Жаңалықтар

Аудан орталығында – айтулы өзгерістер

       Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВ жұмыс сапарымен Абай қаласында болып қайтты. Сапар барысында аймақ басшысының орынбасары аудан орталығында бой көтерген жүзу бассейнінің ашылу салтанатына қатысты.

Түс ауа жолға шыққан жұмыс тобы алдымен Абай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ат басын тіреді. Аталған мемлекеттік мекемеде айтулы өзгерістер болғанын білдік. Мәселен, бұған дейін ғимараттың екінші қабатында орналасқан бұл бөлім енді, тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін бірінші қабатта қызмет көрсетуде. Мұнымен бірге, ғимараттың осы қабатында күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліпті. Қабырғаға билбордтар ілініп, мекеме көмек көрсетуге қауқарлы қызмет түрлері көрсетілген. Ақпараттық кітапшалар тағы бар. Әр тоқсан сайын өткізілетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде де осы кітапшалар таратылады. Қазіргі банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында көзіміз үйренген электронды кезекке тұру жүйесі де бұл бөлімнің жұмысына енгізілген екен. Кеңесшіге жолыққаннан кейін, келушіге электрондық кезек нөмірі беріледі. Айта кету керек, бұған дейін мұндай кезекке тұру жүйесі болмаған болатын.
– Бұл бөлімнің жұмыссыздарға көп көмегі тиеді деп сенемін. Өйткені, аудандағы бос жұмыс орындар туралы ақпаратты осы жерден алуға болады. Сонымен қатар, біз жұмыссыздарға жұмыс тауып берумен ғана емес, білімін жетілдіремін, қайта маманданамын деген азаматтарға да, жаңа бизнес ашамын деушілерге де қол ұшын созамыз. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындай отырып, атқарылып жатқан жұмыстар деуге болады, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Зағыппар Шәкентаев.
Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатында бөлімде бес бірдей маман жұмыс жасайды. Ал, егер, азамат мұндай мамандардың көмегіне зәру болмаған жағдайда, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да ойластырылған екен. Бұл жерде жұмыс іздеуші өздігінен www.enbek.kz сайтына тіркеліп, Абай ауданы бойынша бос жұмыс орындары туралы біле алады. Сонымен қатар, бөлімге жұмыс берушілер де ат шалдырмай кетпейді. Апта сайын қоғамдық қабылдау кабинетінде жұмыс іздеп жүрген азаматтар мен жұмыс берушілер кездесуі өткізіледі.
Биылғы жаңалықтың бәрі осымен тәмам деуден аулақпыз. Мәселен, биылғы қаңтар айынан бастап елімізде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» көрсетілуде. Бұл көмекті айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан ақшалай төлем деп түсінген абзал. Өз кезегінде, жұмысқа тұра алмай жүрген азамат үшін де бұл айтарлықтай сеп екені белгілі.
Бөлімде мұнымен қоса әлеуметтік бейімделу кабинеті де жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз – ақыл-ойы кеміс балалар мен жастарға көмек көрсететін орын. Аталған кабинет – үйде қызмет көрсету аясында жұмыс жасайды. Яғни, мамандар үй-үйге барып, қызмет көрсетсе, енді аудан басшысының көмегімен кабинет қызмет етуде. Бұған себеп – пәтер бөлмелері кабинеттегідей кең емес. Балалармен еркін жұмыс жасауға, олардың өзге балалармен араласуына көбіне-көп мүмкіндік бола бермейді. Бұл тұрғыда, аталған кабинеттің маңызы зор.
– Мұнда өздігінен қимылдай алатын балалар келеді. Келеді дегенді өзі келіп, өзі кетеді деп түсінуге болмас. Әлеуметтік маман жетелеп әкеліп, жетелеп қайтады. Әр маманға 6 баладан бекітілген. Өз кезегінде, мамандарымыз барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Қолдан келер көмегін аямайды, – деді Ольга Городецкая.
Бұдан әрмен, облыс әкімінің орынбасары бастаған топ жаңадан бой көтерген Абай қаласының жүзу бассейнінің ашылу салтанатына қатысты.
– Осы ауданның бұрыңғы әкімі ретінде, мен бұл нысанның құрылыс алды тарихымен жақсы таныспын. Жобалық-сметалық құжаттама 2014 жылы құрылған болатын. Алайда, қаржыландырудың жетіспеушілігі салдарынан құрылыс уақытша тоқтатылды. 2017 жылы аталған құрылыс қайта жандандырылып, міне, енді аудан орталығында осындай тамаша бассейн пайда болды, – деді Серік Шайдаров.
Жаңа бассейннің ұзындығы – 25 метр. Бір мезгілде мұнда 48 адам жүзе алады. Сонымен қатар, нысанда жаттығу және би залдары бар. Массаж кабинеті жұмыс істейді. Қазіргі таңда жұмысқа 25 қызметкер қабылданды. Жақын арада шататты толықтыру жоспарланып отыр. Сол кезде кешен толық қуаттылығымен жұмыс істей бастайды.
– Бұл бассейннің құрылысына облыстық және аудандық бюджеттен 430 миллион теңге жұмсалды. Абонемент бағасы қазірден бастап есептеліп қойды. Бір келу – 550 теңгені құрайды. Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға 50% жеңілдік қарастырылған. Спорт секцияларына қатысатындар үшін бассейнге келу тегін болады, – деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Мағзин.
Осыған дейін абайлық спортшыларға бассейнде жүзу үшін Қарағанды немесе Саран қалаларына қатынау керек болса, енді бұл қажеттілік өтелді деуге болады. Сонымен қатар, жаңа ғимараттағы кейбір залдарды жеке және командалық жаттығулар үшін жалға беру мүмкіндігі де қарастырылуда.
Бұл аз десеңіз, 2018 жылы Абайда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Оның ашылуы 2019 жылға жоспарланып отыр.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.
Суреттерді түсірген Д.Кузмичев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button