Бас тақырып

Атаулы әлеуметтік көмек кімге бұйырады?

Халықтың әлеуметтік мәселелерін қаузаған «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі – көпшіліктің қызу талқысында. Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысының көпбалалы отбасындағы әр бала үшін белгілеген атаулы әлеуметтік көмектің көлемін 21 мың теңгеге жеткізу туралы тапсырмасы. Мәселені тарқатып көрелік…

ҚАЗІР мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ынан төмен отбасыларға (азаматтарға) ұсынылады. Ол шартты және шартсыз ақшалай көмек болып бөлінеді.

Айгерім БЕКІШЕВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмек және әлеуметтік нормативтер бөлімінің басшысы:

– Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларына (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардың жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына қатысуы талап етілмейді. Бұл топтағы отбасылар өздерінің мәртебесін тоқсан сайын растап отырулары керек.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісім-шарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.  Бұл отбасылар жарты жылда бір рет өздерінің мәртебелерін растауы тиіс.

 2019 жылдың І тоқсанында Қарағанды облысындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге. Оның жартысы, яғни, 14 849 – кедейлік шегі. Ол – бір адамға шаққандағы табыстың минималды шекті өлшемі әрі атаулы әлеуметтік көмек көлемін анықтаудың критериі. Оның көлемі әр облыста бекітілген кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмашылығы ретінде төленеді. Мәселен, төрт балалы отбасы – әкесі ғана жұмыс істейді, анасы үйде. Әкесінің еңбекақысы 70 мың теңге деп алайық. Оған көпбалалы отбасыларға балалары 18 жасқа толғанша берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны – 10 504 теңгені қосыңыз.

Отбасының жалпы табысы – 80504 теңге. Жалпы табысты отбасы мүшелеріне бөлгенде (берілген мысалда 6 адам) 13 417 теңге шығады. Яғни, бұл отбасының табысы кедейлік шегінен төмен. Олар атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Бүгінгі таңда мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекті 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) алады.

 Атаулы әлеуметтік көмек ақшалай төлемді ғана емес, жұмыспен қамтуды да көздейді. Шартты көмек алатын отбасы мүшелері қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына, ал ауылдық жерлерде сол жердің әкімдігіне бару қажет. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты, оралмандар үшін оралман куәлігі, қосалқы шаруашылығы туралы мәлімет, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу бойынша уәкілетті органда банк шоты нөмірінің болуы, барлық балаға туу (қайтыс болу) туралы куәлік, некеге тұру (бұзу) туралы куәлік, студент балалары болса, солар үшін оқу орнынан анықтама болуы шарт. Жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысатын отбасының жұмысқа жарамды мүшелері жұмыс іздеуші ретінде тіркелгені туралы анықтама, бар болса еңбек қызметін растайтын құжат, сондай-ақ, бар болған жағдайда білімі, мамандығы, арнайы білімінің немесе кәсіби даярлықтан өткендігі туралы құжат өткізеді.

ЕНДІ Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсету механизмі өзгереді.

Біріншіден, кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайтын болады. Оның көлемі жоғарыда айтқан 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге артады.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының әр баласына 20 789 теңге көлемінде кепілдендірілген төлем төленеді. Аталған жәрдемақы 18 жасқа дейін, егер балалар жоғары оқу орындарында оқитын болса, 23 жасқа дейін беріледі.

Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға берілетін арнаулы әлеуметтік жәрдемақы (10 504 теңге), «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақы (16 160 теңге), мүгедек балаға берілетін жәрдемақы және шәкіртақы сынды жекелеген жәрдемақылар есепке алынбайды.

 Төртіншіден, әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық үдерістері барынша жеңілдетіледі.

 – Бұл мақсатта Е-халық ақпараттық жүйесі барлық орталық ақтарушы органдардың базасымен толықтырылады деп жоспарланған. Жұмыспен қамту орталықтары мен жергілікті әкімдіктер ақпараттық жүйелерде жоқ құжаттарды ғана талап ететін болады, – деді Айгерім Бекішева.

Күні кеше ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аталған көмектің осы жылдың 1 шілдесінен бастап төленетінін мәлімдеді.

Бұл өзгерістер нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатын отбасылардың саны айтарлықтай артады. Биыл 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала атаулы әлеуметтік көмек алады деп күтілуде.

 – Олардың саны біздің облыста да артады деп отырмыз. Биылғы жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша 792 отбасыға, яғни, 3322 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның 2217-сі 18 жасқа толмаған балалар. Айта кету керек, бұл көмектің 70 пайызын балалар алады, – деді Айгерім Бекішева.

Айгерім Төлеубайқызының айтуынша, жаңа әдіспен есептелетін көмекті 1, 2, 3 балалы аналар да ала алады. Мұнда басты критерий – жиынтық табыстың көрсетілген 20 789 теңгеден асып кетпеуі. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты – әлеуметтік келісім-шарт және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы өзгеріссіз қалды.

Нақтылай кететін бір жайт, 1 шілдеге дейін тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 14 849 теңге бойынша есептеледі. Оның айырмашылығы төленбейді.

 Оқырмандарға әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі ақпараттардың шынайылығына назар аударуды ескертеді мамандар. Мәселені нақтылап алу үшін жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына баруды ұсынады.

 Жалпы, мемлекет қазынасының басым бөлігі, яғни, 45 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді екен. Алдағы үш жылда қаржы көлемі 49 пайызға дейін артпақ. Енді Елбасы тапсырмасынан кейін жан-жақты қолдау жандана түседі деп сенеміз.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button