Ақтоғай

Ата кәсіп – ел тірегі

   Қыс қаһарына мінген шақ. Ақ көрпеге оранған тау мен дала сиқырлы дүниені көз алдыңа елестетеді. Жыл қорытындыланып, атқарған шаруалар ортаға салынып, сарапталып, жаңа межелер белгіленіп жатқанда Аяз-ата Ақтоғай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Көмірбайұлы Жаңабергеновке тосыннан бірнеше сауалдар тастады.

   Жасыл шыршаның маңына Ақша қарды қызықтаған жастардың да көңілі шат. Үлкендер болса Аяз атадан жүрекжарды ізгілік тілеп, батасын алып қалуға құштарлық танытады.

Ау, Нұрлан балам, қызметке жаңадан келген екенсің, сәттілік ті­лей­мін. Мына далиған далада мал өсіріп, егін орып, сән салтанатпен өмір кешу қандай ғанибет. Айтпақшы, ауыл шаруашылығын қалай дамытып жатырсыңдар? Халықтың күнкөрісі малды өз төлі есебінен өсіріп, нәпақа табу ғой. Толға балам?

Ассалаумағалейкум, Аяз ата, Ақтоғай жеріне қош келдіңіз. Тілегіңізге көп рахмет. Қазақтың қай жері болса да киелі ғой. Дегенмен, ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерді мысыр-шаһарға балаймыз. Тәуелсіз елдің даму қарқыны ақтоғайлықтарға да келіп жеткен. Соның ішінде агронеркәсіп кешенін бірыңғай өркендетуге, дамытуға бетбұрыс жасап отырмыз. Дұрыс айтасыз, Ақтоғайдың күнкөрісі мал өсіру, семірту, өз төлі арқылы өсіру. Бұл ретте 6 жауапкершілігі шек­теулі серіктестік, 681 шаруа қожалы­ғы, 5 ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативі жұмыс жасайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі біршама көбейді. Соның басым бөлігі мал шаруашылығының еншісінде. Кешенді шаруалардың қолға алынуы мал өсіргісі келгендердің оң жамбасына ыңғайлы болып тұр. Нақтылай айтсақ, аудан көлемінде 100 мыңнан аса қой мен ешкі, 20 мың жылқы, 46 мың ірі қара бар. Жекелеген тұрғындар құс өсіруді біраздан бері тәжірибеге айналдырып келеді. Өнім өндіру көңіл қуантады. Мәселен, тоғыз айдың ішінде 5352,3 тонна ет өндірілді. Сүт өндіру, жұмыртқа тапсыру бұрнағы жылдарға қарағанда артты.

«Баптай білсе, жер – жомарт» деген. Егістік алқаптарды заман талабына сай өңдеу, құнарлылығын арттыру келешектің ісі. Үстіміздегі жылы бидай алқабының әр гектарынан 7 центнер, арпа егістігінің әр гектарынан 12 центнерден өнім алдық, жаман көрсеткіш емес. Картоп жинаудың гектар берекесі ұлғайды. Ауылдық жерде көкөністің, бау-бақшаның көлемін ұлғайту әр тұрғынның қызығушылығын арттырды. Мына мәселені айта кетейік, осынша ырзықты жинап алу үшін күзгі науқанға 10 комбайн, 15 жүк көлігі, 40-қа тарта адам жұмылдырылды. Диқандардың күздің әрбір ашық күнін тиімді пайдаланып, жерден өнген ырзықты ысырапсыз жинап алуға күш мүмкіндікті жұмсағанын айта кету ләзім. Мемлекет қамқорлығына рахмет. Күзгі жиын-терінге арнап жеңілдікпен жанар-жағармай бөлді. Сондай-ақ, ауданымыздағы төрт шаруашылыққа мемлекет тарапынан сапалы тұқым берілді. Жанар-жағармай құнын арзандатуға байланысты екі шаруашылық 1,5 млн. теңге субсидия алды.

Осыдан үш жыл бұрын «Ақтоғай мал өнімдері» ЖШС, «Қуандық», «Кежек» шаруа қожалығы ұжымы көп жылдық шөптің тұқымын сіңірсе, биыл сол алқаптардан сапалы мал азығын дайындап алды. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасады.

Нұрлан қарағым, мал бордақылау, өндірістік кооператив құру, ет экспорттау түпкілікті нәтижеге жеткізеді деген қуанышты хабар естіп келемін, соны тарата айтып берші.

Оныңыз рас, Ата, ауылдық жерде тұрғындарды жұмыспен қамту, соның нәтижесінде кәсіпкерлікті дамыту өз нәтижесін беріп отыр. Аудан көлемінде кооперативке біріккен ұжымдар баршылық. Мәселен, Шабанбай би, Сарытерек, Қарабұлақ ауылдарында өндірістік кооператив құрылып, несие алып, бірлесіп мал өсіруді қолға алды. Соның ішінде «Береке» бағдарламасы арқылы біраз шаруаны тындыруға ниет бар. Ауыл шаруашылығының өндірістік кооператив мүшелері мал өсіруге қолайлы жаңа серпіннің ізденісі қажет екенін түсінді. Соған орай кооперативке бірігуде. Мал семіртетін орын, қора-жай салынуда. Келешекте 88 отбасылық мал бордақылау алаңын салу жоспарда бар. Мұнымен қоса сүт қабылдайтын, мал соятын орындар дайындау күн тәртібінде тұр. Мал азығын өңдейтін жемазық цехы, 1 рефрижераторға қаржы қарастырылған.

Дау жоқ, ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасы біртіндеп жүзеге асыруды қажет етеді. Мұнда да іскерлік керек. Ауданымыз­дағы «К-Мадияр», «Тәттібек», «Айсәуле», «Әлішер» шаруа қожалықтары етті ірі қара өсіріп, бордақылап, өнімді экспорттауға қазірдің өзінде дайын отыр. Ел ішінде «асыл тұқымнан – артық өнім» деген қағида бар ғой. Шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал өсіруге біріңғай бетбұрыс жасап келеді.

Ауыл шаруашылығын несиелендіру – уақыт талабы. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығын несиелендіру әлдеқашан қолға алынды, нәтиже жаман емес.Қайтарылымы жеңілдетілген пайызға негізделген несие жұртшылықтың көңілінен шығып отыр. Осының ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға әжептеуір мүмкіндік туды.Тағы бір айта кететін жетістік, ауыл шаруашылығы техникасын лизинг, немесе өз қаражаттары есебінен алуға жол ашылды. Жайылымды суландыру, қожалыққа электр жүйесін тарту, жеңілдікпен күн сәулесі энергиясы қондырғыларын орнату жүзеге асырылуда. Мұнымен қоса ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бизнес жоспар жасалып, тиісті жерге өткізілді. Келешекте аудан бойынша 5 инвест-жоба жүзеге асырылады. Қазір аудан орталығына Ресейден сүт салқындатқыш қондырғысы әкелінді, жер бөлінді, құрылыс жұмысы жүргізіледі.

Оу, Нұрлан балам, Ақтоғайды әнші ауыл деуші еді, сонымен қоса жаңа заман талабына сай ауылдық жерді өркендетуге де жете көңіл бөліне бастаған екен. Қазақ дегеніміз ауыл емес пе? Ауылды өркендетуге қатысты кешенді шаралардың ешқайсынан тартынбау керек. Ұлттық құндылықтарымыздың басым бөлігі ауыл топырағынан шығады. «Ауыл – алтын бесік» деп тегін айтылмаған ғой.

Істеріңе сәттілік тілеймін, жаңа жылда ауылды өркендетуге жаңа меже белгілеп, соны абыроймен ор­ындап шығуға нәсіп етсін!

Айтқаныңыз келсін, Аяз ата, тілегіңіз қабыл болсын! Алтын бесік ауылымызды өркендетуге, көсегесін көгертуге, рухани жаңғыруды жүзеге асыруда, мал шаруашылығын көтеруге бұдан да әрі батыл кірісіп, кең көлемдегі игілікті істерді қолға алатын боламыз.

Аяз атаның қолбаласы болған газеттің тілшісі

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Суретте: Ақтоғай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Жаңабергенов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button