсыз атап өтуі қажет, – деді Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар, демалыс күндері барлық техника мен жұмыс күші штаттан тыс жағдайлар туындаған жағдайда толық дайын болу керектігін атап өтті.

Облыс әкімі Қарағандыны қардан тазалау жұмысының сапасына да тоқталды.

 – Тұрғындардан шағым түсуде. Иә, қысқа уақыт аралығында бір айлық қар нормасы түсті. Бірақ, қаланы тазалау қажет. Барлық техниканы пайдалану керек. Тазалау жұмыстары сапалы және уақытында орындалуы тиіс. Бұл мәселе облыстық және республикалық жолдарға да қатысты. Демалыс күндері көлік қозғалысы артатынын ескере отырып, біз штаттан тыс жағдайларға дайын болуымыз керек. Жолдардың қауіпті учаскелерінде уақытылы тазалау жүргізу қажет. Адам өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен де маңызды, – деді аймақ басшысы.

 Полиция мен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығына көшедегі адамдардың қауіпсіздігі мен құқық тәртібін мұқият қадағалауды тапсырды. Өрт қауіпсіздігін де назардан тыс қалдырмады. Тиісінше, рейдтер өткізу және сертификатталмаған пиротехникамен сауда жасауды болдырмау туралы тапсырма берді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button