Руханият

Атаның сөзі – аманат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп атап көрсетті. Олай болса, ел бірлігі мен тірлігінің тұтастығына шама-шарқынша ат салысқан қайраткерлердің кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған мұраларын жарыққа шығару маңызды міндеттердің бірі болмақ.

Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында ұлт тәуелсіздігіне айрықша мән берген тұлғалардың бірі – Ахметжан болыс. Көне көз, кәрі құлақты қариялардан «Ахметжан туралы не айта аласыз?» деп сұрағанда: «Би Ахметжан ба?», «Болыс Ахметжан ба?», «Ахметжан шешен бе?» деп нақтылай бастайды. Адамның ел алдындағы беделін, құрметін айқындайтын осы сөздердің барлығы бір ғана тұлғаға – Талпақтың Ахметжанына бағытталып тұр.

Қазақ халқының танымал қайраткеТалпақтың Ахметжаны туралы әңгімелерді, шешендік сөздерін Сағынбай, Бабажан, Ілияс тәрізді қариялардан естіген едік. Олардың арасында Ахаңды көзімен көргендер де бар. Мәселен, ол кісіні алғашқы көруін Әбдудің Ілиясы былайша әңгімелейді:

«1918 жылдың күзі болатын. Әкемнің қайтыс болғанына төрт жылдан асқан еді. Шешемнің айтуымен жас та болсам, малға қарап, ағайындармен бірлесіп бағымға жіберетінмін. Заман талабына орай мал басын азайтып, елуден астам жылқы он шақты сиыр, жүзге тарта қой қалдырған едік. Күздің бір айының ішінде үш рет барымталап жылқының жартысынан көбін алып кетті. Кімдер екенін біле алмай дал болдым. Жасы үлкен ағайындармен ақылдастым. Бір жанашыр:

  • Әй, Ілияс, сен өзің біле де, таба да алмайсың. Осы өңірде жақсылығы жаннан асқан, қиналғандарға қол ұшын беретін, ел ішінің жағдайын толық білетін бір ғана адам бар. Ол – Талпақтың Ахметжаны. Саған бір көмектессе сол ғана көмек жасайды. Бірақ, ол кісі алдына барған адамды сынайды. Өтсең қуана бер, өтпесең бір дәм ішесің де қайтасың, реніш болмайды, – деді. Сонымен, немере ағам екеуіміз бармаққа бел буып, бірге аттандық.

Күн шыға аттанған біз түс ауа қажы атаның ауылына келіп, би ағаның көрші үйіне түстік. Жағдайымызды айтқаннан кейін, үй иесі би ағаға барып, қабылдайтынын айтып келді. Сәлден кейін сәлем беріп, табылдырықтан аттадым. Аққұба өңді, ат жақты, бойшаң адам екен. Үстінде оқаланған шапан, басында тақия. Сәлемімді алған бетте:

  • Қай баласың? – деді.
  • – Әбдудің баласымын, атым Ілияс, – дедім.
  • Е, Әбдуден бір жетім қалды деп естуші едім, маған келгендегі мақсатың не? – деді.

Алдында ауылдан шыққанда үлкендердің айтқанын әбден ұғып алған мен, ойлана отырып, сұрақ тарға абайлай жауап бердім.

  • Би аға, келген мақсатым сізге сәлем беру! – дедім.– Мақсатыңа көңілім толды, тауып сөйледің, енді тілегіңді айт!– Тілегім сол, сізден көмек сұрай келдім. Би ағаның мақтағанына көңілім көтеріліп, еркін сөйлей бастадым.– Көмегіңе қол ұшын берейін, шаруаңды айт!– Менің жетімдігімді басынып, малымды ұрлап алды, соны таптыруға жәрдем етсеңіз!– Ұры мықты болса жылқы ұрлайды, күпті болса сиыр ұрлайды, қартайғанда қой ұрлайды, жантайғанда астындағы көпшігін ұрлайды, не жоғалттың? – деді.

    – Жылқы – деп жауап бердім. – Жарайды, таптырамын, ертең кешке дейін еліңе жеткізеді, ал өзің әкең Әбдудің сыбағасын жеп қайт! – деді де, сырттан кіріп келген бір жігітке

    – Мына Әбдудің ұлына бір жауыр атты жетегіне байлаңдар, – деп маған сынай қарады. Би ағаның көзқарасын түсінген мен, бірден жауап қаттым:

    – Би ағаның қолынан алған жауыр ат, жай адамнан алған тұлпардан көш ілгері емес пе? – дедім.

    – Бала болсаң да байыпты сөйлеуді үйреніп қылған екенсің, адамды семіртетін – көңіл, ширататын – өмір ғой, алдыңнан жарылқасын,– деп ризашылығын білдірді. Сол сәтте әлгі жігіт есікті ашып:

    – Би аға, бізде жауыр ат жоқ екен, не істеймін? – деді. Би ағаң қынжыла жауап қатты.

    – Осы күнгі жастар сөз астарын түсінбейтін болып барады. Нұрлан деген болыс таз адамды кемсіткенде Жұмыр деген шешен: «Болысеке! Ит жақсысы тазы болады, ет жақсысы қазы болады, жер жақсысы саз болады, мезгіл жақсысы жаз болады, құс жақсысы қаз болады, адам жақсысы таз болады» деген еді, менің «жауыр ат» дегенім әбден бапталған тәуір ат дегенім емес пе? Дұрысын беріңдер! – деді. Би аға мені бала деп олқысынбай барған шаруамды тындырып қайтарды».

Енді осы әңгіменің мазмұнына назар салып көрелік. Ұлттың болмыс-бітімін танытатын бір ерекше белгі – дәстүр. Әңгімеде айрықша назарға түсетіні – баланың қабілетін аңдау үшін, бағытын байқау үшін арнайы сыннан өткізу дәстүрі. Олай болса, Талпақтың Ахметжаны алдына келген жасты сынау арқылы қалыпты дәстүрдің дамуына, сабақтасуына өзінің үлесін қосып отыр. Әңгімедегі екінші мәселе – шешендік. Және ол жай ғана шешендік емес, философиялық шешендік. Үшіншіден, халықтың шешенді өте қадірлеп, сыйлайтындығы. Оны Ахаң да жақсы білді. Сондықтан «Жоғың ертең түске дейін табылады» деп сенімділікпен айтуы осыған байланысты.

Жақсысын жанындай жақсы көрген қазақ халқы әр кез Талпақтың Ахметжанына құрметпен қараған. Еңбегін бағалай білген. Нәтижесінде ол кісі Әлтеке, Сарым, Кернейге болыс та болады.

1915 жылдың жазында белгілі ақын Нармамбет Орманбетұлының ұйымдастыруымен кейін ел ішіне аңыз болып тараған үлкен басқосу өткізіледі. Ондағы негізгі себеп, абақтыдан босап келген атақты Мәди ақынды шақырып, қонақ ету болатын. Алдын ала елдің иігі жақсылары да жиылыпты. Олардың арасында Адамбай – Тұрсынның Топатайы, Тобықты Ақсақалдау Тілеш бай, Әлтеке Қосыбай шешен, Сарым – Байдәулет Талпақтың Ахметжаны тәрізді сыйлы тұлғалар да болыпты. Мәди келерден бірер күн бұрын үлкен дәмде бас қосқанда Нарекең:

  • Иісі Орта Жүзге би болып, кейінгіге саналы сөзі қалған Қазыбек бабаның аруағы риза болсын деп ұрпағы Мәди ақынды шақыртып отырмын. Ақсораңның бауырына үй тіккіздім, он ту бие мен он құлын сойғыздым, алты саба қымыз дайындаттым. Ауыл жігіттеріне айтып, балуан күрес ұйымдастыртам. Қандай ойларыңыз бар? – деп сауал тастайды.

Тілеш бай тұрып:

Мәди келген күні, өзінен бата сұрап бір ақбоз атты құрмалдыққа шалайық, ол менің мойынымда болсын! – дейді.

Топатай:

– Бір, саба саумалды сары уыз күйінде сақтап сусын ретінде беріп отырайық, ол менің міндетімде болсын! – депті.

Қосыбай шешен:

– Серіні сергітер бір амал, әнші – домбырашылардың өнері, оған мен жауапты болайын! – дейді.

Сонда Талпақтың Ахметжаны:

– Әншіні ширататын саз емес пе? Аңшыны ширататын тазы емес пе? Балуанды ширататын күрес, Батырды ширататын сайыс, Шешенді ширататын сөз, Ақынды ширататын айтыс, Ел ішіндегі ақындардың басын қосып, айтысты өткізу менің мойынымда болсын? – депті.

Содан Әбіш, Түсетай, Жуаспай, Бабас тәрізді ақындар келіп айтысты ұйымдастырып оған Мәдидің өзі де арласып, тамаша ақындар сайысы өтеді. Сол айтыста біраз ел адамдарының аттары да айтылған.

Мәселен: Қапастан ұштың босап бұлбұл құсым, Мақпазда әр не болса жазу үшін. Арғымақ аса шауып, торға түстің, Көтермей ағайынның қайрат-күшін, деп Әбіш жырлағанда Мәдидің абақтыдан енді ғана босап шыққанын аңғартады. Әбен мен Топатайға сәлем жаздым, Қараңыз серпініне өнерпаздың. Надан деп қарға қылып қарқылдатып, Мырзалар несін алдым кәрі таздың, деген өлең жолдары айтылды. Нарекеңнен табылған сөздің нәрі, Таниды Нарекеңді жұрттың бәрі. Абайша тақпақтатып жөнелгенде, Кеудеңе орнағады әсем сазы. Исламда біз де кенде қалғанбыз жоқ, Елімнен Меке барған Талпақ қажы, деп Ахаңның әкесінің де елге сыйлы тұлға болғандығын аңғартады.

Әрине, діни танымдық деңгейі жоғары болған әрі сауатты, әрі сындарлы Талпақ қажы, баласы Ахметжанды оқытпауы мүмкін емес еді. Дін оқуының төрт сатысын екі жылда толық тәмамдап шыққан бала Ахметжан өзінің тапқырлығымен, шешендігімен таныла бастайды. Ел ішінде жүрген бір әңгімеде түнемелікте алтыбақанда бас қосқан қыз-бозбалалардың арасында екі жігіт дауласып қалып, соңы төбелеске ұласатын жағдайға жетеді. Екі жарылып алған жастар «Сен мықтысың, сен мықтысың!» деген желеумен жігіттерді жұдырықтасуға апарады. Сонда Ахметжан:

– Адамның қолы жұмса – жұдырық, ашса – алақан! Жұдырық – ашудікі, алақан –сабырдікі, ашудың өзегі – әлсіздік, ақылдың өзегі – мықтылық, ал қайсысың мықтысыңдар, көрейік! – деп тұтанғалы тұрған төбелесті тоқтатыпты.

Ата – балаға сыншы. Ахметжанның тілге шебер, сөзге шешен, әрі әділ болып өсіп келе жатқандығын аңдаған Талпақ қажы оны ел билеу ісіне бейімдейді. Табын Бабажан деген қарияның айтуына қарағанда, алғашқыда Әлтеке-Сарым, кейіннен Нұра болысына болыс болған Орынбай деген кісі Ахметжанға бата берген екен:

Жәкемдей шешен бол,
Әкеңдей көсем бол,
Ақ патшаның жарғысын ал,
Көптің алғысын ал,
Ақылың ауыр, ісің тәуір
болсын!

Сонымен, Талпақ қажының Ахметжаны мұрағат құжаттарында көрсетілгендей жалған жала мен 1918 жылы 24 мамырда болыстықтан алынса, 1931 жылы көтерілісті ұйымдастырушы деп жазықсыз айыпталып, атылады.

Талпақтың Ахметжанының ел ішінде ең күрделі ауқымды деген істерге араласып отырғандығын осы айтылған әңгімеден толық байқаймыз. Ал мұндай шараларға қысу үшін, ол көптің қалаулысы болуы керек. Ахаң сондай деңгейден көріне білген тұлға.

М.ӘБДУОВ,

ҚарМУ-дың филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button