«Атымды адам қойған соң…»

Ұлттың өзгелермен терезесі теңелуі үшін оның ұлттық сана деңгейі көтерілуі шарт. Ұлттық мүдде, ұлттық намыс дегеннен жоғары тұратын ұғым болмайтыны баршамызға белгілі.

Жалпы ұят жетілмей, қараңғылық тұманы басып тұрғанда, таланттылардың көбін сол тоғышарлық құрдымы тартып кетеді. Ал, қазақ халқы болса бағзы заманнан бері адалдықты, әділдікті, шындықты ту етіп көтерген.

Қазақ кез келген дауды ушықтырмай, салмақты сөзбен басып отырған. Халқымыздың даналығы да, даралығы да осында.

Өкінішке қарай, бәйгеде – есекті, қара сөзде – өсекті оздырған бұл қоғам түбегейлі өзгеріп кетті. Адам ұсақталып, ұлттық мүдде, ұлттық құндылық деген ұлы ұғымдар өз мәнін жоғалтқандай. Адамды адам ететін басты қасиет – сана сезімі мүлдем бұғатталды. Осы сананың саяздығынан да адалдықты алауыздық, әділдікті алаяқтық алмастырып, ұрлау, жымқыру деген құбылыстар ұлтымызды артқа тартып отыр. Адамға жақсылық жасау жанына жат, жамандыққа келгенде жанып түсетін жемқор, парақор, санасыз сотқарлардың сиремей жатқаны да осы себептен.

Дегенмен, арсыздық, санасыздықты түбегейлі жоймасақ та, оны болдырмауға, алдын алу жолында егемен елімізде барлық жағдай жасалған. Мемлекетіміздің басты межесі де, осы санасыздықтың салдары болып табылатын жемқорлық ұғымын жойып, әділетті қоғам ретінде дамыған елдердің көшін бастау. Ал, әділетті қоғам болу үшін, оның әрбір мүшесінің көкірек көзі ашық, жақсылыққа құштар, жаны ізгі болуға тиіс. Бұған қатысты ұлы данамыз Абай «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп кесіп айтып кеткен. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әділеттің орнауы – адамдардың ұятына, әділдігіне, мейірбандығына, ар тазалығына байланысты болмақ.

Ендігі кезекте қоғам болып баба мұратын сақтап, Мәңгілік ел болуға ұмтылуымыз – міндет. Өз кезегінде Мәңгілік ел болуға парақорлық іспетті індет кедергі болары айдан анық. Әрине, ешбір дамыған мемлекет жемқорлықты түптамырымен жоя алмаған. Алайда, оған ықпал етер себеп-салдардың алдын алу кез келген қоғамның қолынан келеді деп ойлаймын.

Осы орайда, адалдық пен әділдіктің ұйытқысы болған Агенттіктің бастауымен іске қосылған «Адалдық алаңы» атты үлкен жоба жүзеге асырылуда. Жобаның бір ерекшелігі – еліміздегі жаңа ілім, жаңа ұғым, басқарудың жаңа құралы – «жобалық менеджмент» тәсілінің қолданылуында. Яғни, белгіленген мерзім ішінде, көздеген мақсатқа қол жеткізу. Ал, мақсат анық, бағдар айқын, ол жемқорлықтың алдын алып, сананы өзгерту, ояту. Сондықтан, адалдық, әділдік жолындағы басты құндылығымыз – қоғам, ал, қоғамды өзгертер күш – білім мен адал еңбек.

Демек, жалқаулыққа, алаяқтық пен жемқорлыққа қарсы бір ағзадай қоғам болып төтеп беру ауадай қажет-ақ. «Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей, тамақ аңдып қайтеді тентіремей» заманына қайта оралмау үшін жемқорлық зұлымдығына қарсы бірлесіп әрекет етейік. Тегінде ақыл, ғылым, мінез, ар, адалдық сынды құндылықтарға ие адам ғана қоғам көшін бастайды.

Жандос СӘРСЕНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы