Жаңалықтар

Қауқарлы құс фабрикасы

Сәрсенбінің сәтті күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Бұқар жырау ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы онда аудан орталығының іргесінде жатқан Ботақара ауылында орналасқан құс фабрикасы «Ақнар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс жайымен танысып қайтты.

Иә, бұл Ботақара ауылын аудан орталығы Ботақара кентімен шатастырып алмаңыз. Кенттен 7-8 шақырым жерден орын тепкен ауылдың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенде жалпы білім беретін орта мектеп, Мәдениет үйі және ең бастысы, әкім ат басын тіреген құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Жай ғана жұмыс істеп тұрған жоқ, облыстағы жеңіл өнеркәсіп көшін алға бастап тұрған өндіріс орындарының бірі. Қазір Қарағанды сауда үйлерінің құс еті сатылатын сөрелеріне көз жүгіртсеңіз, «Ақнар» өнімдері шығады алдыңыздан. Арнайы қуыруға әзірленген тауық еті (бройлер), сорпалауға, өнімнің мүшеленбеген тұтас түрі немесе жарты еті, туралғаны, сан еті, қанаттары, тағысын тағы бірнеше түрі кездеседі. Бір ескеретіні – мұның бәрі бройлер тұқымдары.

Құс фабрикасының негізін қалаушысы әрі құрылтайшысы Владимир Матвеевтің айтуынша, өндіріс орнының өнімдеріне сұраныс жоғары. Тіпті, қарағандылықтардың сүйікті асына айналып үлгергенін айтып қалды сөз арасында. Сапа болған соң, сұраныссыз қалмасы белгілі, әрине.

Құс фабрикасының өнімдері облыс шегінде Жезқазған, Балқаш сияқты қалаларға тарайды екен. Сонымен қатар, Астана, Алматы, Талдықорған, Көкшетау, Кереку (Павлодар), қысқасы, республиканың бірқатар аймақтарының сауда нарығын кезіп кеткен көрінеді. 2002 жылы ашылған өнеркәсіп орнында қазір 420 адам жұмыс істеп, нәпақасын айырып отыр. Қызметкерлер Ботақара ауылынан ғана емес, жан-жақтан келіп-кетіп істейтіндер де жеткілікті. Ертеде «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деуші еді, «өндіріс – өмір өзегіне» айналғалы қашан?!

Фабрика негізгінен құс етін және жартылай фабрикаттарды өндіріп шығарады. Ауыл шаруашылығы болған соң, 2003 жылдан бастап құс еті өнімдерімен қоса қоспа жемге де (мал азығы) ден қойып, күніне дәрумендерге бай 200 тонна түрлі құрама азық дайындайды. Шаруашылық жылына 8200 тонна құс етін және 45 мың тонна азық өндіреді. Аталған орын замана талабына сай технологиялармен жабдықталып, сапалы өнімдерге қол жеткізіп отыр. Арнайы климатқа бақылау жасай отырып, желдеткіш орнатылған толықтай автоматты жүйеде жұмыс жасайды.

Владимир МАТВЕЕВ, «Ақнар» құс фабрикасының құрылтайшысы:

– Компания құрамына тағы бір зауыт еніп отыр. Биыл Талдықорған қаласында ашылған зауыттың негізгі бағыты – сапалы азық дайындау. Бұл дегеніміз біз шығарып отырған өнімдер бағасының шарықтап кетпеуінің кепілі деуге болады. Мемлекет тарапынан да қолдау жоқ емес. Құс азығына арнайы субсидия алып тұрамыз. Бұл да болса, үлкен қолдау. Ендігі жоспарымыз – осы қарқынды жоғалтпай, құс етінің өнімділігін, тауар айналымын жылына 9 мың тоннаға жеткізуді қарастырып жатырмыз. Ол әрекетіміз негізсіз де емес, уақыт өткен сайын өнімдерімізге сұраныс артып келеді. Сондай-ақ, сапалы өнімге қол жеткізу үшін техникаларды уақытылы жаңартып отыру керек.

«Ақнар» бұл күндері аймақтағы брэндке айналған тауар өнімдерінің бірі. Осындай игі істің бастауында жүрген азаматтармен жүздескен облыс әкімі құс фабрикасының бүгінге дейін жеткен жетістіктерін саралап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button