Бас тақырыпОблыс әкімі

Ауқымды мәселелер шешімін табады

Облыстық мәслихаттың депуттары аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН кездесті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ төрағалық еткен жиында облыс әкімі әр жұмыс сапарында аймақтың күрделі мәселелеріне айрықша назар аударатынын атады. Сондай-ақ, елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында көтерілген түйткілдер жүйелі түрде, қолда бар мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдаланудың нәтижесінде шешілуде екенін айтты. Күн тәртібінде 2020 жылға арналған бюджет жобасына енгізілетін маңызды мәселелер сөз болды.

2000-ға жуық отбасы тұрғын үймен қамтылады

 Аймақ басшысы облыстың тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселелеріне кеңінен тоқталды.

– Келесі жылы облыстағы елді мекендерді сумен қамтуды дамыту бойынша 30 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Жобалар 7 қалада (Жезқазған, Қарағанды, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск) және 12 ауылдық елді мекенде (Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандары) іске асырылатын болады, – деді аймақ басшысы.

Мәселен, Саран қаласындағы су құбыры және кәріз нысандары, Абай ауданына қарасты Есенгелді, Құрма, Қарабас ауылдарындағы нысандарға біраз қаржы бағытталмақ. Сондай-ақ, бюджет жобасында Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларына газ тасымалдау жайын реттеу қарастырылған.

– Өткен аптада Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде 2020-2021 жылдары облыста 186 апатты лифтілер жөнделіп, жаңасына ауыстырылатынын айттым. Келесі жылдан бастап «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген түзетулер бойынша көпқабатты үйлердің тозығы жеткен қасбеттерінің мәселесін шешетін боламыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

 Облыс әкімінің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша келесі жылы 1965 отбасын жалға берілетін тұрғын үймен қамту жоспарланған. Қалалар мен аудандарда 29 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Осы орайда, 1415 несиелік пәтер және 2836 коммерциялық тұрғын үй, 1075 жеке тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Туристерді тарту – күн тәртібінде

Облыстың жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша автомобиль жолдарына күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жалғасады. Осы мақсатта республикалық бюджет қаражаты есебінен үш автожолды – «Новодолинка – Шахан-Молодецкая», «Осакаровка-Молодежное» және «Қаражал-Атасу» және Соқыр және Нұра өзендеріне салынған екі көпірді қайта жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, Ұлытау ауданының тарихи нысандары мен киелі жерлеріне (Хан ордасы, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері, Алтыншоқы тау массиві) туристерді тарту жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Ал, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде 4 000 шақырым аумақта жергілікті маңызы бар су қоймаларын құжаттау жүргізіледі. Көпшілік жұмыстар Федоров су қоймасына сараптама жүргізу мен өнеркәсіптік кәсіпорындардан зиянды заттар шығарындыларының деңгейін анықтау бағытында жалғасын табады. Табиғатты қорғау тұрғысында ШерубайНұра өзені және Топар бөгетін күрделі жөндеуге бағытталған қосымша шаралар 2020 жылға арналған бюджет жобасына енгізілмек.

Жезқазғанда – Назарбаев зияткерлік мектебі

Ал, орта және кәсіби білімді дамыту бойынша облыста алдағы екі жылда апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі толықтай шешіледі.

– Осы мақсатта келесі жылы Қарағанды, Жезқазған (Назарбаев Зияткерлік мектебі) қалаларында және Ұлытау ауданында үш мектепті іске қосу жоспарлануда. Шет ауданына қарасты Киікті және Жезқазған қаласының Теректі ауылында және Жезқазғанда мектептердің құрылысы басталады. Апаттылықтың алдын алу үшін пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан мектептерге күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Оған қоса, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы 11 мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіптік білім беру саласында облыстағы 15 колледждің жұмысын жандандыру қарастырылған. Колледждерді жан басына қаржыландыру және студенттерге арналған тегін ыстық тамақ үшін қосымша қаражат бөлінеді. Оның ішінде студенттер стипендиясы, оқуға және жұмысқа тұру, жол жүру жеңілдіктері бар. Балабақшалардағы бір тәрбиеленушіге мемлекеттік тапсырыс мөлшерін жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінің нормативіне сәйкес келтіру мәселесі де шешімін таппақ.

Ал, бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мақсатында келесі жылы Жезқазған, Қаражал және Шахтинск қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Бюджет жобасында кәсіби хоккейді, оның ішінде, жастар хоккей лигасын дайындау бағыты бар.

Ауылдарды дамытудағы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында алдағы жеті жыл ішінде әлеуметтік, коммуналдық және көліктік инфрақұрылым нысандарын жөндеу жұмыстары қарқын алады.

«Облысты дамытудың нақты жоспары бар»

Жиында сондай-ақ, соңғы екі жыл ішінде Қарағандыны көркейту мақсатында аулалар мен гүлзарларды абаттандыруға көп көңіл бөлінгенін атаған аймақ басшысы оны одан әрі дамыту үшін жылумен қамту маңызды екенін атады. Осы мақсаттағы магистралды желілердің құрылыс жобасы (ЖЭО – 3 жылу трассасы – ұзындығы 20 шақырым) жаңа құрылыс нысандарын жылу энергиясымен қамтамасыз етіп, тұрғын үй құрылысын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

– Көптеген мәселелерден хабардармын. Әрине, проблемалар ауқымы анағұрлым кең, сұрақтар көп. Көтерілген мәселелер жүйелі түрде, қолда бар мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдаланып шешілуде. Бізде облысты дамытудың нақты жоспары бар, – деді аймақ басшысы.

Жиында депутаттар Ж.Таласбеков, С.Брамонтова облыс әкіміне елді мекендерді аралап, көңілге түйген ұсыныстарын жеткізді. Өзекті мәселелердің қатарында атап айтсақ, Жезқазған қаласына медицина мамандарының жетіспеушілігі, сондай-ақ, колледждерді жылумен қамту мәселесі алға қойылды. Мәслихат депутаты Еркін Көбеев Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін жылу жүйесіне қосу үшін 1,5 миллиард теңге қажет екенін айтты.

Депутаттардың сауалдарына жауап берген аймақ басшысы ҚарМУ-ды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешілетінін атады. Бұл ретте, барлық идеялар мен қабылданатын шешімдер ең алдымен елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталмақ.

***

 Кездесуді қорытындылаған облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов маңызды басқосудың облыстың одан әрі қарқынды дамуына айтарлықтай дәнекерлік етеріне ерекше назар аударып, атқарушы билік пен өкілетті органның өзара тиімді ісқимылы келешектің келісті болуына берік негіз қалайтынын атап өтті.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button