«Атадан қалған ақбоз үй»

Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту  ісі тарихы музейінің ағартушылық бағыттағы бастамалары ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды қастер тұтуға үндеуімен ерекшеленеді. Жақында мектеп оқушыларының қатысуымен өткізілген «Атадан қалған ақбоз үй» тақырыбындағы этнографиялық сабақ осы тұжырымның жарқын бір көрінісіне айналды.

Тағылымдық мазмұны таңдай қақтыратын сабақ қарсаңында ашық аспан астында көшпелі ел мәдениетінің жемісі, ғажайып қолөнер туындысы – алты қанат ақбоз үй тігіліп, оқушыларға этнографиялық қордың жәдігерлері таныстырылды. Балалардың бабалар мұрасының баға жетпес құндылығын жете бағамдауы үшін киіз үйдің әр бөлшегінің жасалу жолы, ішіндегі әр бұйымның атқаратын міндеті, мәні мен мағынасы жете түсіндірілді.
– Биыл музейде дәстүрлі «Алтын тамыр» этнографиялық айлығы шеңберінде «Алтын сақа» зияткерлік сайысы өтті. Сайыс барысында балаларға киіз үйдің оң және сол жақ босағасында орналастырылатын жиһаздарды өз қолдарымен жасау аса қызықты болды. Басты ақпараттар ақ қағазға жазылып, тиісті орындарға бекітіліп қойылды. Оқушылар онымен танысқан соң тиісті жәдігерді тауып, музей маманының  көмегімен өз орнына қойды. Олар аяққап пен қоржынның өзара айырмашылығын нақты қолданыс үстінде пайымдады. Бабалар баспанасына қатысты таным өресін тереңдетуге ықыласты балдырғандар алаша жолақтарын тоқу қондырғысын ісмерлер өздері қолдан жасағанын естігенде таңданысын жасырмады. Алайда, ақ кимешекті көмкерген зер мен оның алуан түрлі тастан түзілген моншақтарының сипаттамасын, әбдірені қаптаған бұзау терісіне салынған ою-өрнекті түсіру әдісін, торсық пен месті жасау тәсілдерін, басқа да көптеген жайттарды бір сабақтың үстінде егжей-тегжейлі әңгімелеп шығу, тәжірибе түрінде көрсетіп үлгеру, әсте, мүмкін емес. Сол себепті, этнографиялық сипаттағы сабақтарды жүйелі негізде жүргізіп келеміз. Бұл үрдіс әлі де жалғаса беретін болады, – дейді музейдің ғылыми-зерттеулер, көрме-экспозиция және көпшілік экскурсия бөлімінің жетекшісі Үрзия Қапарова.
Ел аумағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үздіксіз атқарылып жатқан, өзінің маңызды тұрпатымен ерекшеленетін іргелі істердің мол екендігі, әрине, күмән тудырмайды. Десек те, солардың дені ұлтымыздың ұмыт бола бастаған ұстанымдары мен тәлімі терең тұрмыс ахуалын, даналығы дара ата-бабаларымыздың әр дүние мен құбылысқа қатысты дала философиясынан бастау алатын көзқарасын тамырынан тарта ашып көрсетуге қауқарсыз десек, еш қателеспейміз.
Дәл осы тұрғыдан алып қарастырғанда Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі басшылығы мен ізденімпаз ұжымының ізгі ниеттен өрбитін көңілге қонымды шаруаларына еріксіз тәнті боласыз.

Талпыныстары – тағылымды, жоспарлары – жүйелі, істері – ілкімді. Өткен шақты зерде сүзгісінен өткеріп, оның бүгінгі күнмен ажырағысыз болмыста байланысы бар екендігін  пайымдау, көне мен жаңаны өзара жымдастыра қабыстыру, сол арқылы жас ұрпақтың санасына салиқалы өнеге сіңіру – жеңілге түсе қояр әрекет емес…
Бағалы бастаманы қолға алып, оны батыл қадамдары арқылы ілгері бастыруға мүдделілік танытқан музей қызметкерлеріне сәттілік һәм толайым табыс тіледік, ендеше.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

ҰЛЫТАУ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.