Ауқымды жобалар жүзеге асуда

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың барысы жөнінде мәжіліс өткізді. Онда атқарылған жұмыс сараланып, алдағы міндет пысықталды.

Жасампаз болашақтың басты белгісі — жаңғыру мен жаңару және соның негізінде ұдайы алға жылжу. Міне, жас ұрпақ алдындағы осы парыз бен оған жетудің оңтайлы жолы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи бағдарламалық мақаласында жан-жақты көрініс тапқан. Соған сәйкес, Үкімет бекіткен алты бағытты қамтитын іс-шараның жоспары бар.

Бұл тұрғыда мыс шаһарында 14 жобаны қамтитын, 2017-2021 жылдарға арналған жоспар жасалған. Бүгінде соны басшылыққа ала отырып, жүйелі жұмыс жүргізілуде.

2017 жылы Кетбұқаға ескерткіш қойылды. Жергілікті ақын, жазушы, сазгер шығармашылығын ширатуды көздеген «Жаңа өлеңмен жүздесу» атты кеш, ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға арналған «Арқа аруы», «Қазақтың келіндері-ай!», «Ардақты әже» байқаулары тұрақты өткізіліп келеді. Мектеп қасынан хоккей кортын салу жөніндегі үш жылдық жоба биыл мәреге жетеді.

Былтыр қала кәсіпкерлерінің демеушілі гімен «Стрит Воркаут» салынды. «Ата-баба салт-дәстүрі» этнофестивалі, «Жақсылық жаса!» атты меценаттар форумы өтті, «Алаңым» жастар театры ашылды.

Игі іс биыл да жалғасын тапты. Ғарышкерлер желекжолы күрделі жөндеуден өткізіліп, металлургтер мекенінің тұрғындары мен қонақтарын арбаған «Арбатқа» айналды. Қаланың 65 жылдық мерейтойы аясында әншілердің Жақсыкелді Сейілов атындағы «Өнер өлкесінің жезкиігі» атты республикалық байқауы, күйшілердің Кетбұқа би атындағы алғашқы халықаралық байқауы, «Ауылым – алтын бесігім» этнофестивалі өтеді.

  • Атқарылып жатқан іс-шараның қоғамды рухани дамытудағы мәнін жұртшылыққа жеткізудің маңызы зор. Сондықтан, түсіндіру мен насихаттау жұмысын жетілдіру мен күшейтуге бағыт ұстап отырмыз. Қала кәсіпкерлері мен бизнес қауымдастығын белгіленген жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуын ынталандыру мүмкіндігін де ойластырудамыз, – дейді қала әкімі.

СУРЕТТЕ: қала әкімі Қайрат БЕГІМОВ.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.