Ұлытау

Аудандық архив мерейтойы

    Биыл Ұлытау аудандық мемлекеттік архивінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осынау мерейтойға орай ұйымдастырылған жиында мекеме ұжымын және архивтің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагерлер қауымын аудан әкімі Әнуар ОМАР құттықтап, үздіктерді марапаттау шарасын жүзеге асырды.

Аудан басшысы еңбектері елеулі мамандар мен мағыналы ғұмыр­ларын өңір тарихын екшеп, жинақтауға арнаған зейнет жасындағы байырғы қызметкерлерге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамоталары мен аудан әкімінің Алғыс хаттарын салтанатты жағ­дайда тапсырды. Архившілер жұмысының мәні мен маңызы хақында ой толғаған  Әнуар Серікбайұлы сала қызметкерлерінің жоғары еңбек жетістіктеріне жете береріне сенім білдірді.

Басқосу барысында аудандық мемлекеттік архивтің директоры Гүлмира Рыспаева өзі тізгінін ұс­тап отырған мемлекеттік-қазыналық мекеменің құрылу, қалыптасу мен қанатын кеңге жаю жолдары хақында әсерлі әңгіме өрбітті. Өз тарапынан архив қызметінің ілгері басуына дәнекерлік ете білген еңбек ардагерлері мен бірқатар мамандарға ризашылық пейілін Алғыс хаттарын тапсыру арқылы айғақтады. Архивте ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Ғазиз Әбітов пен мекеменің алғашқы басшысы, қазіргі таңда Сәтбаев қалалық мемлекеттік архивінің директоры қызметіндегі Жаңбырбай Дәрібаевтың иығына оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ширек ғасырлық мерейтой иелерін сонымен қатар, салтанатты кештің мейманы, Жезқазған қалалық мемлекеттік архивінің директоры Бағдат Байжантаев ақжарыла құттықтады. Ол сондай-ақ, Ұлт ұясының өткені мен бүгініне қатысты деректерді көзінің қарашығындай сақтауды мұрат тұтатын мекеменің басшысы Гүлмира Серікқызына жоғарыда аталған облыстық басқарманың Құттықтау хатын табыс етіп, бірлігі бекем ұжымның еңбегіне толайым табыс тіледі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button