АбайОблыс әкімі

Аудандағы ауқымды өзгерістер

   Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен Абай ауданында болды. Аймақ басшысы өңір активімен кездесіп, Абай ауданының жаңа әкімін таныстырды. Бұл қызметке Бауыржан АСАНОВ тағайындалды.

– Өздеріңіз білесіздер, осы жылдың маусым айында Абай ауданының бұрынғы әкімі Серік Шайдаров облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Жалпы, Абай өңірінің дамуы жақсы қарқынға ие. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы жүріп жатыр, жолдың жағдайын оңалту мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Келер жылы спорттық кешеннің құрылысын бастауды көздеп отырмыз.

ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Президенті жанындағы Кадр мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның және Абай аудандық мәслихатының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен Бауыржан Асанов тағайындалды, – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі Абай ауданын дамыту мақсатында алдағы жылы облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлінетінін де айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ерлан Қошанов жаңадан бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жыл соңында ашылатын жүзу бассейніне де арнайы барды.

Бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені – 11 метр. Нысанның құрылысы аяқталып, қазір жабдықтау жұмыстары қолға алынған.

Бассейн құрылысы 2015 жылы басталған. Ол уақытта, тек, іргетасы қаланыпты. Қаражаттың болмауынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Тек, осы жылдың 10 мамырында құрылыс қайта жанданған.

Нысанда бассейннен бөлек, жаттығу, гимнастикалық залдар және оқу кабинеттері де ашылмақ.

Жалпы, құрылысқа 397 миллион 442 мың теңге бөлініпті.

– Біз барлық жұмысты жылдың соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Алдағы қаңтар айынан бастап бассейн өз есігін айқара ашпақ. Балаларға арналған орталық барлық стандарттарға сәйкес келеді. Бассейн бір уақытта 48 адамды қабылдай алады, – деді «Наладочный центр Темиртау» мердігер фирмасының бас директоры Хамзат Мишиев.

Өз тілшімізден.

Суретті түсірген Д.Кузмичев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button