Ғасыр жүгін арқалаған басылым

Әшейінде мерейтой десе, сауықшылдығымызға ырық беріп алатынымыз бар ғой. Бұл жолы олай болмады. Жаңаарқа аудандық «Жаңаарқа» газетінің 80 жылдық мерейтойын айтамын. Мерейтойлық бағдарлама таңертең басталып, қас қарая саябырлады. Шаршаған жоқпыз. Керісінше, рухтанып, сергек жүрдік. Сонымен…

Салиқалы салтанат

Байырғы басылымның 80 жылдығына арналған салтанатты шара ауданның Мәдениет үйінде басталды. Жиылған жұрт – мәре-сәре. Ардагер журналистерді ортаға алып, құрмет көрсетіп жатқан редакцияның бүгінгі құрамы. Басылым тарихынан сыр шертер көрікті көрме. Қауышу. Бір шеті Қарқаралыдан, бір шеті Ұлытаудан келген қонақтарды қарсы алып жатыр. Иә, Қарқаралыдан Рымбек Смағұлов, Ұлытаудан Елтынды Дүйсенбеков, Шет ауданынан Мейрам Сәдуақасов, Жезқазғаннан Дархан Мұқантегі, Сәтбаевтан Абдолла Дастанов, Ақтоғайдан Гүлнар Елеусізова, Абайдан Гүлнұр Оңалысқызы келіпті.

Осы басылымда тырнақалды дүниелері жарияланып, «Жаңаарқа» газетінде қызмет еткен Бұқпа Әшімов, Асан Жұмаділдин, Қалиакпар Әбілдин, Хамит Жаманов, Сайлаухан Нәкенов, Дүйсенбай Жұмасейітов сынды қабырғалы қаламгерлер батасымен қанаттанған орта буындағы сөз ұстағандардың қарасы қалың. Олар – Болат Асанов, Әйкен Асанова, Бақтыбай Жұмаділдин, Амандық Рахұлы, Ғалым Жайлыбай, Базарбай Әлеуханұлы, Қойлыбай Асанов, Жомарт Оспан, Нұрлан Әбілдин… Осалы жоқ. Болат Асанов – қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкіліне айналған. Әйкен апай – алтын қазығы Иманақтан алысқа ұзамаса да, сыршыл өлеңдерімен мыңдаған жүректерді жаулаған ақын. Асан Жұмаділдин секілді асылдың сынығы Бақтыбай аға – «Қазақтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры. Алаш жырының ардакүреңі атанған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайды таныстырып жатудың өзі артық. Сатира сардарына айналып үлгерген Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының директоры Базарбай Әлеуханұлы да осы «Жаңаарқа» газетінен қанаттанған. Қазақ көсемсөзінің керуенін көшелі дүниелерімен көрікті етіп жүрген Амандық аға, Қойлыбай, Жомарт, Нұрландар ұлт руханиятының «отымен кіріп, күлімен» шығып жүр. Айтып отырмын ғой, орта шенді осалы жоқ. Барлығы да – сөз қадірін өз қадірім деп білген сертке берік серкелер!

Қайран, уақыт! Алаштың Ақселеуі айтқандай, «атқан оқтай, шапқан аттай» жүйткіген уақыт өзінікін алған. Кейбірі шау тартып, енді бірінің самайын қырау шалған. Сырларын жылдар жымқырғанымен, сынынан саяқ кетпегендері көрініп тұр. Тектілікті тұғыр етіп, қалам құдіретін танытқан тарпаңдар! Бірін-бірі шырамыта танып, айқасқан құшақтарды көрудің өзі ғанибет. Газет мерейтойын желеу етіп бастарын қосып, осынша шуақты сәт сыйлағаны үшін аудан әкімі Юржан Бекқожин мен газет редакторы Салтанат Ералинаға алғыс жаудырып жатыр. Барлығы қауқылдаса қауышып, жарқылдаса табысты да, орталарына ардагер журналист, «Жаңаарқа» газетін ұзақ жыл басқарған қаламгер, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Ұзақбай аға Мұқышевті ортаға алып, той төріне беттеп барады. Қандай жарасымды! Тек қана осылардың ортасынан өзімнің рухани әкем, сөз өнеріндегі ұстазым Дүйсенбай Жұмасейітұлын көре алмай, жүрегімді сағыныш кернеп мен тұрдым..

Жылы қауышу әсерінен арылмаған күйі «Ғасыр жүгін арқалаған «Жаңаарқа» атты конференция жұмысына қатыстық. Салиқалы жиынды аудан әкімі Юржан Асанұлы жүргізіп отырды. Өзінің кіріспе сөзінде газет тарихына қысқаша шолу жасаған аудан басшысы кезінде теміржолшылар газеті болып ашылған шағын ғана шамшырақтай басылымның бүгінде үлкен мектепке айналғанын тілге тиек етті. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев ақиқаттың Арқадағы абызына айналған газеттің екі дәуірдегі шежіресін қамтыған толымды баяндама жасады. «Жаңаарқа» газетінің бай мазмұны мен байсалды бағыты, аудан басшыларының «айласына» емес, жазиралы мекеннің айнасына айналған басылымның шыншылдығы туралы келелі әңгіме қозғалды. Баяндамадан кейін меймандар сөз алып, дала дүбіріне үн қосқан дара басылымның дана басылымға айналғандығын қуаттады. «Жаңаарқаның» көрігінде шыңдалып, Алатаудың биігінен Алаш сөзін айтқан Ғалым ақын жырмен шашу шашты.

Ресми жиын соңы мерейтой қарсаңында жарық көрген «Аудан өмірінің айнасы» атты деректі-анықтамалық кітаптың тұсаукесері мен «Ауданның айнасы – «Жаңаарқа», жайнашы!» атты мерекелік концертке ұласты. Республикаға танымал Балтабай Қызыров, Бижамал Нұрғалиева, Жалын Сыздықов бастаған өнер саңлақтары мереке шырайын кіргізіп, Мәдениет үйінің сахнасын асқақ рухтың алаңына айналдырып жіберді. Ең бастысы, концертте тек қана жаңаарқалық ақын-сазгерлердің шығармалары орындалды. Ал, туған жерге жыр арнап, қасиетті өлкенің әнмен тербегендердің барлығының тағдыры – осы «Жаңаарқа» газетімен тамырлас. Осының мәніне терең маңыз берген ұйымдастырушылардың өре-деңгейіне тамсана отырып, концерт тамашаладық.

Кеш соңында мылтықсыз майдан майталмандарын марапаттау рәсімі жасалды. Газеттің әр жылдардағы редакторлары Ұзақбай Мұқышев, Амантай Нығатайұлы, Күлше Оспанова, Күлшетай Түйебаева, Бақтияр Көшмағанбетов, газеттің тұрақты авторлары Болат Асанов, Әйкен Асанова, Бағила Ысқақова, қызметкерлер Жомарт Оспан, Бақыт Сүндетова, Әсел Мұздыбаева, Рахат Айтжанова, Салтанат Ералина, Мөлдір Қасым аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, марапат иелеріне гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Асылдар ардақталған күн

Сөз басында айтқанымдай, мерейтой десе көз алдымызға аста-төк дастарқан, даурықпа дақпырт келе қалатыны жасырын емес. Ал, мына тойдың мазмұны, тәрбиелік мәні, ұрпақтар сабақтастығына маңыз бергендігі керемет ұнады маған. Талай тойды көріп жүрміз. Ас ішіп, аяқ босатудан әріге бара алмай қаламыз. Мазмұнды өтті деген тойдың өзінде «Пәленшенің еңбегі айтылмады», «Түгеншенің аты аталмады» деген өкпе-реніш, дау-дамаймен тарап жататынбыз. Бұл тойда бәрі ескеріліп, осы басылым төңірегінде «бас қатырғанның» барлығының есімі құрметпен аталды.

Түс мезгілінде «Жаңаарқа» газетін ұзақ жыл басқарып, тәуелсіздік жылдарында басылымның түрленіп, ажарлануына сүбелі еңбек сіңірген белгілі айтыс ақыны Дүйсенбай Жұмасейітұлының шаңырағында қаламгер рухына құран бағышталып, ас берілді. Дастарқан басына жиналдық демесеңіз, бұл да – саналы түрде ұйымдастырылған салиқалы шара.

Ал, түстен кейін газет редакциясы мен белгілі қаламгер Асан Жұмаділдиннің және ақберен ақын Қалиакпар Әбілдиннің отбасылары бірігіп ұйымдастырылған әдеби байқаулардың қорытындысы шығарылды. Мәселен, Асан Жұмаділдин атындағы жас қаламгерлер байқауы (проза жанры бойынша) және Қалиакпар Әбілдин атындағы жыр мүшәйрасы жыл басынан жарияланып, байқауға түскен әңгіме-эсселер мен өлеңдер газет бетінде жарық көріп отырған екен. Сонымен, проза байқауы бойынша бірінші орынға «Болашақ» маңызды білім беру колледжінің студенті Аққу Дулатованың шығармасы лайық деп танылды. Екінші, үшінші орындарды Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенті Меруерт Батталова мен Бидайық орта мектебінің оқушысы Әлия Төлеуғали өзара бөлісті. Жас қаламгерлердің жүлдесін жазушының ұлы Бақтыбай Жұмаділдин тапсырды.

Келесі кезекте жыр мүшәйрасының қорытындысы жарияланды. Қалиакпар Әбілдин атындағы жыр додасының бірінші орны Төребай Өміртаевқа лайықталса, екінші, үшінші орындарды тиісінше Құндыз Жәкенова мен Әлия Рышкен иемденді. Жас ақындарға Қалағаңның ұлы, белгілі тележурналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Әбілдин ақ жол тілеп, жүлделерін табыстады.

Мерейтой бағдарламасының шырайлы да, шұрайлы бөлімі Дүйсенбай Жұмасейітовті еске алуға арналған ақындар айтысы болды. Айтыс өнерінің арғымағы, «Жаңаарқа» газетінің тізгінін екі мәрте ұстаған белгілі журналист, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымдарында болып, елағасы атанған марқұм Дүйсенбай Жұмасейітұлының рухына бағышталған жыр додасында қазылар алқасы, жүлде қоры болған жоқ. Айтысқа қатысқан барлық сегіз ақынға Дүйсағаның баласы Самат Жұмасейітов 100 мың теңгеден жүлде тағайындап, бір-бірімен сөз қағыстырып, ақын ағаның өлмес рухын жырға қосқан сегіз ақын да жеңімпаз атанды. Айтыста Шет ауданының жас шайыры Ұланғасыр Қамиев пен жаңаарқалық жас қыран Медет Жаманов, ұлытаулық Ботакөз Мұхиден мен жаңаарқалық Сырым Бейсенбеков, ақтоғайлық Мақсат Аханов пен қарағандылық Тілеген Әділов, бұқаржыраулық Айтбай Жұмағұлов пен қарағандылық Дидар Қамиев өзара жұптасып, салмақты ой, әсерлі әзілмен тамаша айтыс жасады. Дүйсенбайын сағынған ел бір жасап қалды. Көрермендер ортасында отырған ақынның жары Гүлбараш жеңгемізге де лайықты құрмет жасалып, жанарларға жас үйірілген сәтке де куә болдық. Айтыскерлер жоралғысын ақынның бауырлары белгілі кәсіпкер Әбүйірхан Төлеуов, ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алдан Қарабаев, ақынның досы Қаманай Мұздыбаев және туған інісі Жұмабай Жұмасейітов тапсырды. Түс ауа басталған сөз сайысының дүбірі ымырт үйірілгенше дүркіреді. Шектеу қоятын қазылар болмаған соң да, ақындар еркін көсіліп, екпіндете жырлады. Алла қаласа, ақынның шәкірттері Дүйсенбай Жұмасейітов атындағы ақындар айтысын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұратын болып байлам жасады.

Не керек, аудандық газеттің мерейтойы тура осылай мерейімізді тасытып, рухты елдің мейманасын тасытады деп ешкім ойламаған шығар. Сөз құдіреті салтанат құрған, қатысқан жұрт тамсанып, қатыспаған жұрт өкінген деңгейлі шара өтті. Өлгендеріміз тіріліп, тірілеріміз табысқан тамаша күннің куәсі болып, бірбірімізді қимай тарқастық.

             

Ерсін МҰСАБЕК,

«Орталық Қазақстан»

1 thought on “Ғасыр жүгін арқалаған басылым

  1. Иә, өте дұрыс айтасыз. Мерейтой қыздың жиған жүгіндей жинақы да мазмұнды өтті. Бас-аяғы жұмыр болғандығы — тәрбиелі, тағылымды шара деп бағалауға негіз. Мазмұндылығы — журналистердің еңбегін дәріптеп, тұлғалық келбетін асқақтатуында.
    Әсіресе, қазағымның айтысын бастан-аяқ жүргізіп отырған Ерсін ағаның дауыс ырғағы, жүйелілігі, Дүйсекең марқұмның бойындағы жақсы қасиеттерін, өнегелі ғұмырын паш ете отырып, көрермен қауымды өзінің мол ғибратымен баурап алды. Ерсіннің ерен жүйріктері шаба берсін деймін ақ тілеумен.
    Қысқасы, Ерсін ағаның мәуелі мақалалары кең өрісті, өр рухты, терең тамырлы болып келеді. Сондай-ақ, мән-мазмұнымен де қымбат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.