Қате соғылған телефон (оқиға)

Үнемі қате түсіп кеткен телефондарды қабылдап жүретін ем. Бұл жолы да дәл сондай бір номерден телефон келді.

– Әке, мен сені қатты сағындым, тезірек келсеңші! Әке! – Тұтқаның ары жағында кішкентай қыз баланың дауысы. Сәл күлімсіредім.

– Балақай, номерді қате теріп тұрсың! – Телефонды жаптым. 4 жасар ұлым бар. Нағашыларының ауылына кеткен. Мыңдаған-миллиондаған шатасулардың бірі болар дедім де қойдым. Бірақ, жағдай мен ойлағандай болмады. Ертесі, күн сайын сол номерде, сол бір дауысы дірілдеген балдырғанның үні мені мазалай берді. Айтатыны, әке қашан келесің, сені сағындым… Осы тектес сөздер. Қалтафоным тағы сайрай жөнелді. Сол номер. Мен бірден басып жібердім. Қайта-қайта, дамылсыз келе берді. Ақыры шыдамым таусылып, телефонды алдым:

– Әке, мен сені қатты сағындым. Мен қатты қиналып кеттім, әке!.. Сені қаншалықты сағынғанымды білесің бе… Анамның айтуынша, бұл сенің жаңа номерің екен. Қателесуім мүмкін емес, анам сені жұмыста, қарбалас дейді. Шешем маған күндіз-түні қарайды, шаршады. Әке, сенің бізді бағу үшін қиналып жұмыс істеп жүргеніңді білем. Егер мені көруге қолың тимесе, тым болмаса телефонда мені сүйіп қойшы. Бетімнен, көзімнен, құлағымнан…

Мен оның бетінен, көзінен, құлағынан шөпілдетіп сүйе бастадым. Сүйіп жатырмын деп айтып жатырмын.

– Рақмет… әке… мен қатты… қ-қ-қуандым…бақ-қ-ыт-тымын… Үзіліп-үзіліп айтылған сөзден кейін телефон үзіліп кетті. Бір сағат өтер-өтпестен кейін әлгі номерден қайта телефон келді. Бұл жолы кішкентай қыз емес, үлкен адам, баланың анасы сияқты.

– Кешіріңіз, мырза! Осы біраз күннен бері сізді қатты әуреге салдық. Шынымен, сізден кешірім өтінемін. Балам туғаннан бақытсыз, ақ қан ауруына душар болды. Әкесі жақында ғана жол апатынан қайтыс болған. Бұл қаралы хабарды оған айтуға дәтім бармады. Өйткені, оның жалғыз үміті әкесі еді, әкесі оны қатты жақсы көретін және оған көп ақыл айтып, үнемі жігерлендіріп, өмірін осы күнге дейін жалғастырып келген. Әкесі жоқ болғаннан кейін ол үлкен азап ішінде қалды. Ақыры қызымның зарына шыдамай оған номерлерді бей-берекет жазып-жазып, осы әкеңнің номері деп беріп ем. Бірақ, жалғанып кетеді-ау, біреулердің мазасын алам-ау деген ойымда болмапты. Үні бәсең тартып, өксіп жылағаны білініп тұр. Уһілеген күрсінісінен оның ауыр қалде тұрғанын ішім сезді. – Қызыңыз тәуір ме? – деп сұрадым мен.

– Ол кетті. Мені жалғыз тастап әкесінің жанына кетті… Сіз оны телефонда сүйіп болғаннан кейін «әкесінің» дауысын естіген телефон тұтқасын қатты қысып, күлімсіреген күйі аттанып кетті… Жүрегім езіліп кетті. Не айтарымды білмедім…

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.