Жаңалықтар

Атқарылған істер – ауқымды

          Сәрсенбі күні қалалық әкімдікте облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВТІҢ 2017 жылы атқарылған жұмыстар мен 2018 жылға жоспары туралы халықпен есептік кездесуі өтті.

Айта кету керек, шаһар басшысының мұндай есеп беруі дүйсенбі күні Октябръ ауданындағы «Молодежный» мәдениет үйінде де өткен болатын. Қос кездесу барысында да халық пікірін, ескертулері мен ұсыныстарын жинау үшін арнайы жәшіктер орнатылып, «жедел желі» телефоны жұмыс жасады.

Облыс орталығында атқарылып жатқан шаралар қала тұрғындарын бей-жай қалдырмасы белгілі. Бұл ретте, қалалық әкімдікке жиналған халық қарасы да көп болғаны айтпаса да белгілі жайт.

Ел аумағындағы барлық атқарушы органдардың жұмысы тәрізді қаламыздағы атқарушы органдарының қызметі де өткен жылы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын және Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын  жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы мен Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы да ескерусіз қалмады. Сондай-ақ, өткен жылы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бастау алғаны белгілі. Өз кезегінде, бағдарлама – саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, оның түп өзегі ретінде көлемді қайта құру шараларын көздейтіні мәлім. Сондықтан, стратегиялық бағдарламалық құжаттарды іске асыру, түрлі халықаралық және мерейтойлық шараларды өткізу аясында облысымыздың индустриялды-инновациялық және мәдени орталығы ретінде Қарағанды қаласы да өз үлесін қосуда.

Қазіргі күні қала аумағында 501,3 мыңнан астам адам тұрады. Бұл – облыс тұрғындарының 36,3%-ы деген сөз. Осыған орай, әлеуметтік бағдарланған экономикаға және қала тұрғындарының экономикалық әл-ауқатына баса назар аударылатыны аян. Мәселен, қала бюджетінің жеке кірісі 2016 жылмен салыстырғанда 17,2%-ға артып, ол бірінші кезекте әлеуметтік саланы жаңғыртуға және қала тіршілігін сапалы қамтамасыз етуге бағытталды.

– Ұзақ мерзімді нақты әлеуметтік басымдылықтарды құрастырып, халықты әлеуметтік қолдау және өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Күнкөріс минимумы 10,5% жоғарылады. Сонымен қатар, жалпы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыру арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша міндеттерді жүйелі және деңгейлі шешу экономика өсуінің тұрақты екпінін сақтауға және қаланың экономикалық өсу орталығы ретінде қалыптасуына ықпал етті, – деді Нұрлан Әубәкіров.

2017 жылы қала экономикасының нақты секторы қарқынды дамыды деуге болады. Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, шаһарымызда 40 мың тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған 1289 кәсіпорын қызмет атқаруда. Ал, шағын және орта бизнес көрсеткіштерін қамтамасыз ету мақсатында қала кәсіпорындарын «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау бойынша бірыңғай бағдарлама құралдарымен қамту жұмысы жүйелі түрде жалғасын тапқан. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бастап  қалада жалпы сомасы 96 млрд. теңгені құрайтын 576 жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, 6,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болып, бюджетке төленетін салық және басқа да төлемдер көлемі өсті. Соның ішінде, өткен жылы аталған бағдарлама аясында құны 22,8 млрд. теңгені құраған 101 жоба мақұлданып, жаңадан 1380 жаңа жұмыс орны құрылған екен. Мұнымен бірге, 2017 жылы ауыл шаруашылығы көрсеткіштері өсуінің оң қарқыны сақталды. Жалпы, өнім көлемі 8,6 млрд. теңге немесе 2016 жылмен салыстырғанда 115%-ға жеткен. Соның ішінде өсімдік шаруашылығының көлемі – 7,5 млрд. теңгені, мал шаруашылығының көлемі – 1,1 млрд. теңгені құрады.

Мемлекет саясатының басты мақсаттарының бірі – халықтың материалдық әл-ауқатын арттыру екені белгілі. Оның маңызды, әрі ажырамайтын құрамы ретінде халықты әлеуметтік қорғау мәселелері саналады. Өткен жылы ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедек балалар, үйде оқытылатын балалар сынды қаланың барлық мұқтаж азаматтары әлеуметтік қолдаумен қамтылды. Жалпы, 2017 жылы қаланың 100325 азаматына 2,4 млрд. теңге сомасына төлемдер жүргізіліп, әлеуметтік қызметтер мен көмек көрсетілді. Өз кезегінде, көмек алушылар саны орта есеппен 23%-ға көбейген екен.

Қала басшысы 2017 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі де айтарлықтай ұлғайғанын тілге тиек етті. Сөйтіп, қаламызда жаңадан 19 жекеменшік балабақша ашылды. Өткен жылғы 1 маусымнан бастап жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмі қайта қаралды. Ол – мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың тәрбиелену төлемін теңестіруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша жекеменшік балабақшаларда 2459 жаңа орын пайда болып, 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі ұйымдардағы кезегін қысқартуға мүмкіндік жасалды. Биыл 6 жекеменшік балабақшада 1000-нан аса орын құру көзделіп, 23 шағын аудандағы мемлекеттік балабақшаны қайта құру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Нұрлан Әубәкіров денсаулық сақтау саласын, спортты, мәдениет және тілдерді дамыту мәселелеріне тоқталып, ішкі саясат пен жастар саясаты жұмысын, қоғамдық қауіпсіздік, аумақтарды санитарлық тазарту және абаттандыру, жарықтандыру мәселесін тілге тиек етті.  Көлік инфрақұрылымын дамыту мен жолаушылар тасымалы және жол қозғалысының қауіпсіздігі де айтылмай қалмады. Тұрғын үй шаруашылығын дамыту мен тұрғын үй құрылысы, коммуналдық шаруашылықты дамыту, жерге орналастыру және сәулет мәселелері де қала басшысының есебіне енді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарға қарсы күрес туралы да жекелей мағлұмат берілді. Сонымен қатар, азаматтардың өтініштері мен өткен кездесулер барысында халықтан келіп түскен ұсыныстарды, ескертулерді іске асыру бойынша атқарылған шаралар туралы да сөз болды.

Кездесу соңында қала тұрғындары көкейтесті сауалдарын жолдап, талап-тілектер алдағы уақытта өз шешімін табады деп келісті.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button