Қатерлі құбылысқа — тегеурінді тосқауыл

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қара­ғанды облысы бойынша департаменті ғимаратында Сы­байлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторинг тобының биылғы жылы атқарған қызметіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға топ жетекшісі Ермек Әбілдин мен осы топ мүшелері қатысты.

Сала мамандарының айтуынша, заңбұзушылықтарға қарсы жұмыла атқарылып жатқан жұмыс жемісін беруде. Мысалы, былтырғы жылға қарағанда биыл ҰБТ кезінде заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық жағдайлары аз тіркелген. Өйткені, биыл мектеп түлектері емтихан кезінде бейнебақылау арқылы жіті қадағаланды. Бұл үрдіс жылдан-жылға дами бермек. 

Сондай-ақ, Елбасының «Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруі тиіс» деген тапсырмасына бей-жай қарамауымыз керектігі тілге тиек етілді. Жатақхана мәселесі де бүгінгі күні өте өзекті.

Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлері арасында 70-80 мың және 1 млн. теңгеге дейін жалақы алғандары бар екен. Бұл – аталмыш мекемеде ұйымдасқан жемқорлықтың бар екенін көрсетеді. Көп мөлшерде заңсыз жалақы алғандар басшылардың туыстары болуы мүмкін. Сондай-ақ, полиция департаменті қызметкерлері арасында да осындай заң бұзушылықтар орын алған. Заңсыз түрде, мансабын асыра пайдалана отырып, жанар-жағармайды ысырап ету, көлігін жөндету, тамақтану сияқты әрекеттерді тегін, ешқандай құжатсыз мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асырған.

Осы брифингтегі ең маңызды мәселелердің бірі – пәтерді қайта жоспарлау жайы. Мемлекеттік бағдарламамен немесе қолма-қол ақшаға сатып алған пәтер иелері пәтерлерін қайта жоспарлау үшін тиісті орыннан рұқсат алуы тиіс. Әлеуметтік желі арқылы құрылыс талаптары бойынша қайта жоспарлауға келмейтін пәтерлерді заңсыз қайта жоспарлау қызметін ұсынған делдал анықталды. Ол пәтер иелеріне 600 мың теңге қолақыға аталмыш қызметті жылдам бітіріп беруге уәде берген. Бұл заңсыздықты анықтауда «Құпия сатып алушы» қызметі көмекке келіп, заңсыздықтың жолы кесілді.

 – Қазір осындай жағдайлар өте көп, сондықтан мұндай делдалдардың арбауына түсіп қалмай, мәселені заңды түрде шешуге тырысқан жөн. Жер өлшеу, қазық қағу қызметі де бүгінде тегін. Бұл қызметке де сала мамандары 25 мың теңгені заңсыз алып келгені белгілі болды. Жұмылған жұдырықтай бірігіп, төрт көзіміз түгел заң бұзушылықпен, ұйымдасқан жемқорлықпен күрессек қана дамимыз, – деді Ермек Әбілдин. 

Өз тілшімізден.